Сабырлық (صَبْرٌ–сабр) сөзінің тілдік мағынасы–шыдамдылық ету. Шарғи мағынасы–Аллаһ Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету. Аллаһ Тағала Құранда мұсылмандарға тән сипатының бірі–сабырлық деген. (Рағд сүресі, 22 аят) Жалпы сабырлық дегеніміз–мұсылманның қажымай тіршілікте кездесетін қиындық пен зорлыққа қарсы тұруы. Мақсатына жету жолында таусылмай еңбек етуі. Аллаһ Тағала біздің сабырлы болуымызға мұқтаж емес. Керісінше, біз қиындыққа сабырлық ету арқылы Аллаһ Тағаланың жарылқауына қол жеткізгенге мұқтажбыз. Қоғамдағы, отбасы мен араласқан ортадағы татулық пен бірліктің негізін сабырлық құрайды.
“Имандылық екі жартыдан құралады. Бір жартысы–сабырлық, екінші жартысы–шүкірлік.”
“Сабырлылық имандылықтың жартысы.”
“Тазалық имандылықтың жартысы. “Әл–хамду лилләһи” сөзі (яғни, Аллаһ Тағалаға мақтау айтудың сауабы) таразыны толтырады. “Субхана–аллаһ” және “әл–хамду лилләһ” (яғни, Аллаһ Тағаланы кемшіліктен пәктеу мен Оған мақтау айтудың сауабы) жер мен аспанның арасын толтырады. Намаз–нұр (яғни, екі дүниедегі пенденің жүрегі мен жүзінің нұры). Садақа–(малды Аллаһ жолында жұмсаумен пенденің иманды екеніне болатын) дәлел. Сабырлылық–(дүниедегі қиыншылық пен сынаулардағы табандылықтың) жарқырауы. Құран–(Аллаһ Тағаланың әмірлеріне мойынсынғаныңның немесе қарсы келгеніңнің) дәлелі. Адамдар әр күні таң атқаннан жанын саудаға салып, Аллаһ Тағаланың әмірлеріне мойынсынумен тозақ азабынан құтылады немесе қарсы келіп азапқа тап болады.”
“Адамдармен қатынасып, олардың жағымсыз қылықтарына сабыр еткен мүмин, адамдармен қатынасын үзген және олардың жағымсыз қылықтарына сабыр етпеген мүминнен артық.”
“Бірде ансарлардың бір тобы Расулуллаһқа (с.ғ.с.) бір нәрсені сұрап келді. Расулуллаһ (с.ғ.с.) сұраған нәрселерін берді. Ансарлар тағыда келіп сұрады. Расулуллаһ (с.ғ.с.) тағыда берді. Ансарлар бәрін алып біткенге дейін Расулуллаһтан (с.ғ.с.) әлгі нәрсені сұрап ала берді. Бәрін беріп болғаннан кейін Расулуллаһ (с.ғ.с.): “Мен қолымдағы бар жақсылығымды сендерден қызғанбаймын. Сыпайы болуын қалаған адамды Аллаһ Тағала сыпайы етеді. Біреуге тәуелсіз болуын қалағанды тәуелсіз етеді. Сабырлылық қылғанды сабырлы етеді. Ешбір адамға сабырлықтан артық сый берілмеген”,–деді.”
“Мүминнің жағдайы ғажап! Расында, оның бар ісінде жақсылықтың нышаны бар. Бұл нәрсе жалғыз мүминге ғана тән болып, басқа ешкімге нәсіп болмаған. Қуаныш болса мүмин Аллаһ Тағалаға шүкіршілік етеді. Бұл ол үшін жақсы (сауап). Егер бір қиындыққа ұшыраса сабыр етеді. Бұл да ол үшін жақсы (сауап).”
“Аллаһ Тағала айтады: “Жақсы көрген адамын алғаннан кейін Тәңірінің сауабынан үміттеніп сабыр еткен мүмин пендем үшін жәннаттан басқа берер сыйым жоқ.”
“Аллаһ Тағала айтады: “Сынап, екі көзінен айырғанымда сабыр еткен пендеме, екі көзінің есесіне жәннатты сый етемін.”
“Мұсылман қажу, ауру, қайғы, уайым, бәле, қасіретке тап болса, тіпті денесінің бір жеріне тікенек қадалатын болса Аллаһ Тағала соның себебінен күнәсінің бірін кетіреді.”
“Аллаһ Тағала жақсылық қалаған пендесін түрлі жолмен сынайды.”
“Аллаһ Тағала пендеге жақсылық қалаған болса күнәсінің жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қалаған болса бұл дүниеде жазаламай жазасын Қиямет күніне қалдырады.”
“Ақиқатында зор сауап ауыр сынақ үшін беріледі. Расында, Аллаһ Тағала бір қауымды жақсы көретін болса оны түрлі жолмен сынайды. Сонда кім разы болса сол Аллаһ Тағаланың рақымына бөленеді. Наразы болған Аллаһ Тағаланың қаһарына ұшырайды.”
Хадисті Әнас ибн Маликтен (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті.