Күнделікті өмірде бірлік, ынтымақ жайлы жиі естиміз. Десек те, осынау сөздердің астарына көп үніле бермейміз. Дүние жүзіндегі елдердің бар арман-тілегі тыныштық, ел бірлігін сақтау екені белгілі. Қазақстан мемлекеті де адамдардың береке-бірлігіне, айрандай отырған тынышытығымыздың бұзылмауына аса мән береді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт пен берекенің бастауы. Қазақ халқы «Байлық байлық емес, бірлік байлық» деп тегін айтпаған. Өйткені, бірлік бар жерде өсу де, өркендеу де бар.
Халқымыз ғасырлар бойы ислам дінін берік ұстанып, дамудың даңғыл жолын ұстанып келеді. Ислам сөзінің өзі – амандық, еендік, мойынсұну, бағынумен қатар, бейбітшілік дегенді білдіреді. Құранды алып оқысаңыз, «Сәләм», яғни бейбітшілік деген мағынаны білдіретін аяттарды кездестіреміз. Әуелі, он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағаланың көркем есімінің бірі – «әс-Сәлем»-нің мағынасы «Есендік беруші, өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық беруші» екен. Демек, асыл дініміз адам баласының татулық пен тыныштықта болғанын қалайды. Мұсылман адам атына заты сай болып, бейбітшілдікті, тыныштықты, дінаралық татулықты, ұлтаралық достықты қоғамға көрсетіп, жақсылықты жая білген жан.
Қасиетті құран кәрімнің «Әнбия» сүресінің 107-аятында «Расында, Біз сені барша әлемдерге рақым шуағы етіп жібердік» деп айтылады. Осыдан біз пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жер бетіне жақсылық, бауырластықты, бірлікті жаюшы ретінде танимыз. Жалпы, әр мұсалман баласы бір-бірін көргенде жымия амандасып, құшақ жая амандасуының өзі бейбітшілікті, бауырластық пен бірлікті аңғартады.
Иә, ислам діні адамдарды бейбітшілікке шақырады. Мұсылмандықты қабылдаған ата-бабаларымыздың бірлік бекем болып, түтіні түзу ұшты. Дінін мықты ұстап, бірігіп қуатты ел болды. Әрине, бүгінде терезесі тең татулығымызды көре алмай, еліміздің ынтымағымызға іріткі салғысы келетіндер де жоқ емес. Жаратушы Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. Аятта: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят) десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Нағыз мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан.
Тарихқа көз жүгіртсек, адам баласы сан түрлі соғыстарды басынан өткеріп, зардабын шекті. Бір мемлекет басшысынң жаман пиғылынан көршілес мемлекеттердің бейбіт қаласы отқа орнанып, жазықсыз жандар қаза тауып, өмір бақи мүгедек болып қалғанын білеміз. Иә, бейбітшілік кеткен жерде берекесіздік орнайды. Сондықтан мемлекеттік, халықаралық бірлікті сақтау, соғысты болдырмау, бейбітшілік үшін күрес – қазіргі заманның басты мәселесі болып отыр.
Қазақ халқы «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп бекер айтпаған. Ұлы Абай «Татулықтан артық жолдас жоқ» деп, бірліктің маңыздылығын айтып кеткен.
Асыл дінімізде бірлікт жайлы тамаша ойлар айтылған. Мәселен, ғалым Тирмизиден бізге жеткен хадисте: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» деген.
Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді. Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Сондықтан басшыға бағынып, сабыр сақтап, ел ішіндегі татулықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Елін ынтымаққа жетелеген президетіміздің салиқалы саясатын қолдау – баршамыздың міндетіміз. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да елдегі тыныштық пен бейбітшілікті, татулық пен бірлікті сақтауға көп күш жұмсап келеді.
Ислам діні елдегі өзге дін өкілдерімен дін мәселесінде жанжалдаспай, парасаттылықпен пікір таласуды ескертеді. Бұл жайында «Анкабут» сүресінің 46-шы аятында «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап, пікір таласыңдар» делінген. Екі дүниенің сардары, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезінде өзге дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болды. Мұсылмандар мен уахидилердің, христиандардың арасында болған келіспеушілікті әділ шешті. Иә, Алла елшісі (с.ғ.с) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Біз осыдан ғибрат алуымыз керек.
Қазіргі таңда Қазақтсан мемлекеті өркендеп, қанат жайып көркейіп жатқаны - береке-бірліктің арқасы. Алла тағала осы тыныштымыздан айырмай, бақ-қуатты өмір сүруімізді нәсіп етсін!
Әбудардан Таласбай,
Үштөбе қаласы мешітінің бас имамы.