https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Бүгінгі имам тұлғасы қандай болу керек?

11 May 2015 0 comment Оқылды: 2280 рет

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Өзгеден емес, өзімізден бастайық

Бірде ізгі ғұлама: «Атқаратын шаруалар уақыттан да көбейіп кетті», – деген екен. Тұлға тәмсілінде айтылғандай, қазір дін қызметінде жүрген имамдар үшін де жүзеге асыратын жұмыс көп. Біздің басты байлығымыз – иман, Тәуелсіздік, татулық. Ендеше, осы асыл ұғымдарды сәт сайын қорғау, нығайту әрбір адамның міндеті болса, бұл тұрғыда дін өкіліне артылар жауапкершілік пен сенім орасан зор.

Құранда естілер үшін үлкен ескертпе бар. «Қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді». «Рағыд» сүресінің 11-аятындағы айтылған әмір кімге болсын түсінікті шығар.

Имам тек сөзбен ғана емес, амал арқылы да тәлім береді. Бәріміздің есімізде. Кезінде молдамен дастархандас болу, онымен сұхбаттасу өзгелер үшін үлкен абырой болатын. Ол мәртебе еді. Өйткені, молданың аузынан шыққан сөз, оның әрбір амалы айналасындағы адамдар үшін үлгі-өнеге, ғибрат болды. Біз, дін адамы халықтың осынау құрметіне қаяу түсіріп алмауға тиіспіз. Жамағаттың ілтипатына бөлену ыждаһаттылық пен табандылықты талап ететін болса, ендеше, сол сенім мен кіршіксіз қарым-қатынасқа сызат түсірмеу екі есе жауапкершілік жүктейді. Бір өнер тұлғасының: «Атақты болу қиын болса, сол атақты ұдайы сақтап тұру одан да қиын», – деген сөзінде өзімізге алар ғибрат бар.

Өзгені жөнге салу үшін алдымен өзімізді өзгерту қажет екенін тағы бір еске түсірейік. Өзгені өзімізге еліктету үшін де ең әуелі біздің бойымызда біреуді баурап алатындай көркем мінез, жақсы қатынас, әдемі сөздер толассыз төгіліп тұруы тиіс. Олай емес екен, мақсатқа жетем деу – бекершілік.

 Имам және иман

Қазақта: «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме», – деген сөз бар. Осы сөз, шыны керек, халық арасында жағымсыз пікір қалыптастырып келді. Мүмкін имамның беделін түсіру үшін мағынасы бұрмаланған болар. Асылында оның мағынасы біз ойлағандай емес. Тіл мамандары бізге дәлелдеп берді. Қалай? Әдетте бұрынғы кездің имамдары халықтың иман дәрежесін, діни білім деңгейін ескеріп, Исламды даналықпен жеңілдетіп жеткізген. Алласын танып, өмірдің мәні имандылықта екен ғой деген түсінікке иілген адамдар үшін дінді ауырлатпай, тек парыз амалдарды ғана бұйырған деседі. Өйткені, олар діни ілім аз адамдарды қосымша амалға итермелеу – бір кесеге бір шелек суды құйғанмен бірдей деп түсінген. Ал имамның амалы қандай болған? Оның түнгі қосымша құлшылығы түгел, нәпіл ораза ұстайды, Құран жаттайды, оқиды, оны өзгелерге үйретеді. Бұл намазы жоқ, Құранның тірілер үшін түскенін енді ғана түсінген адам үшін зіл емес пе? Нәпіл намаз, нәпіл ораза туралы айтудың өзі артық. Сонымен, өздерінің иманы мен діни ілім дәрежесінің төмен екенін сезінген адамдар: «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме», – деген тоқтамға келген. Демек: «Е, біз имамның дәрежесіне жете алмайды екенбіз, одан гөрі оның жеңілдетіп айтқан амалдарын істеп жүре бергеніміз жөн», – деп мойындаған көрінеді.

Бұдан түйеден ой: имамның иманы өзгелермен салыстырғанда екі есе болуы қажет.

«Исламға пайда әкелмесек те, зиян тигізбейік»

Жамағатқа, мешіт қызметкерлеріне, мешітке келген адамдарға көңіл бөлу – меңгеріп алатындай қандай да бір мамандық емес, ол адамның ішкі мәдениеті, жанашырлығы, жақсы қарым-қатынасының көрінісі. Көркем мінездің белгісі. Әрбір салада теңдессіз тәрбиеші пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мешіттің аула сыпырушысының да көңілін аулауы – дәрежесінің әсте төмендігінен емес. Керісінше, абыройын асырды. Патшаны да, пақырды да тең дәрежеде көруінде. Елге құрметті адамдарға ғана ілтипат көрсетіп, қалған қарапайым адамдарға, пақырларға көңіл бөлмеу –  мұсылманшылыққа жат әрекет. Мешіттен, мешіт қызметкерінен жылу сезінбеген пенде адамға емес, мешітке, одан қалды Исламға ренжиді.

Әдемі айтылған бір сөз бар: «Исламға пайдамыз тимесе де, зиянымызды тигізбейікші». Осы сөз баршамыздың жадымызда жаңғырып, сақталып тұрса деймін.

Әдептілік – адамның басқалардың көңіліне тимейтіндей етіп әрекет етуі. Бұған қашан және қалай сөйлеу керектігін аңғара білу де жатады.

Имам жамағатты біреудің намысына тимеуге, оларға қол ұшын беруге шақырады. Мейірімді, момын адам өзгелермен жылы-жұмсақ тілдеседі. Татулықты сүйетін кісі басқалармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолын іздейді. Сабырлы пенде әлдекім өзімен дөрекі сөйлессе де, төзімділік танытады. Міне, асыл қасиеттердің бәрі жиылып, адам бойынан көрініс тапса, өзгелер үлгі ала бастайды.

Айта кетер тағы бір нәрсе: айтылған уағыз айтушының өзін түзетіп жатқандай әсер беретін болса, жамағат та өзін жөнге салудың қамына кіріседі.

Алла тағала баршамызға екі дүниенің абыройын нәсіп еткей! Әумин!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз