Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын. Ислам дінінде мүбарак саналатын Ережеп айы басталады. Бұл ай мұсылман әлемінде қасиетті айлардың біріне жатады. Ережептің діни ерекшеліктері жайында көп дәлелдер мен деректер бар. Бүкіл әлемнің жаратушысы Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: «Он сегіз мың ғаламды өзімнің сүйікті құлым Мұхаммедтің (ғ.с.) құрметіне жараттым»-деген. Планеталар, аршы мен күрсі, жұлдыздар, айдың қозғалысы Құранда көрсетілгендей әлем жаратылған уақыттан бері өз міндеттерін Аллаһтың әмірімен орындап келеді. Күн мен түннің ауысуында, барлық жанды- жансыз табиғат, оның арасындағы байланыстар, Аллаһтың бар екенін, оның бірлігі мен құдіретін дәлелдейді. Жыл мезгілдерінің ауысуын есепке алсақ, бір жылда үш жүз алпыс бес күн бар, ол он екі айға бөлінген. Ұлы жаратушымыз Аллаһ Тағала қасиетті Құранда осы жаратылысқа мән бере келіп он екі айдың ішінде қасиетті үш ай бар деп көрсетеді.
1.Ережеп айы келгенде күнәларына кешірім сұрап, нәпіл ораза ұстаушылар.
2.Аллаһ жолында отан үшін, дін үшін шейіт болғандар.
3.Жұма намазынан қалмағандар, оны үнемі әдетке айналдырғандар.
4.Насихатшы ғалымдар.
5.Аллаһтың дидарына ғашық болған тақуалар-деді.
Ережеп айын қадірлеу, құрметтеу үшін бұл айда күнә жасаудан тыйылып құлшылық істеумен, ораза ұстаумен, ілім үйренумен өткізуіміз керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с): Шындығында жәннатта бір өзен бар, оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен-ақ, балдан тәтті. «Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Аллаһ Тағала ол пендесіне осы өзеннің сүтін ішкізіп, дәмін татқызады»-деген. Қасиетті Ережеп айында нәпіл намаз оқу туралы шариғатта айтылған. Кімде-кім Ережеп айының бірінші бейсенбісі күні 16-ракат нәпіл намаз оқып, әр ракатында «Фатиха» сүресіне зам сүре етіп «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыса, егер ол дүниеден өтсе анасынан жаңа туғандай пәк, таза болады. Ал қиямет күні қайта тірілгенде шаһидтермен бірге болады. Хазіреті Саубан (р.а) сахабадан риуаят етіледі: «Бір күні Пайғамбармен бірге кетіп бара жатыр едік бір қабірстанның (мазараттың) жанынан өттік. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с) мазараттағы жерленген қабірлерге қарап: «Ей, Саубан мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп, Аллаһ Тағалаға дұға жасадым. Егерде бұл адамдар тіршілігінде қасиетті Ережеп айында бір күн ораза ұстағанда немесе құлшылық еткенде, яғни, осы айда дүниеден өткенде, онда бұл адамдарға қабір азабы болмас еді»-деген. Сонда мен: «Я Аллаһтың Пайғамбары қасиетті Ережеп айының бір күн оразасы қабір азабынан құтылуға өтеу бола ма?»-деп сұрадым. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с): «Әрбір мұсылман осы айда ең болмағанда бір күн ораза тұтса, күнәларынан кешірім сұрап нәпіл намаз оқыса, не осы айда дүниеден өтсе, Ұлы Алла Тағала ол пенденің амал дәптеріне бір жылдық құлшылықтың сауабын жазады»-деп айтқан. Бұл айда ораза ұстаған пенденің дәрежесі биік орында болады. Бір күні Хазреті Біләл Хабаши (р.а) азаншы ораза ұстап, Хазреті Пайғамбарымыздың алдына кіргенде ол тамақтанып отырған болатын. Пайғамбарымыз: «Ей Біләл, тамаққа кел»-деді. Сонда Біләл Хабашы (р.а) азаншы: «Мен оразамын. Я Аллаһтың елшісі»-деді. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с): «Біз Аллаһтың берген ризық несібесін жеп жатырмыз. Ал Біләл болса ризығын жаннатта жейді»-деген болатын. Ережеп айында көптеген айтулы оқиғалар өткен. Қасиетті Ережеп айының бірінші күні Хазіреті Нұх (ғ.с) Пайғамбар кеме жасады, жетінші күні Нұх (ғ.с.) Пайғамбардың топан суы басталды, жиырма жетісі күні Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с) миғражға көтерілді, жиырма тоғызы күні Хазіреті Осман (Р.А.) шаһид болды.
Құран аяттарына байланысты Ережеп айының қасиеттерін Мұхаммед Пайғамбарымыздың (ғ.с) хадистері толық ашады. Ережеп айының оразасы басқа уақыттағы нәпіл оразалардың ішіндегі ең сауабы көп ораза болып келеді. Сондықтан Ережеп айы келгенде оны құлшылықсыз, оразасыз өткізбейік. Оразаны айдың басында, ортасында, аяғында үш күннен тұтуға болады. Шамасы жетсе үш күн, шамасы жетпесе бір күн тұтса да болады. Ережеп айының жиырма жетінші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедті (ғ.с) Аллаһ Тағала Миғражға көтерді. Аллаһ Тағала өз құрметімен Пайғамбарымызды аспан әлеміне көтеріп, жаннат, тозақты көрсеткен еді. Пайғамбарымыздың Миғражға шыққанын Құран аяттарынан оқып-ақ біздерге оған сену парыз. Өйткені, Ұлы Аллаһ Исра сүресінің 1-аятында: «Аллаһ құлын Мұхаммедті (с.ғ.) бір түні белгілерімізді көрсету үшін Масжид Харамнан Масжид Ақсаға апарған Алла әртүрлі кемшіліктерден пәк. Ол бәрін естіп, көруші»-деген. Ал кәпірлер болса, Пайғамбарымыздың миғражына сенбеді, күмәнмен қарады. Исламда Миғражға сенбегендерді кәпірлерге, имансыздарға жатқызады. Мешіт Харамнан, мешіт Ақсаға апарған жолды «Исра» деп атаған. Сол жерден жеті қабат аспанға көтерілді. Мұхаммед Пайғамбар (ғ.с) Миғражға көтерілер кеште Қағбаның жанында ұйқылы-ояу жатқан болатын. Хазіреті Жәбірейіл періште келіп «пырақ» деген атты әкеліп, мінгізіп, көзді ашып-жұмғанша найзағайдай жарқ-жұрқ етіп, әл-Ақса мешітіне келді. Онда екі ракат намаз оқыды. Хазіреті Жәбірейілдің қолында (ғ.с.) екі тостаған, тостағанның бірінде сүт, екіншісінде шарап болатын. Хазіреті Мұхаммед (ғ.с) сүтті алып ішті. Сонда Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с) періште айтты: «Ей Мұхаммед, сенің үмметің басқа Пайғамбарлардың үмметіндей адаспай тура жолда болады екен» деп қуантты. Осыдан соң пырақ атқа мініп бірінші қабат аспанға көтерілді. Онда Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с) періште қақпаны қақты, іштен «бұл кім? деген дауыс естілді. «Мен Жәбірейіл періштемін, қасымда ақырзаман Пайғамбары Хазіреті Мұхаммед (ғ.с) бар»-деді. Сонда іште тұрған күзетші періште: «Сонда Мұхаммедтің (ғ.с) дәуірі басталды ма?»-деп қақпаны ашты. Ішке кірген соң бір адамды көрді, ол адам бір жағына қараса күледі, бір жағына қараса жылайды. Сонда Хазіреті Мұхаммед (ғ.с): «Бұл кісі кім өзі?-деп сұрағанда, Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с): «Бұл Адам ата» өзінің ұрпақтарын көріп тұр, оң жақтағылары жаннатқа кірушілер, сол жақтағылары тозаққа кірушілер»-деді. Хазіреті Мұхаммедті (ғ.с) қарсы алып, былай деп айтты: «Ей, менің абзал ұрпағым, хош келдің, сапарың сәтті болсын»-деді.Осылайша көтеріле отырып екінші қабаттан Яхил (ғ.с), үшінші қабаттан Жүсіп (ғ.с), төртінші қабаттан Ыдырыс (ғ.с), алтыншы қабаттан Мұса (ғ.с), жетінші қабаттан Ибраһим (ғ.с) Пайғамбарларды көріп жүздесті. Тозақта өз тілдерін өзі кесіп тұрған қауымды көрсетті. Олар жалған дүниеде ақын болғандар, күштіні мақтап, әлсізді даттағандар, өтірікті жақтап жырлағандар екен. Сосын жетімнің малын жегендерді, өсімқорларды көрді. Олар да ауыр азапты тартуда екен. Таразыдан жегендердің басын таспен ұруда. Тағы да басқа азапталушыларды көрді. Өсек айтушылар, өсек тасушыларды, маскүнемдерді көрсетті. Жеті қабат аспаннан өтіп, «Сидратул-Мунтаһа» деген соңғы жерге жетті. Осы жерде Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с) періште қалды. Ары қарай Хазіреті Мұхаммедтің (ғ.с) өзі жалғыз кетті. Содан «Сидратул-Мунтаһаның» алдындағы үлкен пердеге келіп тоқады. Сонда Ұлы Алла Тағала «Сана» дұғасын оқып, сәлем берді. Бұл күнделікті бес уақыт намазда оқып жүрген «Әттаһиат» дұғасы, Аллаһ Тағала мен Хазіреті Мұхаммедтің (ғ.с)-сөйлесуінен шыққан дұға болатын. Аллаһ Тағала: «Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ»-деді. Сонда Хазіреті Мұхаммед (ғ.с): «Әссәләмуғалайна уағала ғибадиллаһис-солейхин» дегенде Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с) періште: «Әшһәду ән лә иләһә илаллаһу уа әшһәду әннә Мұхаммедан ғабдуһу уа расулуһ» деді. Сонда Ұлы Алла Тағала: «Ей Мұхаммед, сен маған толық иман келтірдің бе?»-дегенде, Хазіреті Мұхаммед (ғ.с) «Әрине, Аллаһ Тағалам»-деді. Алла Тағала: «Ешкімді шамасы жетпейтін іске зорламаймын, әркімнің жасаған амалы өзінде болады. Жақсы не жаман болса да»-деді. Алла Тағала: «Ей Мұхаммед, менен не сұрайсың, сұра?»-дегенде Хазіреті Мұхаммед (ғ.с): «Ей, Раббым, күнәларымызды кешір»-деді. Сонда Алла: «Тек иманды момындардың күнәларын кештім» дегенде, тағы да Хазіреті Мұхаммед (ғ.с) былай деп дұға жасады: «Ия, Раббым теріс кетсек, қателесіп істесек кешір, ұмытып кетсек, біреу зорлап істетсе, кешір»-деді. Алла Тағала: «Барлығын кештім»-деді. Хазіреті Мұхаммед (ғ.с): «Ия Раббым өзге бұрынғылардың мойнына жүктелген ауыр жүкті біздерге де жүктеме, ей, Жаратушым біздерге күшіміз жетпейтін нәрсеге зорлама, біздерді кәпір қауымынан үстем қылып, жеңіске жеткізе гөр»-деп сұрағанда Ұлы Жаратушымыз Алла Тағала бұларға да келісті. Міне, осы қасиеттер Миғраж түнінде Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ғ.с) берілді. Күніне елу рәкат оқылатын намаз бес уақытқа қысқартылып, елу рәкат намаздың сауабы бес уақыт намаз оқушыларға нәсіп болды. Бұл түнді сондықтан Алла Тағалаға құлшылық жасап, ибадатпен өткізуіміз керек. Қасиетті Ережеп айының түнінде 6 рәкат намаз оқығанның күнәсі кешіріледі. Мұсылмандардың қасиетті түндерінің бірі осы Миғраж түні болады. Қасиетті Ережеп айының бірінші түнін ұйықтамай, тағат, иттағат құлшылықтармен өткізгендер мол сауапқа кенеледі. Бар күнәсінен анасынан жаңадан туғандай тазарады. Бұл айда жеті күн ораза ұстағандар үшін тозақтың жеті есігі жабылады. Сегіз күн ораза ұстаса, жәннәттың сегіз есігі ашылады. Он күн ораза ұстаса, сұраусыз жәннатқа кіреді. Он бес күн ораза ұстағандардың бар күнәсін Ұлы Алла Тағала сауапқа айналдырады. Ережеп айында Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ғ.с.) көп салауат айтқан адамға кәусардың суы беріледі.Бұдан тәтті шырын сусын жоқ. Ережеп айында күнә жазылмайды, тек қана сауап жазылады. Имам Бұхаридің риуаятында «Байтуллаһтың есігі Ережеп айында күнде ашық болады, басқа айларда дүйсенбі, бейсенбі күндері ғана ашылады»-деген екен. Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) хадисінде: «Ережеп айының жұма кештерінде барлық періштелер осы айда ораза тұтқандардың күнәсін кешір деп дұға жасайды»- делінген. Тағы бір хадистерде Айша (р.а.) анамыз жеткізген: «Қияметте адамдар есеп майданына шыққанда бәрі де шөлдеген халде тұрады. Тек қана Ережеп, Шағбан, Рамазан айларының оразасын тұтқандар ғана шөлдемейді, аш болса, оларға тағам да беріледі», «Хияметте Жебірейіл Микаил періштелер Ережеп оразасын ұстағандарды сират көпірінен жылдам өткізеді. Ұлы Мұхаррат періштелер өтуге жәрдемдеседі»- делінген.
Мүбарак айда өзі келіп тұрған сауаптарды мүмкіндігінше өткізіп алмаған абзал. Мәңгілік өмірде бақытты болуымызды осы пәни дүние белгілейді. Егер де Алла Тағаланың әмірлері мен тыйымдарына құлақ асып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолымен жүрер болсақ, нәтижесі-жұмақ болмақ.
Ұлы Раббымыз Ережеп пен Шағбан айларын мүбарак етіп, қасиетті Рамазан айында амандықпен жетуімізді нәсіп етсін!
Серік Нышанбайұлы БИІМБЕТОВ,
ауданның бас имамы