https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

«ДІН МЕН ДӘСТҮР ЕГІЗ»

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1770 рет

Сіздерге «Адамзаттың асыл тәжі әз Мұхаммед (с.а.с)» шығармашылық бәйгесінде Ынталандыру -орынға ие болған мақаланы ұсынып отырмыз!                   

КІРІСПЕ

 Негізінен кез-келген қоғамның ұлттық рухани өрісі салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, діни болмысының орнықтылығымен, яғни ұлттық менталитетінің дәрежесімен өлшенеді. Бұл орайда қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен діни наным-сенімдері ұдайы қоғам мүддесімен үндесіп, ұдайы өмір салтын, тіршілік болмысын шыңдауға қызмет етіп отырады. «Адамдар қоғамының дамуын арттырғысы келсе, өнеркәсіптік, технологиялық мәдениетті ғана емес, діни руханилықты да өркендетуі керек», — деген пікірді толық қолдаймыз.

Бұдан заңды түрде туындайтын қорытынды – мұсылмандық ілім қазақ жерінде саяси мәнге емес, әлеуметтік-мәдени мәнге ие. Назардан тыс қалдыруға болмайтын ақиқат нәрсе: әлеуметтік даму мен рухани жетілу үстінде адамзат баласы діннен, діни тағылымдардан басқа тиімді құрал ойлап тапқан жоқ. Оның үстіне әлеуметтік тұрақтылық пен ұлтаралық қарым-қатынастарды жүйелеу барысында діннің игілікті ықпалының маңызды екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеудің қажетті шарттарының бірі ретінде діни құндылықтарға арқа сүйеу – қажеттілік.

Сонымен бірге елдің өркениетті дәстүріндегі ерекшеліктерін ескере отырып, тамыры терең діни тағылымдарға иек артатын саяси мәдениет пен әлеуметтік идеологияны қалыптастыру керектігі анық.

ДІН МЕН ДӘСТҮР ЕГІЗ

 Байқайсыз ба, діннен алшақтап кеттік. Діннен ғана емес. Қазақшылықтан да. Неге? Байыбына барсақ, қазақшылық пен дін үндес екен. Демек діннен алшақтау үшін біз әуелі қаншалықты мансұқтайды екенбіз.

Саясат қызық. Біздің саясат емес. Әлемдік саясат. Дұрысы – бізді жүгіндеуге негізделген саясат. Бір қарағанда сенің дініңде ешкімнің де шаруасы жоқ сияқты. Тіпті дінді ауызға алып жатқан да ешкім жоқ. Бірақ дәстүрлі діннен шеттей бастадық. Діннен шеттеу – дәстүрді мансұқтау арқылы жоққа шығарылады. Ал, дәстүр біздің ұлттық болмысымыз. Демек біз діндар болу үшін, діндар болу үшін емес, соған бет бұру үшін, дінді мойындау үшін әуелі ұлттық үрдісті қалыптастыруымыз қажет. Біз осыған дейін оны жоққа шығаруға тырыстық. Нәтижеде… Иә. Қазақылықтан айналдық.

Нақтылы сауал. Қазақ мұсылман ба? Әлхамдулилла, мұсылман. Оған дәлел… Сіз не ұсынар едіңіз? Дұрыс. Біріншіден, мешіттер бар. Бірақ қазір мешіт Ресейде де, Америкада да, жалпы барлық елде де бар ғой. Сақал да өлшем емес. Киім… Біздің киім үлгіміз мұсылмандықпен мүлде үндеспейді. Иә. Бұрыңғы қазақтың мұсылман екендігі ә дегеннен-ақ аңғарылып тұратын. Қалай?

Біріншіден, әйел де, ер де мұсылмандық ғұрыпқа сай киінетін. Екіншіден, әдепті болатын. Үшіншіден, мұсылманша амандасатын. Төртіншіден, қай істі де батамен бастайтын. Бесіншіден… Алтыншыдан… Осылай соза беруге болады. Осы мұсылмандықпен үндесетін дәстүрлі өмір салтымызға біз нені қарсы қойдық? Біріншіден, киімді алмастырып, жартылай жалаңаштандық. Екіншіден, жат әдетті (бұл әдет әдеп емес) бойымызға дарыттық. Үшіншіден, амандасуды ұмыттық «Қалайсыз?», «Аман ба?», «Барсың ба?», «Сәлем», «Привет» деген тәрізді «амандасуларды» мұсылмандық үрдіске жатқызуға келмейді. Төртіншіден, батамен басталатын іс… Иә. Тостқа ұласты.

Арыға бармай-ақ осы жерден қайырғанның өзінде біздің қаншама жылдардан бері бойға дарыған қазақылық, мұсылмандық ғұрыптан салт-дәстүрден мүлде алшақтап кеткеніміз аңғарылады. Өкінішті. Өкінішті емес. Аянышты. Бірақ байқалмайды. Байқалмағаны сол, біз осы алба-жұлба, жартылай жалаңаш қалпымызда мешітке бара беретін болдық. Ал, қазақи киім мешіт қызметкерлетінің қызметтік киім үлгісіне айналып кетті. Қазір тақияны негізінен жолы болмағандар киеді деген түсінік қалыптасты. Тіпті шолақ дамбал киген қауға сақал вахабистердің өзі бір қарыс күнқағары бар кепка киетін болды. Ал ол бас киімнің мұсылмандық үрдіске он қайнаса сорпасы қосылмайды. Беті аулақ, сонда да болса ұғынықтылық үшін айтайық. Мәселен айдалада екі адам өліп жатыр делік. Кімдер екендігі белгісіз. Киімді… Біреуінің басында әлгіндей күнқағары бір қарыс кепка, екіншісінде тақия. Қайсысы мұсылман? Жаназа шығаруға қайсысы лайық? Әрине тақиялы.

Қазір дінге бет бұра бастадық дегеннің өзінде кей дәстүрлерімізді жоққа шығару үрдісі алға шыға бастады. Мұны басқа емес, өзін шынайы діндармын дейтіндер көбірек көтеруде. Байыбына барсақ, бұл да сөз басында айтқанымыздай, қазақылықтан яғни, діннен алшақтатуға қызмет ететін жат идеологияның жымысқы саясатының бірі. Өкінішке қарай бұны солай екен деп ұғынып жатқандар шамалы.

Сонымен біздің сыртқы тұрпатымыз бойынша мұсылмандықтан алшақтап кеткеніміз белгілі болды. Тіпті біздің өмір салтымыз да мұсылмандық үрдіске қоңсы қона алмайтындай деңгейге жетті. Есімдеріміз де солай.

Жалпы қазақтың салт-дәстүрлері қаншама жылдардан бері екшелене келе мұсылмандық ғұрыппен үндесіп кеткендіктен, олар тіпті бір-бірінен ажыратып алғысыз деңгейде жымдасып кетті. Сондықтан біздің ұлттық дәстүрімізге шек кетіру жалпы мұсылмандықты күстаналағандай әсер қалдырады. Ал оны жоққа шығаруға ұмтылу – дінді жоққа шығаруға жасалған қадам екендігін ұғынған жөн.

ҚОРЫТЫНДЫ

Осы арада мынандай тұжырымға келіспеске шарамыз жоқ: «адамдардың қолымен құрылған заңдар мен тіршілік жүйелері адамның жан дүниесіне терең бойлап сұғынуға, әртүрлі қауымдар мен ұлттар арасындағы конструктивті қарым-қатынасты қалыптастыруға толық шамасы жетпейді» деген пікірдің жаны бар сияқты. Ата мен бала сабақтастығы, әдет мәселесі, ұрпақтар мирасқорлығы да діни тағылымдармен етене жақын. Ата-баба дәстүрлерін бағалай білмегенді әдепті деп айтуға ауыз бармайды. Халқының, ұлтының рәсім-кәделерін, әдет-ғұрыптарын білмейтін адам инабаттылыққа, парасаттылыққа адамгершілікке жете алмайтыны анық. Сондықтан да тәрбие берудің маңызды буыны мирасқорлықты бағалауға баулу болып табылады. Ұрпақ тәрбиесі елдің болашағын, халықтың өзіндік руханилығын көтерудің кілті ме деген ой туады. Ал, діни тағылымдар болса осы жолды демеуші, қостаушы, қамқоршы күш ретінде маңызды істердің мұрындығы бола алады деп сеніммен айта аламыз.

                                                Нұрахметова Мария Абайхановна

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз