Сауда қай заманмен де бірге жасайды. Құнды металдар, ақша болмаған дәуірде де сауданың айырбастау түрі болды. Яғни, адамдар бір-бірінен мұқтаж затын айырбас арқылы алды. Бұл дәстүрдің жалғасын бүгіннен көруге болады.
Осы сауда, алыс-берісте көпшілігіміздің санамызға қулық пен айлакерлік қатар оралады. Тіпті, «сауда мұраты – ұту» дегенді желеулетіп, не бір құйтұрқылықтарға баратын замандастарымыз аз емес. Ал шын мұсылманның саудасы қандай болуы қажет? Расында, сауда мұраты – тек ұту ма, әлде?.. Көкейдегі сауалдарды нақты деректермен, ислам байламдарымен түйіндесек…
Мұсылманды алдаған – мұсылман емес
Ислам діні адал, таза саудагерлердің бұл өмірдегі адалғы үшін ақыреттік сыйлығы жұмақ екенін сүйіншілейді. Адамзаттың ұстазы Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, турашылдар және шәһидтермен бірге болады» деген.
Ислам сауда жасауда адалдықты талап етіп, таразы мен өлшемде әділ болуды бұйырады. Бұл хақында Құранда:
وَأَقِيمُوا الْوَزْنَ بِالْقِسْطِ وَلَا تُخْسِرُوا الْمِيزَانَ
«Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят) деген жол бар. Мутаффифин сүресінің алғашқы аяттарында да:
وَيْلٌ لِلْمُطَفِّفِينَالَّذِينَ إِذَا اكْتَالُوا عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَوَإِذَا كَالُوهُمْ أَوْ وَزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَأَلَا يَظُنُّ أُولَئِكَ أَنَّهُمْ مَبْعُوثُونَلِيَوْمٍ عَظِيمٍيَوْمَ يَقُومُ النَّاسُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَكَلَّا إِنَّ كِتَابَ الفُجَّارِ لَفِي سِجِّينٍ
«Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да; Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? Ол зор күн үшін; Ол күні адамдар, бүкіл әлемнің Раббының алдында тұрады. Олай емес. Негізінен бұзықтардың дәптері төменгі орында болады» дейді тағы. Демек, сауда-саттықта адалдықты ту еткен дұрыс. Алушысының ақысын жеу – ақырет таңында азап отына күйдіреді.
Бүгінгі таңда базардағы саудагердің көпшілігі таразыдан жеу арқылы құнығып, пайда табуды әдетке айналдырғаны жасырын емес. Тіпті, кейбіреулер үшін үйреншікті жағдайға айналып үлгерген. Алушыны алдағанымен, бүкіл әлемнің Жаратушысын алдау мүмкін емесі ақиқат. Сондықтан бес күндік пайда үшін ақыретті тозаққа айналдырып алмаған жөн.
Осығанбайланысты әділетті Халифа атанған Омардың (р.а) мынандай бір уақиғасын келтіруге болады. Халифа өз кезiнде сүт сатушыларға сүтке су қосып сатуға тыйым салады. Алла алдындағы жауапкершілігін терең сезінген халифа халықтың тыныс-тіршілігін білу үшiн түнде Мәдина қаласын аралайтын еді. Бір түнде көше аралап қатты қалжыраған халифа аз-кем тынығып алу үшiн бiр үйдiң қабырғасына сүйенiп отырады. Сөйтiп отырып ол үйдiң iшiндегi анасы мен қызының әңгiмесiн құлағы шалып қалады.
- Қане, қызым, тұрып сүтке су қос.
- Халифаның сүтке су қосып сатуға тыйым салғанын естiмеп пе едiңiз?
- Естiдiм.
- Онда Халифа тыйым салған нәрсенi қалай орындаймын?
- Тұр да сүтке су қос. Омар сенi көрiп тұрған жоқ қой.
- Омар көрмесе де, Алла көрiп тұр ғой, мен Омардың көзiнше жасамайтын iсiмдi ол жоқ жерде де жасамайтыныма ант етем.
Хазiрет Омар мына әңгiменi естiген соң үндемей үйiне қайтады. Қыздың тақуалығын бірден аңғарып дiнiне берiк, иманды да, салихалы бойжеткенді кедейлігіне қарамастан өзiнiң баласы Асымға айттырады.
Әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де шынын, яғни, тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше, тауардың кемшілігін, құнын жасырып өтірік айтса, бәлкім, пайда табар, бірақ сауданың берекесі жойылады» дейді. Кейбір сауда иелері өтірік ант-су ішіп, тауарының құнын көтеру үшін алушыны алдап үлкен күнәға батады. Алла Тағала Құранда бұл жайында:
إِنَّ الَّذِينَ يَشْتَرُونَ بِعَهْدِ اللَّهِ وَأَيْمَانِهِمْ ثَمَنًا قَلِيلًا أُوْلَئِكَ لَا خَلَاقَ لَهُمْ فِي الْآخِرَةِ وَلَا يُكَلِّمُهُمْ اللَّهُ وَلَا يَنْظُرُ إِلَيْهِمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَا يُزَكِّيهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ
«Жаратушыға берген серттері мен анттарын аз пайдаға айырбастайтындарға қиямет күнінде ешқандай несібе жоқ. Ол шақта Алла оларға тіл қатпайды, қарамайды, күнәдан тазартпайды. Олар ауыр азапта қалады»,-дейді(«Әли-Имран» сүресі, 77-аят). Бірде Мұхаммед (с.ғ.с): «Үш түрлі адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, қарамайды және ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар» деп үш рет қайталайды. Сонда Әбу Зәр (р.а): «Ей, Алланың Елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын кімдер?»,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сонда: «Киімін жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және сататын тауарына өтірік ант ішіп, алымсақ шақырған кісі» деп жауап береді. Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) астық сататын базарға жолы түседі. Сатушының бидайын ұнатып, ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағының дымқылдау екенін байқайды. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с) «Ей, бидайдың иесі, мұның не?» дейді. Саудагер: «Алланың Елшісі, астығым жауынның астында қалып, су болып қалды»,-деп ақталады. «Сол дымқыл жағын адамдар көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтындар бізден емес» депті Адамзаттың тәрбиешісі Мұхаммед (с.ғ.с).
Зиянды затты сатудың пайдасынан залалы басым
Әр саланың өзіне тән қиындығы мен ләззаты болатындай, сауда-саттықтың да түрлі тәсілдері барынан әрбіріміз хабардармыз. Ислам діні белгілі бір тауарды немесе халық көп тұтынатын азықты базарға шығармай, құнының көтерілуін күтіп, кейін науқанында сатуға тыйым салады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай істі құптамай, бұлай пайда тапқысы келгендердің күнәһар екендігін айтады. Сонымен қатар тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуге тыйым салынған азықты да сату соншалықты күнә болмақ.
«Алла ішімдікке, оны ішкенге, оны ұсынғанға, сауда үшін сатып алғанға және сатқанға, оны тасыған және тасытқанға лағынет етсін» депті Алланың Елшісі (с.ғ.с) бұл турасында. «Алла Тағала ішімдікті және оның ақшасын харам етті. Сол секілді арам өлген малдың етін және ақшасын, шошқаның етін және ақшасын да харам етті» деп, мұндай тыйым салынған заттарды қолдану тұрмақ, оны сатып, пайдасын көруге тыйым салады. Бұл мысалдар да «Өзім ішпесем болды» деп, өзгені харам дүниелерге қарық қылып жүрген талай саудагерге сабақ болуы тиіс.
Пайғамбар (с.ғ.с) да саудагер болған
Әбу Хурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендерден қайсы бірің жіп алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатқандарың қайсы бір адамның қол жайып қайыр сұрауынан әлдеқайда жақсы. Кім біледі, ол адам я берер немесе бермес» деген екен.
Ислам саудаға рұқсат берумен қатар, табыстың негізгі көзі екендігін де айтқан. Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап, сатуда» деуі де бекер емес. Бұдан сауда жасаудың маңызды кәсіп екенін аңғарамыз.
«Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлегенде, өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткенде, қиянат жасамайды. Уәде берсе, уәделерінен таймайды, сатып алған затты жамандамайды, сатқан тауарын орынсыз мақтамайды, қарызданса кешіктірмейді, алашақ болса, қиындық тудырмайды». Бұл да адамзат ардақтысының (с.ғ.с) артына қалдырған сүбелі хадисі.
Егер, біле білсек, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өзі пайғамбарлықтан бұрын саудамен айналысқан. Өйткені, сол заманда Мекке халқының тұрмыс-тіршілігі сауда-саттықпен тығыз байланысты болған еді. Меккеде тұратын Хадиша ана да саудамен айналысатын санаулы сау бірі болатын. Ол сауда керуенін үнемі Шам шаһарына жіберген екен. Бірде керуенбасына көңілі толмай, орнына жиырма бес жастағы Мұхаммедті (с.ғ.с.) тағайындайды. Сол тұста болашақ Пайғамбар «Мұхаммәдул әмин» яғни, «сенімді Мұхаммед» атанып, ел ықыласына бөленген-тін. Ол (с.ғ.с) осындай адалдығымен, шыншылдығымен, турашылдығымен өзгелерге үлгі болады. Мұхаммедтің (с.ғ.с) 623 жылы Мәдина қаласына қоныс аударып, мұсылмандарға арнап базар ашқанынан да көпшілігіміз бейхабармыз. Ол базар шаһар тұрғындарының емін-еркін сауда-саттық жасайтын орталығына айналған.
Енді сахабалардың өміріне көз жүгіртіп көрелік. Мәселен, Әбу Бәкір (р.а) халифа болғанға дейін саудагер болыпты. Ол (р.а) халифалығының алғашқы күндерінде әдеттегідей жүктерін арқалап, базарға барады. Онда жаңа тағайындалған халифаны Омар мен Әбу Убайда ибн Жарраһ көріп қалады. «Сіз мұсылмандардың әміршісі болдыңыз. Базарда қандай шаруамен жүрсіз?» дейді олар таң қалғандарын жасыра алмай. Халифа: «Мен базарға шықпасам отбасымды қалай асыраймын?» деп қарсы сауал қойған екен. Сонда олар: «Онда біз Сізге айлық тағайындайық, сауданы доғарыңыз» деп күніне жарты қойдың құнын беріп тұруға уағдаласады. Осылайша сахабалар халифаның қызметін алаңсыз атқаруы үшін Әбу Бәкірге жалақы төлеп тұруды ұйғарады.
Хазірет Осман да әке кәсібі – саудамен айналысыпты. Ауқатты сахабалардың бірі болған ол мұсылмандарға көп көмектесіп, айналасының, Алла тағаланың разылығына бөленген. Бірде Алла Елшісінің (с.ғ.с) әмірімен Тәбук жорығына дайындық басталады. Бұл маңызды жорық болғанымен, мұсылмандардың көпшілігінің қару-жарағы, құрал-сайманы, ат-көлігі жоқ еді. Осы сәтте пайғамбар (с.ғ.с.) ауқатты мұсылмандарды қайырымдылық жолында жұмылуға, бірігуге шақырады. Сонда Осман (р.а.) 300 түйе, 50 ат және 1000 динар берген екен.
Міне, қашанда Ислам этикасымен адалдық пен шынайылықты ту етіп істелген сауда мұсылмандарды биік жетістіктер мен материалдық тұрғыда бай-қуатты деңгейге жетізбек.
Жұманазар Садырханов,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы