Сіздерге «Адамзаттың асыл тәжі әз Мұхаммед (с.а.с)» шығармашылық бәйгесінде Ынталандыру -орынға ие болған мақаланы ұсынып отырмыз!
Адам баласы көптеген нәрсенің қадірін уақыт өткен соң біліп жатады. Әсіресе, ата-ананың қадірін қасында болғаныңда ескере бермейтінің өкінішті-ақ. Қазақ: «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», – деп тура айтқан. Шынында да әке-шешенің айтқан ақылын, берген кеңесін атүсті тыңдау жастыққа тән ерекшелік болса керек. Өйткені, пенде шіркін денсаулықтың, жастықтың, уақыттың қадірін білмейтінін Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінен оқып, ұғындық. Адамзаттың асыл тәжінің айтқаны айнымай келгеніне осы күні көз жеткізіп жүрміз. Әлемдегі төрт мәзхзабтың бірінің негізін қалаған мүжтаһид ғалым Ахмед ибн Ханбәлдің «Әл-Муснәд» кітабында келтірілген бір хадисінде пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – дейді тайға таңба басқандай етіп.
Кейде біз ризығымыздың аз әрі тапқан табысымыздың берекелі болмай жатқандығын өзге себеп-салдардан іздеуге құштармыз. Алайда оның басты себебі ата-анаға жасалмаған жақсылықта, туыс-туған көрсетілмеген құрметте жатқандығын біле бермейміз, ескергіміз келмейді. Егер осыны жақсы ұғынсақ, дұрыс түсінсек сәт сайын ата-анамыздың халін білуге ұмтылар едік. Расында дәл солай.
Әке-шешеміздің қасында болу, айтқан әңгімесіне ықыласпен құлақ түру, айтқанын бұлжытпай орындау әркімнің міндеті. Алайда бізді осындай қарапайым шарттарды ескермеу құрдымға әкететіндей. Себебі, қартайған ата-анасын қарттар үйіне өткізу, көмектеспеу, бір жағына шығыспау үйреншікті жайтқа айналып барады. Ал, ата-анаға жасаған жақсылықтың бала үшін қандай мүмкіндік екендігін Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) өз хадистерінде ескертіп кеткені ақиқат. Мысалы, Тирмизи риуяат еткен бір хадисте: «Басқа келетін қауіп-қатерге дұға ғана кедергі бола алады. Ал адамның ғұмырын ата-анаға жасалған қамқорлық қана ұзарта алады», – делінеді. Мың мәрте шындық осы. Яғни, ата-анаңа жасаған қамқорлығың ғұмыр жасыңның ұзақ болуына сеп.
Ғаламның рақым нұры болған Пайғамбарымыздың (с.а.с) адам баласы үшін қажетті әр нәрсенің құпия сырын түсіндіріп кеткені белгілі. Ендеше Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) көрсеткен жолдан неге ауытқимыз?! Осының бәрі білместіктен екен. Бұндай жақсылықтың бәрінен хабардар болсақ қиындыққа, ауыртпашылыққа тап болмас едік. Алайда бәрі керісінше, басымызды тауға, тасқа соқпай тыншымаймыз, тоқтамаймыз. Адам баласы өз басынан өткізбей көп нәрсеге сене бермейді екен. Әйтпесе, күнделікті тіршілігімізге қажетті жолдар мен дұғаларды Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) көрсетіп, айтып, үйретіп кетіпті. Оны ескерудің орнына кейде бұра тартатынымыз тағы бар. Бұл – қиямет қайымға дейін адам баласын азғыруды уәде еткен лағінеті үшін жеңіс, ақіретті ойлаған адамға орны толмас өкініш. Ондай болмасы үшін ата-анамызға деген құрметті, ыстық ықыласты Жаратқан Аллаға деген сүйіспеншілікке ұластыру керек. Оның тереңдігін Құнанбайұлы Абай атамыз бір өлеңінде:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті», – дейді.
Біз өзімізге ықылас білдірген жанға барынша ұнауға тырысамыз. Алайда қым-қуыт тірлікке толы ғұмыр беріп, адасқан жолымызды туралыққа бастаған Алла Тағалаға шүкіршілік жасауды, ризашылық білдіруді ұмытып жатамыз. Басымызға қиындық туғанда бірден Жаратқанға жалбарынамыз, тәубеге келеміз. Сол сәтте ғана жанды-жансыз әлемге шуағын төккен Алла Тағала құлына разы болады. Әйтпесе, қиямет күнінде азаптан басы арылмайды. Имам Бұхариден келген хадисте:
«Алла тағаланың разылығы ата-ананың разылығында,
Алла тағаланың ашуы ата-ананың ашуында», – делінеді.
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с): «Алла тағаланың құлдары арасында кейбіреулері бар, Алла ақырет күні олармен сойлеспейді, оларды ақтамайды, тіпті оларға жылы шырай да танытпайды», – дейді. Сонда Пайғамбарымызды тыңдап отырған сахабалар: «Ей, Алланың елшісі, бұлар кімдер?» – деп сұраған екен. Пайғамбарымыз: «Ата-анасына қарамай тастап кеткен баласы, сәбиін бағып-қақпай, жетімсіреткен ана, біреу өзіне қанша жақсылык жасағанмен, жақсылықты түсінбей, жақсылыққа жамандық жасаған адам», – деп жауап қайтарыпты. Бұл Ахмед ибн Ханбелдің «Әл-Муснәд» кітабынан алынған.
Ата-анасын тастап кету оңай емес. Дегенмен, біздің қоғамда ондайлар жоқ дей алмаймыз. Тіпті, қарттар үйінің ашылуын жұрт қуанар жаңалық ретінде жар салып жүрген журналистер өзі көтерген тақырыптың ауырлығын ұғына бермейді. Өйткені, сенсация, жаңалыққұмар ағайынға керегі болған оқиғаны жеткізу ғана.
Менде солардың бірімін. Алайда жетімі мен жесірін қаңғыртпаған, кәрі-құртаңын жылатпаған ұлттың ұлы екенімді кешірек ұғыныппын. Әрине, ертерек білгенде басқаша болар ма еді, дегенмен әрнәрсенің қайыры бар екендігі көңіл жұбатады. Оның үстіне, пендесін нәпақасыз қалдырмайтын Жаратқан Алла құлының күнәсін асқан мейірімділігімен кешіреді. Әсіресе, тәубешіл құлы мейірімнен құр қалмасы анық. Соның бір дәлеліндей етіп Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллаһ тағала Шағбан айының он бесінші түні жер бетіне шуағын түсіріп, ата-анасына қарсы шыққандар мен Аллаһқа серік қосқандардан басқа барлық құлдарын кешіреді», – дейді, Ибн Мажә, Тирмизи арқылы риуяат етілген хадисінде. Яғни, ата-анасына қарсы шыққандар ғана оңайлықпен кешірілмейтіні осыдан-ақ білінеді. Ондайдан құдай сақтасын, дегенмен, Алла Тағаланың шуағына шомылуды әрқайсысымызға нәсіп етсін!
Мақаламыздың басында қасында жүргенде ата-ананың қадірін білмейтінімізді айтқан едік. Десек те, арадағы алыс қашықтық адамның сағынышын тудырып, ықыласын арттыратыны тағы бар. Ендеше, сағынышқа толы даусыңызды әке-шешеңізге бір естіртіп қойыңыз. Ал, ата-анасының разылығын алған адам екі дүниенің байлығына кенеледі. Өйткені, бұл өмірде берекетке қол жеткізуге көмектескен ана не әкенің ықыласы, разылығы о дүниеде де баласына көмегі тиері сөзсіз.
Мәди Алжанбай