https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Жапондар Исламды қалай қабылдады?

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1828 рет

Жапон ғалымдары ислам дінін зерттеу барысында оның жапон ұлтының күнделікті тіршілігімен көптеген ұқсастықтарын тапты. Ислам дінін қабылдаған жапондықтар қазіргі таңда көптеп кездеседі. Олардың арасында ғалымдардың саны да айтарлықтай көп. Содан да болар бүгінгі күні мұсылман болсын болмасын жапон ғалымдарының зерттеу обьектісі ислам мен оның қағидалары болып отыр. Әсіресе, қасиетті Құран Кәрім мен ондағы адамзат әлі шешпеген жұмбақ сырлар жапон ғалымдарын қызықтыра түсуде.

Жапондықтар ислам дінімен 1877 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірбаяны жапон тіліне аударылған кезде алғаш рет танысты. Әуелі жапондықтар бұл еңбекті тек қызықты мәдени, тарихи мұра ретінде ғана қабылдады. Себебі бұл аударма тек бір ғылыми ортадағы адамдарға танымдық кітап ретінде ұсынылған еді.

Жапониянының Ислам әлемімен ресми байланысы ХІХ ғасырдың аяғында басталды. Мұсылман елдері ішінде алғашқы болып Жапониямен байланыс орнатқан Түркия мемлекеті болды. Османлы Түрік 1890 жылы өз тарапынан екі ел арасында бейбітшілік дипломатиялық қарым-қатынас орнату мақсатында «Ертұрғыл» атты кемесін жібереді. Алайда, өкініштісі Түріктің кемесі қайтар жолда Жапон теңізінде әйгілі тайфун дауылына жолықты. Тосын апаттан 600 адам мерт болды. Жапон үкіметі қайғыға ортақтасып, қайтыс болған адамдардың туысқандарына көмек ретінде қаржы жинап, 1892 жылы Түркияға екі жапондықты жібереді. Олар: Тораджиро Ямадо мен Осотора Нода еді. Бұл екі жапондық екі жыл Түркияда болды. Оған қоса сол елдің тілін, мәдениетін де үйренді, тіпті ислам дінін қабылдады. Бұлар ислам дінін қабылдаған алғашқы жапондықтар еді.

Митсутаро 1909 жылы исламды қабылдап, есімін Омар Ямаока деп өзгертеді. Ал Бумпачира Арига осы жылы сауда жасау мақсатымен  Үндістанға барған еді. Ол да мұсылмандармен араласып, солардың ықпалымен исламды қабылдады. Есімін Ахмад Арига деп өзгертеді. Бұл екі жапондық та қажылыққа бару бақытына ие болған. Елдеріне қайтып оралған соң екеуі де өз жерлерінде Ислам дінін насихаттауға белсене кіріседі.

Жапон тіліндегі алғашқы Құран

Жапонияға мұсылмандардың ағылып келуі ХХ ғасырдың басында басталды. 1917 жылы Ресей патшалығындағы Қазан төңкерісі Орта Азия мемлекеттері (Түркменстан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан) мұсылмандарының Жапониядан саяси пана іздеуіне түрткі болды. Олар негізінен Токио, Кобе, Нагоя және т.б. ірі қалаларға қоныстанды. Соның нәтижесінде бірте-бірте біраз жапондықтар исламды қабылдайды. 1923 жылы Жапонияға Орта Азиядан келуші мұсылмандар саны 3 мыңға жетті. Ал 1927 жылы Жапонияда тұңғыш рет ислами мектеп, яғни медресе ашылды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапониядағы мұсылмандар санын мұнда сауда мақсатымен келген үндістандық мұсылмандар толықтыра түсті. Үкімет басшыларының қолдауымен бірігіп мешіттер тұрғыза бастады.

Жапондықтардың дін тарату жолындағы алғашқы қадамдарын Құран Кәрімді жапон тілінен аударудан бастады. 1938 жылы Токиода мешіт салынғаннан кейін жапон мұсылмандары Қасиетті кітабымызды өз тілдеріне аударды. Бұл аударма «Қасиетті Құран — Ислам қағидасы» деп аталды. Аудармаға үш адам ат салысты: Горо Такахащи, Бунпачиро Арига және Мидзухо Ямагучи. Горо Такахащи аудармаға, Бунпачиро Арига аударманың басылып шығуына жауап береді. Бұл аудармамен Жапонияның үкімет басшылары, дипломаттары, зиялы қауымы оқып танысты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірінші болып жапон тілінде жарық көрген Құран «Шумей Окаваның Құраны» деп аталды. Ол 1950 жылы Ақпан айында жарық көрді. Осынау қиын қыстау кезеңде, ел кітаптан гөрі қайтып күн көремді ойлап аш-жалаңаш күй кешкен таршылық заманда Құранның аударылуы ғажайып құбылыс еді. Алайда бұл жолы да Қасиетті кітап ағылшын тілінен аударылды. Бұл жөнінде Окаваның өзі: «Тек араб тілін жақсы меңгерген нағыз мұсылман ғана Құранның шынайы мағынасын жапон тіліне аудара алады», — деп өзінің аудармасы Құран Кәрімнің түп нұсқасынан алыс екенін мойындайды.

1957 жылы қасиетті Құранның тағы бір аудармасы жарық көрді. Бұл өте ыңғайлы әрі аса қымбат та емес еді. Қазірдің өзінде бұл аударманы жапонияның барлық кітап дүкендерінен табуға болады. Аударманы ислам дінін зерттеуші, араб тілінің маманы Тощихико Идзуцу жасаған. Аудармашы Құранды аудару барысындағы қиындықтарды айта келіп: «Араб тілін біз қаншалықты терең білсек те, Құранды аударуымыз соншалықты қиындайды, тіпті Құранның дәл мағынасын беру мүмкін емес» дейді.

1970 жылы Құранның тағы бір аудармасы жарық көрді. Оны аударып басқан жапонның екі арабтанушы ғалымдары Ясунари Бан және Осаму Икэда. Ол мектептерде оқулық ретінде де пайдаланылады, қазіргі кезде ұлттық кітапханалардың барлығында дерлік кездеседі.

Қарап отырсақ, 1970 жылға дейін Құран бірнеше мәрте аударылыпты. Жапондық мұсылман Омар Рюичи Мита Құрани Кәрімді аударуға 12 жылын жұмсады. Аудармаға мұсылман жапондықтар да бір кісідей атсалысты. Алдыңғы аудармаларға қарағанда бұл аударманың айырмашылығы  арасындағы айырмашылық жер мен көктей еді. Соңғы аудармада әрбір аяттың астына сол аяттың баламасын беруге барынша тырысқан.

1968 жылы Жапонияда Жапон мұсылман ассоцияциясы заңды діни қоғам ретінде тіркелді. Яғни ислам дінін таратуға ресми рұқсат берілді.

 

Иманға себеп мұнай…

1973 жылы Таяу Шығыста болған төртінші соғыстың нәтижесінде мұнай шығарушы елдер мұнай өндірісін қысқартып, бағасын көтеріп жібереді. Бұл жапон экономикасына қатты әсерін тигізді. Осыдан кейін Жапония Араб және басқа да мұсылман елдерімен тығыз байланыстар орната бастайды. Соның арқасында осы күнге дейін исламмен таныс болмаған жапондықтар мұсылмандардың қасиетті мекені Мекке және қасиетті кітабы Құранмен танысты. Бизнесмендер үшін араб тілін білу қажеттілігі туындады. Сол себептен араб тілі Жапонияның көптеген жерлерінде оқытыла бастады.

Осы жағдайлар Токиодағы ұлттық клиниканың басшысы Шауки Футаки мырзаның ислам қабылдауына әсер етті. Ол өзінің қол астында жұмыс істейтін үш әріптестерімен бірге 1974 жылы 29 желтоқсанда ресми түрде ислам дінін қабылдады. Осы кісілердің бастауымен ислам діні Жапонияда тез тарады. Клиника қоғаммен тығыз араласқандықтан, біраз жапондықтардың ислам дінін қабылдауына себеп болды. Соның нәтижесінде 1975 жылы 21 наурызда 81 жапондық Токио мешітінде, жұма намазынан кейін тілдерін кәлимаға келтіреді. Бұл адамдар бірігіп өздері тұратын Токионың Щицуку ауданында ислам дінін уағыздауға кіріседі. Соның себебімен 1975 жылы 12 мамырда 739 адам салтанатты түрде ислам дінін қабылдайды. Осылайша бір жарым жыл уақыт аралығында ислам дінін қабылдағандардың саны 1 175-ке жетті. Бұлардың арасында компания президенттері, бизнесмендер, журналистер, банк қызметкерлері, әртістер, дәрігерлер, студенттер және т.б. маман иелері болды. Доктор Шауки Футакидің бастауымен олар «Жапон Ислам конгресін ашты». Бұл ұйым діни ұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті.

Жапонияда мұсылман ассоциясымен қоса Ислам орталығы да жұмыс істейді. Бұл орталық 1966 жылы ашылған болатын. Орталықтың құрылу мақсаты жапондықтарды исламға шақыру, әлемде қалыптасқан «ислам және террор» деген жаңсақ пікірді жапондықтар санасынан алып тастау еді. Орталықта «Ассалам» журналы шығып тұрады. 100 беттен тұратын журналда исламның таралуы жайында, оған қоса қоғамда ислам туралы қалыптасқан теріс пікірлерге қарсы ғалымдардың пікірлері жазылған.

Қазіргі уақытта жапон қонақ үйлерінде мұсылмандарға сыйлық ретінде жайнамаз, Құран Кәрім және де жергілікті мешіттерді оңай тауып алуға көмектесетін карта береді екен. Мұсылмандарға құрмет деп осыны айт!

Жолымбет Мәкішев

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз