Алла Тағалаға шексіз мақтаулар, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат-тар болсын!
Алла Тағала өзінің сүйген пендесіне ұлық нығметтерін беріп қояды. Осындай нығметтерді түсінген адам Аллаға шүкіршілік етеді. Алла Тағала Құран Кәрімде көптеген аяттарда «Шүкіршіліктің артықшылығын» баяндап жеткізген. Сондай аяттардың бірінде:
﴿…لَئِن شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ…﴾
«Егер шүкіршілік танытатын болсаңдар, әлбетте мен сендердің нығметтеріңді арттырып қоямын»,[1] – дейді. Міне, Алла Тағаланың берген нығметтерінің барлығына шүкіршілік танытуымыз үшін, біз бірінші сол нәрселердің себептеріне шүкіршілік таныта білуіміз керек.
Сахабалардың ұлысы болған Ибн Аббастың (р.а.) көкірегіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак қолдарын қойып: «Алла Тағалам бұған дінді түсіндіріп, Құран ілімін үйрете гөр» - деп дұға қылған еді. Кейін машһүр ғалым болған Ибн Аббастан жеткен хабарда: «Үш аят үш нәрсемен байланысты болып түсті. Алла Тағала бұлардың бірін екіншісі болмайынша қабыл етпейді» – дейді. «Солардың бірі- шүкіршілік. Аллаға шүкіршілік ету және ата-анаңа шүкіршілік ету. Кімде-кім Аллаға шүкіршілік етіп, ата-анасына шүкіршілік ете алмайтын болса, онда ол адамның шүкіршілігі қабыл етілмейді», – дейді.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) хадисінде:
بِرُّ الْوَالِدَيْنِ أَفْضَلُ مِنَ الصَّلاةِ وَالصَّوْمِ وَالْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ وَالْجِهَادِ فِي سَبِيلِ اللَّهِ
«Ата-анаға құрмет қылу намаз оқығаннан да, ораза тұтқаннан да, қажылық жасағаннан және ұмыра жасағаннан да және Алла жолында жиһад қылғаннан да абзал», — деген.
Отан отбасынан басталады. Отбасы – қоғамды құраушы негізгі бөлшек. Отбасындағылар бір-бірінің жеке құқығы мен міндеттеріне қаншалықты құрметпен қараса, қоғам да соншалықты берік болмақ.
Ислам діні жанұяны сүйіспеншілік пен өзара көмектесу, жанашырлық сезімін қалыптастыра-тын қасиетті шаңырақ ретінде қарастырады. Ұрпақтың жалғасып, олардың ұядан ұшқанға дейінгі баянды өсіп-жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Алла ұрпақтың жалғасуын негізгі бес қасиетті ұғымдардың қатарына қосып, оның сақталуына үлкен маңыз артқан. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай негізін қалыптастыратын ең берік тірек – ата-ана. Адамның дүниеге келуіне себепкер болып, жетілуінде ерекше рөлі бар ата-аналар – ең әуелі құрмет көрсетілуі тиіс аяулы жандар.
Адамның дүниеге келуі, өсуі-өнуі басқа жандыларға қарағанда ерекше. Жануарлардың төлдері қысқа уақыттың ішінде жетіліп, өзінің төл қызметін атқаруға бірден кірісіп кетеді. Ал, адамның ес біліп, етек жинауына, одан есейіп ақыл тоқтатуына бірнеше жылдар қажет.
Баланың бақыты үшін шырылдап тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын кесіп-пішіп айту аса қиын. Ата-ананың қадірін түсініп, оларды құрметтеу Алланың рахымдылығына бөленуге себепкер деп білгендер – бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар болмақ. Ал, оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар – өз келешегінің бақытын байла-ғандар. Ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Хақ Тағалаға қарсы келумен бірдей.
Ислам діні отбасына, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты бұлжымас қағидаларды орнықтырған. Әуелі Алла алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде де ерекше мән бар.
