https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Дін мен дәстүр егіз ұғым

11 May 2015 0 comment Оқылды: 5581 рет

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Шөліркеген даладай қуаңсып, суалған көлдей құлазыған мекендер мұсылманшылықтың аяқ басуымен көгалды шалғын, көк майсалы жерге айналды. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен Ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді.

     Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.

     Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы.

     Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «иманигүл» деп ат береді:

                         Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                         Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

                         Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

                         Және хақ жол осы деп әділетті, — дейді.

     Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден – дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде-ақ ұлан-ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір-тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат діні – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Екінші тірегі — салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым-зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі.

     Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінез-құлқымыз, халықтық болмысымыз, өмір салтымыз, тәрбиеміз де, Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу–бүгінгі біздің міндетіміз.

      Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.

     Дүние жүзінде Аллаға құлшылығын бастап, мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері, саясаты, әкімшілік басқару істері, тәлім-тәрбиесі, әлеуметтік жұмыстары, әскери шаралары секілді әмбебап іс-әрекеттері мен жеке басына қатысты қарапайым амалдарына дейін үлгі ретінде ұсынылып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әрбір іс-әрекеттеріне дейін қайталанып келе жатқан Мұхаммед пайғамбардан басқа ешқандай жан жоқ.

     Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үндесіп жатуында.

     Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. А.Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы былай дейді: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр».

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», — деп ұлттық құндылықтардың айрықша орнын атап өтті.

     Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс.

Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі дәстүрі дініміз Исламда болған десек, еш қателеспейміз. Мысалы, қазақ хандарының заңнамаларында шариғат шарттарына басымдық берілуі ұлт пен дін тазалығын сақтап қалудан туған қадам еді. Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғыда» ұлт тазалығы, дін тазалығы деген атаумен арнайы баптың енгізілуі бабаларымыздың дін мен дәстүрге бекем болғанының жарқын көрінісі. Сол сияқты түйінді мәселенің тиімді шешімін таба білген аузы дуалы билер мен шешендеріміздің шариғаттан білімі болғандығы да белгілі.

      Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Имандылықты жастайынан үйренген дала тұрғыны сауатты болған. Тіпті, танымдық мағлұматты білімнің басы деп санаған халқымыз «Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағида қалыптастырған. Бұдан бөлек Ислам құндылықтарын білмеген, Алланың әміріне амал етпеген адамдардың халық арасында беделі де болмаған.

      Енді қазақ халқындағы мұсылманшылықпен сабақтас дәстүрлердің бірнешеуін мысалға келтірейік:

      Азан шақырып ат қою.

      Қазақта «азан шақырып қойған аты» деген тіркес бар. Мұның өзі халқымызда осы мұсылманшылық дәстүрдің әу баста бар екендігін айғақтайды. Негізінде, нәресте туылған соң оң құлағына азанды, сол құлағына қаматты айту шариғатта сүннет амалға жатады. Бір хабарда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімнің баласы туылғанда оның құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жын-жыбыр әсер етпейді», — деген.

      Бір сахабадан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды туған кезде Хасанның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан». Мұның өзі мұсылман ұрпағының дүние есігін ашқан кезде еститін ең алғашқы сөзі кәлима шәһәдат болсын деген ниеттен шықса керек. Һәм ғұмыры аяқталып, дүниеден өтерде де айтатын сөзі осы болады.

     Сәбидің атынан құрбан шалу.

     Қазақ халқында жаңа туылған нәресте үшін Жаратқанға шүкіршілік етіп құрбандық мал сойған. Сәбидің өмірге сау келіп, Аллаға шүкіршілік айтып, шілдехана тойын жасауымыз дінімізде әу баста қалыптасқан дәстүр. Бір риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді: оның атынан жетінші күні сойылып, оның (баланың) шашы алынады». Сондай-ақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хүсейіннің аттарынан бір-бір қошқардан шалғандығы туралы да дерек бар. Тағы бір хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой сойылсын», — деп бұйырған.

      Сүндетке отырғызу

      Қазақтың игі дәстүрлерінің бірі – ұл баланы сүндетке отырғызу. Сахих хадистер жинақтарында жазылған риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттер-ден). Олар: сүндетке отыру, денедегі түктерді алу, мұртты басу, тырнақтарды алу, қолтық түгін тазалау». Қазақ халқының бұдан да басқа мұсылмандық дәс-түрлері жетерлік. Осындай рухани құндылықтар ұлттық болмысымыздың арқауы болып келеді әрі оларды қаз-қалпында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жалпы ұлттық жауапкершілік.

      А.Қасабек: «Ұлттық діл мен діни сенімдер арасында тығыз байланыс бар. Тарихымызға үңілсек осындай байланыстарды халқымыздың санасында кең орын алған аңызда аңғартады. Аңыздың негізгі өзегі – мәңгілік, мәңгі-бақи өмірлік, жанның мәңгі-бақи екендігіне сену. Осындай сенім арқылы адамның рухани түп-қазығы нығыздалған, ділі нығайған. Рухани тұтастық бар жерде текті адам белсенділік арқылы қоғамдық қатынастарды шыңдайды», — деп көрсетеді.

     Ұлттық тамыр, ата-баба дәстүрі мен ұлттық руханият әрбір адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында қасиетті құндылық ретінде орын алуы тиіс.

Сугирбекова Назикул

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз