Аса мейірімді ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын. Алла тағала адам баласын жаратып, мына дүниеге өзінің рахымын, мейірімін, ризығын жер бетіне шашты. Алланың жер бетіне шашқан ризығы барлық жаратылысқа, тіпті құмырысқа екеш құмырысқаның өзіне де жетеді. Сол жаратылыстарының ішінде адам баласына берген ризығы ең көркемі ең кемелі. Мына дүниенің өзі сынақ алаңы болғандықтан Алла тағала біреуге мол етіп, біреуге өлшеп, біреуге аз етіп береді.Алла тағаланың бұлай беруінің өзінде де, адам баласы үшін бір хикмет бар. Алла тағала пенделерінің арасында әділдік, мейірімділік, рахымдылық болғанын қалайды. Сол үшінде жарлыға әрқашан көмек қолын созған мұсылманды құранда ерекше сипаттайды. Қасиетті Құранның Бақара сүресінде:«Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды». деп сүйіншілейді.
Құдайдың мейіріміне қауыштыратын ең жақсы амалдардың біріхам бірегейі жетім-жесірге, жоқ-жітікке берген садақаңыз. Құранның басқа бір аятында «Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» деп баяндайды.Мұсылманның берген садақасы Алланың құзырында еселеніп қайтады деп Алла тағала уәде етеді. Қасиетті Құранның Бақара сүресінде: «Кім Алланың құзырына бір жақсылықпен келсе оны он есе арттырады» дейді. Ислам дінінің кереметіде осыда.Осы аятқа қатысты қазіреті Алидің ( р.а.)басынан өткен мына оқиғаны айтсақ болады. Бір күні бір қайыршы Хазреті Алиге келіп бір нәрселер сұрайды. Хазреті Али баласы Хасанды анасына жұмсап: «Анаңа бар, өзіне берген 6 дирхамның біреуін алып кел», - дейді. Баласы үйіне барып келеді де: «Анам ол 6 дирхамды ұн алу үшін қойып қойғанын айтты», - дейді. Сонда Хазреті Али: «Бір құл Алланың құзырындағысына өз қолындағыдан да артық сенбейтін болса, иманы кәміл болмайды. Бар, оған айт, 6 дирхамның бәрін берсін», - дейді. Ұлы Хасан үйіне барып 6 дирхамды әкесіне әкеліп береді. Али де оны қайыршыға береді.Хазреті Али үйіне кіре берісте түйесін сату үшін жетектеген бір адам қасына жақындайды. Хазреті Али: «Түйеңді қаншаға сатасың?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «140 дирхамға», - деп жауап береді. Али: «Несиеге беретін болсаң, оны есікке байла», - дейді. Әлгі саудагер түйені есікке байлап кетіп қалады.Арадан көп уақыт өтпей бір адам келіп: «Бұл түйе кімдікі?» - деп сұрайды. Али: «Менікі», - дейді. Ол: «Оны сатасың ба?» - деп сұрайды. Али: «Иә, сатам», - дегенде: «Оны қаншаға сатасың?» - деп сұрайды. Али: «200 дирхамға», - деп жауап береді. Ол да: «Жақсы, алдым», - деп 200 дирхамын санап беріп, түйені алып кетеді.Хазреті Али түйесін несиге сатқан адамға 140 дирхамын алып барып береді де, қалған 60 дирхамын Фатима (р.а-һа) анамызға ұсынады. Сонда Фатима анамыз: «Бұл не?» - деп сұрайды. Хазреті Али: «Бұл, Алланың: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деп (6.Әнғам-160) Пайғамбары арқылы біздерге уәде еткен сыйы», - дейді. Осы оқиғаға қарап тұрсақ, Алла тағала мына дүниенің өзінде де он есе қылып беріп түр. Ал ахиреттегі сиы Аллаға қана аян.
Аллаға жақын пенде бола білу үшін жақсы көрген нәрсемізді садақа етіп беру керектігін мына аят баян етеді: Аяттта: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» (4.Али Имран-92). Сол үшін де Ислам діні әр кез жақсылыққа шақырып, қиналған жанның қасынан табылуға шақырады.
Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің хадис шәрипінде: «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», - десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», - деп дұға етеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 27; Муслим, Зәкат 57). Беруші қол әр қашан алушы қолдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.