«Әнғам» сүресінің, 151-аятында:
﴿قُلْ تَعَالَوْا أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلاَّ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا﴾
«Сіздерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) ешнәрсені серік қос-паңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!»[2] - деп білдіреді.
Ұлы Жаратушымыздың ата-анаға жақсылық жасау бұйырығы – тек адам баласына ғана тән бұйрық. Басқа жануарлар мен жәндіктердің табиғатында кішкентайлардың үлкендерді қорғап, пана болуы кездеспейді. Құран мен хадистерде ата-анаға жақсылық жасауға ерекше көңіл бөлген. Құранның бір ерекшелігі, адам табиғатына тән күнделікті ұшырасатын іс-қимылдарға аса тоқталмайды. Өйткені, оны адамның өзі ешқандай мәжбүрлеусіз орындайды. Мысалы, Құранда: «ішіңдер, жеңдер, ұйықтаңдар, үйленіңдер» деп бұйырылып айтылмайды. Ата-ананың балаға жақсылық жасау мәселесі кей жағдайларға ғана тән. Ал мұндай жағдайлар өте аз кездеседі. Өйткені, ата-ана ешқандай сыртқы жетелеушісіз-ақ болмысындағы өз ерекшелігімен балаларына қамқорлық жасайды. Өмірін пида еткен күннің өзінде ол үшін алғыс та күтпейді. Өмірдің заңдылығы осындай. Ал ата-анаға жақсылық жасау күшті ерік-жігер мен имандылықты қажет етеді. Сондықтан бұл мәселеге бірнеше жерде арнайы тоқталып, назарымызды соған аударады.
Алла Тағала «Лұқман» сүресінің 14-аятында:
﴿أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ﴾
«Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым».[3]
Ахқаф сүресінің 15-аятында:
﴿وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ إِحْسَانًا حَمَلَتْهُ أُمُّهُ كُرْهًا وَوَضَعَتْهُ كُرْهًا وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلَاثُونَ شَهْرًا﴾
«Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың жатырда баланы көтеруі мен емшектен шығуы отыз ай жалғасты»,[4]- деп әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады.
Аятта: «Анасы оны қиындықпен құрсағын-да көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді», - десе, «Лұқман» сүресінің 15-аятында «әлсіреген үстіне әлсіреп», — деп ананың балаға жүкті кезін көз алдымызға елестетеді. Ауыр бір жүк артып, әзер тыныс алып, діңкесі әбден құрыған қайғылы қаһарманның аһылап-үһілегенін және босану кезіндегі жан қиналыстарын көз алдымызға келтіреді.
Сонымен қатар, бұл аятта ананың асыл да ардақты қасиетіне терең мән берген. Күн сайын даму үстіндегі медицинаның берген мәліметтері адамды еріксіз толғандырады. Баланың жатырға түсіп өсе бастауынан кейін ананың ішкі құрылысы толығымен өзгеріп, бала үшін жұмыс істей бастайды. Күнделікті ішкен асын жей алмай, тіпті, оған қарай да алмай, айлар бойы қиналады. Ал баланың сүйектері қалыптасу кезеңінде ананың қанынан кальций артығымен бөлінгендіктен ана әлсірейді. Жатырындағы кішкентай нәрестенің өсуі үшін өзінің сүйегі еріп, содан бөлінген заттарды береді. Ағзадағы бұдан басқа да күрделі құбылыстардың қасында бұл айтқандарымыз өте мардымсыз мағлұматтар ғана. Оны тілмен айтып жеткізу қиын.
Содан кейінгі сатыдағы баланың жарық дүниеге келуі кезіндегі ананың жан қиналысы да адам төзгісіз. Өзінің өміріне қауіп төнсе де перзентті дүниеге әкелуге бел байлайды. Бұның қиындығын аналар ғана жақсы біліп, сезіне алады.
