Қазіргі таңдағы аса күрделі мәселелердің бірі-жемқорлық. Жемқорлық- қоғамға, экономикаға, мемлекеттің дамуына орасан зиянын келтіретін жағымсыз құбылыс. Жемқорлықтың бастауы дүниеқұмарлықтан туындайы. Дүниеқұмар адам нәпсісіне ерік беріп, имандылық, ар-ұят, намыс, обал-сауап дегенді ойламайды. Қазақта дәніккеннен құныққан жаман деген сөз бар. Адам өмірдің өте шығар бес күндік жалған екенін ұмытып, қаншама қылмыстарға баруда. Сыбайлас жемқорлыққа -мемлекет қазынасына заңсыз қол сұғу, аманат етіп тапсырылған лауазымын асыра пайдаланып қаржы жымқыру, жалған құжаттар жасатып бөлінген қаражатты жеке басына иемдену,пра алу, пара беру,қарапайым адамның ақысын жеу, секілді т.б қылмыстық әрекеттерді жатқызуға болады. Өкінішке орай біздің елде де жемқорлық мәселесі өршіп тұр. Жемқорлыққа қарсы күрес- Қазақстан Республикасының заңнамаларымен бекітілген. Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң- 1998 жылы шілде айының 2-ші жұлдызында ескерілген болатын.
Жемқорды- отанын сатқан опасыз деуге толық негіз бар. Өйткені жемқор адам дүние үшін бәріне барады. Оны күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Сондықтан мемлекеттің тұтастығына орасан зиян келтіретін бұл рухани дертпен күресу баршамыздың ортақ міндетіміз. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді дейді дана халқымыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандырып, қатаң шаралар қолданбаса, егеменді еліміздің болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз.
Ата-бабамыз асыл дініміздің үкімдерін мықты ұстанып, шариғат жолын өмірлеріне негіз қылып ұстанғанын жоққа шығара алмаймыз. Ислам діні – жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеке тұлғалық және қоғаммен бірлесе жүзеге асырған. Шариғатта жемқорлықтың үкімі - харам яғни үзілді-кесілді тыйым салынған амал болып саналады. Сонымен қатар дінімізде жемқорлық үлкен күнәлар қатарына жатады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәидә сүресі 42 аят) «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. Мұхаммед ғ.с егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұрсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шексіз Алла турашыларды сүйеді»,-деген. Аяттағы арам жеушілер дегені – өзгенің мал-мүлкін иемдену, ақысын жеу деген мағынада айтылған.
Ал Бақара сүресінің 188 ші аятында): «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлімін жеу үшін билерге апармаңдар»,- деп ескертеді. Мінеки, осы аяттар арқылы Алла Тағала сыбайлас жемқорлыққа тыйым салып, ондай күнәлі істен аулақ болуға шақырады. Абдулла ибн Омар жеткізген хадисте Пайғамбарымыз сғс : «Пара берушіні де алушыны да лағнеттеген»(Риуаят Термизиден). Демек, параны талап етіп оны алушы мен берген адам және ортасындағы ұйымдастырушы дәнекер де ортақ күнәға бой алдырып, лағнеттелгендерден болатыны баяндалған.
Келесі Ибн Бурайда әкесінен жеткізген хадисте пайғамбарымыз сғс: « Үш түрлі қазы болады, олардың екеуі тозақта, ал біреуі жұмақта:
1) Өз дегенін орындаймын деп үкім шығарған тозақта.
2) Білімсіз бола тұра үкім шығарған тозақта,
3) Әрдайым шындыққа жүгінген жұмақта»,-деген.
Бұрынғы өткен бабаларымыз «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп дөп басып айтқан екен. Қазақ даласындағы билердің әділдік пен туралықты ту еткендігін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және басқа да біртуар илер мен шешендердің өмірі дәлел бола алатындығын тарихтан білеміз.
Жемқорлыққа қарсы күресті әркім өз отбасынан бастауы керек. Тәрбиелеп отырған ұл-қыздарымызға обал-сауаптың не екенін, адал мен арамды жалпы имандылық пен әділдікті құлағына құйып, өзіміз де соған үлгі боларлықтай тәлім-тәрбие беру қажетпіз. Ұрлықтың соңы қорлық екенін, еңбексіз келген дүниенің берекесі болмайтынын ұғындырып, болашаққа жол сілтесек, саналы бала ата-ананың айтқанын бұлжытпай орындайтыны хақ.
Қазақ қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де шүкірі мен тәубесін ұмытпаған халық. Еліміздің болашағы иманды ұрпақта. Ендеше ұрпағымызды ең қажет нәрсемен сусындандырайық ағайын!
Алакөл ауданның бас имамы Әнет ОМАРХАНҰЛЫ