Сәбиіне сүт емізген кездегі құбылыс ерекше көңіл бөлерлік. Баланы қолына алып алғаш емізген сәтінде Алла Тағала оған бар қиындығын бірден ұмыттырып, алпыс екі тамыры иіген ананың көңілі мейірім мен сүйіспеншілікке толады. Көрген қиындықтарына қарамастан анасы өзін бақытты сезінеді. Баланың қиындығынан жалықпайды, керісінше, перзентінің аман-сау өсіп жетілуін бар жан-тәнімен қалайды.
«Исра» сүресінің 23-24 аяттары әке-шешеге құрметтің нағыз шыңын көрсетеді.
وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا ﴿٢٣﴾ وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا ﴿٢٤﴾
«Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр».[5] Бұл жердегі әрбір сөзге терең мән беріп қарау керек.
Аятта сенім негіздерінің ең бастысы Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарау әмір етілген. Осылайша Алланың алдында ананың қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Сүреде бұл мәселенің маңыздылығына назар аудару үшін адамға балалық шағын елестетіп сүйіспеншілік, мейірім мен жанашырлық сезімдерін ояту үшін - «Егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде (жандарыңда) қартайса», - дейді. Қартаю-дың өзіне тән құрметі болумен қатар, оның әлсіздігі мен дәрменсіздігі тағы бар. «Қолдарыңда (жандарыңда)» - деу арқылы қартайған әлсіз шағында паналауға мұқтаждықтарын білдіреді. Тіпті, оларға: «үһ», - деп айтпа, - деу арқылы әке-шешеге әдепсіздік танытпау керектігі айтылып, «оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле», оларға «бәле болдыңдар ғой, әбден шаршаттыңдар ғой» деп кейіме, жылы сөздер айтып көңілдерін аула дейді. Мейірім шуағын жайып олардың тілегін тілеп, алдарында бас июге шақырады. Одан кейінгі сөйлемде адамның ар-ожданына тікелей әсер ететіндей жолға көшеді. «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» – деп, бала күніндегі әке-шешесінің қамқорлығы мен қорғанында өскен әлсіз шақтарын адамның есіне салады. Ал енді ата-ананың өзі қамқорлық пен мейірімге мұқтаж болған жағдайда перзент Алладан олар үшін тілек тілейді. Өйткені, Оның мейірім-панасы шексіз. Ата-ана баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ерекше жанкештілік жасағандықтан, Алла оларды балаларының күші жетпейтін нәрселерге ие қылуы мүмкін.
Кезінде сені қанаттыға қақтырмай, тұмсық-тыға шоқтырмай мәпелеп өсіріп, мейірімі мен махаббаттарына бөлеп, бауырына басқан ата-анаңды қартайған шағында, қорғансыз бала күйіне түскен кезінде қарамай, «оларсыз да күн көрісім мәз емес» деп бағып-қағуды ауырсыну зұлым-дыққа жатады. Негізінде Алла Тағала ата-ананың құрметі үшін шаңырығымызға ризық-берекесін береді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Үйдің берекесі кішкентай сәбилер мен қарттарда» деп осы ақиқатты баяндайды. Шексіз Мейірімді де Рақымды, күллі жақсылық атаулының иесі Алла дүниеге бір перзент келген кезде оларға ризықтарын өте керемет күйде ананың әлемде теңдессіз сүтімен қалай жіберетін болса, кішкентай балаға айналып, мейірімге мұқтаж болған қарттардың да ризығын солай жібереді. Бұл шындықты Жаратушымыз бізге:
﴿إِنَّ اللَّهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُو الْقُوَّةِ الْمَتِينُ﴾
«Ризық беруші, құдіретті күшке ие – Алла Тағала».[6]
وَكَأَيِّن مِّن دَابَّةٍ لَّا تَحْمِلُ رِزْقَهَا اللَّهُ يَرْزُقُهَا وَإِيَّاكُمْ ۚ وَهُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ ﴿٦٠﴾
«Өз ризықтарына өздері қол жеткізе алмайтын қаншама жәндіктер бар. Сендердің де олардың да ризығын беруші – Алла»,[7] - деп білдіреді. Қаншама әлсіз, дәрменсіз жан-жануарлар мен жәндіктердің ең керемет ризықпен ризықтануы осының айқын дәлелі емес пе? Мысалы, өте нәзік құрт піскен, ең шырынды жемістермен, ал дәрменсіз сәбилер ана сүті-мен қоректенеді.
Жасөспірім өзінің де бір күні ақ шашты, сары тісті кемпір-шал болатынын ойлауы керек. Егер, қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай құрақ ұшып, қызмет етуі қажет. Егер ақіретте бақытты болуды қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылу керек. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – құнсыз қазына. Пайғамбарымыз бір хадисінде:
«Әке-шешесі қолында қартайып, жәннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті»,- дейді. Негізінде, Алла Тағала бізді жәннатқа лайық қылу үшін дүниеде шексіз мүмкіндіктерді сыйлаған. Бұл Алланың мейірімділігін танытады. Солардың бірі – әке-шешеге құрмет. Сырт көзге қарағанда ауыр сияқты көрінген міндет – біздің жәннатқа кіруімізге тарту етілген керемет бір сый. Әрине, осындай сыйдан мақұрым қалған адамның ақіреттегі жағдайы өкінішті болмақ.
Ертеректе бір ғалымның анасы қартайып, дүниеден өткен екен.Үлкен сабырдың иесі болып жүрген әлгі ғалым анасының қазасына тоқтамай жылай беріпті. Сонда басқа ғалымдар: «Сен сабырдың сауабын түсінетін ғалымсың.Неліктен қазаға сабыр қылмайсың?»-деп таңырқапты.Сонда анасы қайтыс болған ғалым: «Менде жәннатқа баратын екі мүмкіншілігім бар еді. Соның біреуінен айырылғаным үшін жылап отырмын» -деп жауап берген екен. Бұл жерде біз жәннатқа баратын жолдың біреуі және абзалы анаға деген қызмет және құрмет екендігін түсінеміз.Тіпті, анасының ризашылығын алмаған жағдайда өлер кезде адамның тілі кәлимаға келмеуі де мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде болған мына оқиға соның куәсі.
Кімде-кім Алланың берген нығметтеріне шүкіршілік етсе, әлбетте ол өз пайдасына. Егер біз Алла Тағала бұйырғандай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұйырғандай, ата-анамызға шүкіршілік таныта алсақ, демек ол Алла Тағалаға деген шүкірші-лігіміздің орны – дейді. Солардың ең біріншісі Алла Тағала: «Кімде-кім ата-анасына шүкіршілік танытып, оларға көркем мінезділік көрсетсе, әрдайым жағдайларын жасайтын болса, Алла Тағала ондай адамды өзіне жақындатады, оған деген үлкен бір дәрежелер беріп қояды», — дейді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім ата-анасына жақсылық жасайтын болса, әлбетте ол Алла Тағала рахметіне, жәннаттына жетеді»,[8]- дейді. Айша анамыздан (р.а.) келген хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Мен ұйықтаған кезде, жәннатта болып, жәннатта Құран оқылып жатқанын естіп: «Бұл кім?» – дегенде: «Харис ибн Нұғман»- деген жауапты естідім», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардан Харис ибн Нұғман жайлы сұрайды.
«Оның амалы қандай амал?» - дегенде сахабаларының барлығы: «Ей, Алланың елшісі! Оның жақсы бір амал жасап жүргенін көрмейміз, тек қана бір амалы бар, ол анасына өте көп жақсылық жасайды», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сол істеп жүргені жақсылық», - деп үш мәрте қайталайды. Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) асыл дінімізді баяндап отырған бір сәтінде: «Кімде-кім ата-анасына жақсылық етіп, әрдайым шүкіршілік танытатын болса, онда оның өмірі ұзақ болады», - дейді. Әлбетте өмірдің ұзақ болуы, жылдың ұзаруымен емес, өмірінің берекесінің болуы, сонымен қатар өмір сүру ақысындағы жақсылықтарға кенелумен де өлшенеді. Егер кімде-кім ата-анасына жақсылық қылатын болса, оның өмірін ұзартып қойған Алла, күнә- кемшіліктерін де кешіреді.
Имам Термизидің «Сүннет» кітабында мына-дай риуаят келтірілген:
Бір адам Пайғамбарымызға келіп: «Мен бір үлкен күнә істедім. Менің күнәм кешірілетін бір тәубе іс бар ма?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «сенің анаң бар ма?» - дегенде ол кісі: «жоқ» - деп жауап береді. «Сенің анаң жағынан туысың бар ма?» - дейді. Ол: «Ия», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ендеше оған жақсылық еткін!»[9]- дейді. Анасы өмірден өтіп кеткен жағдайда анасының туыстарын ескеріп жақсылық ететін болса, ол адамның үлкен күнәлары кешіріледі.
Адамның ет-бауыр жақыны – әке-шешесі. Оларға барынша жақсылық жасаумен қатар дұғаларымызда да олардың бірінші кезекте болуын Құран:
﴿رَبَّنَا اغْفِرْ لِي وَلِوَالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسَابُ﴾
«Уа, Раббым! Есеп күні мені, әке-шешемді және бүкіл мүміндерді жарылқай көр!»,[10]- деп баяндайды. Міне, бірінші адамның өзі, одан кейін әке-шешесі келеді. Бұл адам болудың, адами сезімдерге ие болудың белгісі болса керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың разылығы әке-шешенің ризашылығын алудан өтетінін, ал Алла Тағаланың наразылығы ата-ананың наразы-лығына байланысты екенін бізге:
«Алла Тағаланың разылығы - ата-ананың ризашылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да - ата-ананың наразылығында»,- деп ескертеді.
Тағы басқа хадисінде Пайғамбарымыз: «Әке – жәннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, оны тәрк ет, қаласаң сақта» десе, «Перзент әкесінің құнын әкесін құлдықтан сатып алып, азат еткен жағдайда ғана өтей алады», — деп перзенттің ата-ана алдындағы ауыр жауапкершілігін баяндайды. Міне, осы айтылғанның бәрі – исламның ата-анаға деген құрмет-қошеметтің маңыздылығының көрсеткіші.
Ата-анаға қарсы шығу – ең үлкен күнәлардың қатарында. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? – дегенде, сахаба-лар «Иә, бізге қайсылары екенін үйрет», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту», – деп айтқан.
Ата-анасы бақилық болғаннан кейінгі перзенттің жақсылық жасау жолдарын Пайғамбарымыз: «Оларға дұға жасап, күнәла-рының кешірімі үшін Алладан кешірім сұрау, өсиеттерін орындау, артта қалған әке-шеше жағынан жақын туған-туыстармен қатынасты үзбеу және олардың достарына сый-сияпат көрсету», - деп көрсеткен. О дүниелік болған ата-ананың артынан жасалған дұғаның пайда беретінін Пайғамбарымыз: «Адам қайтыс болғанда амал дәптерлері жабылады. Тек мына үш нәрсемен сауабы жалғасады: сауабы үздіксіз келетін садақа, адамдардың игілігіне жараған ілім және артынан дұға жолдайтын салиқалы перзент», — деп ескерткен.
Адам құқына ерекше көңіл бөлген ислам ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған. Бірде сахабалардың бірі Пайғам-барымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Алла жолында жиһад жасағым келеді», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әке-шешең тірі ме?» – деп сұрады. «Иә, тірі», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Олар саған рұқсат берді ме?» –деп сұрағанда, «жоқ», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олай болса еліңе қайт, егер рұқсат берсе жиһадқа қатыс. Бермесе, соларға қызмет жаса, батасын ал, сол – жиһад», – деген-ді. Тағы бір сахаба жиһад жасауға рұқсат сұраған кезде «Анаң тірі ме?» деп сұрады. Тірі екенін айтқан кезде «Онда анаңның аяғына жармас. Жәннат - аналардың аяғының астында», – деген.
Дінімізде ата-анамыз мұсылман болмаған жағдайда да оларға жақсылық жасау қажеттігі де айтылады. Пайғамбарымыздың жұбайларының бірі, Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсмәға (р.а.) сол кезде әлі мүшірік анасы қасына келеді. Әсмә (р.а.) Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Анам келіп тұр, менімен сөйлескісі келеді, онымен жақсы қатынас жасайын ба?», – деп сұрағанда: «Иә, оған құрмет көрсет», – деп жауап берді. Бұл мәселеге байланысты аят түсіп, онда:
«Алла дін үшін сендермен соғысып, ел-жұрттарыңнан қуғындамағандарға жақсылық жасап, әділдікпен қатынас жасауларыңа тыйым салмайды. Расында Алла турашыл-дарды жақсы көреді»,[11]/Users/07/Documents/%D0%A4%D0%B0%D0%B9%D0%BB%D1%8B%20Mail.Ru%20%D0%90%D0%B3%D0%B5%D0%BD%D1%82%D0%B0/Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра./islamshakirt@mail.ru/%D0%90%D1%82%D0%B0-%D0%B0%D0%BD%D0%B0%D0%BD%D1%8B%D2%A3%20%D2%9B%D0%B0%D0%B4%D1%96%D1%80%D1%96.docx#_ftn25" style="margin: 0px; padding: 0px; border: 0px; font-family: inherit; font-size: inherit; font-style: inherit; font-variant: inherit; font-weight: inherit; font-stretch: inherit; line-height: inherit; vertical-align: baseline; color: rgb(70, 70, 70); transition: color 0.3s linear 0s; -webkit-transition: color 0.3s linear 0s; text-decoration: none;"> - делінеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сенің дүниеге келуіңе себепкер әкең, дүние-мүлкіңнің барлығына сен себепкерсің. Олай болса, сен де, мал-мүлкің де әкеңнің табысы боп саналады», - деу арқылы баласының тапқан табысында әкенің де ақысы бар екенін айтқан. Бұл жердегі ақысы – қалағанынша алуы емес, нәпақа ақысы. Перзент дүние-мүлкі жоқ болса да, әке-шешесінің қажеттіліктерін өтеп, асырап бағуға міндетті. Осыған байланысты сахаба Әбу Дәрда (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оған маңызды тоғыз нәрсені кеңес еткенін, солардың біреуі ата-анамен қоса бүкіл отбасының қажеттіліктерін өтеу екендігін жеткізеді.
Ата-ана балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала сияқты қорғансыз болып қалады. Сәбиінің балалық шақтағы небір қырсық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларына мұқтаж болған кезде оларға жақсы қарау – адамдықтың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен бітпейді. Олардың қажет-тіліктерін өтеп, қарасып, рухани әрі материалдық бар мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады.
«Ата-анаң жынды болса байлап бақ» — деп бұны дәстүрге айналдырып, ислам шуағынан нәр алған біздің халқымыздың тарихында әке-шешесін қарттар үйіне, далаға тастау деген жаман әдет бұрын-соңды болмаған. Бұл да исламның әке-шешеге берген маңызын көрсетсе керек. Өкінішке қарай, дініміз бен салт-дәстүрімізді ұмытуға шақ қалған қазіргі таңда «Пәленбай қарттар үйі, түгенбай жетімдер үйі бар, оларға мынаны жасап жатырмыз, қамқорлық етіп жатырмыз» деп мәз болудамыз. Бұл – біздің мақтанышымыз емес, құлдырауымыздың белгісі. Ата-анасын сыйла-маған қоғам ұрпағынан сый күтпесін. Әке-шешелері қандай күй кешсе, балалары да одан жырақ кетпейді. Ата-анасын сыйлай алмаған адам басқа ешкімді де сыйлай алмайды. Ешкімді сыйламаған адам қоғамның өзіне деген құрметінен айырылады. Қоғамның құрметінен айырылған адам өз жанұясында да бағаланбайды. Демек, моральдық тұрғыда азғындап, надандық күй кешеді.
Алау Әділбаев
«Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінің ұстазы,
теология ғылымдарының докторы