Сіздерге «Адамзаттың асыл тәжі әз Мұхаммед (с.а.с)» шығармашылық бәйгесінде ІIІ-орынға ие болған мақаланы ұсынып отырмыз!
Әке, ана – өмірдің мәні де сәні де осылар. Ата-ана өміріміздің шамшырағы, отбасының негізгі дінгегі, дәнекері.
Дін мұсылман жолында әкені құрметтеу-айырықша парыз. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу», – дейді Пайғамбарымыз. Әсіресе тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық жоқ.
Ана баланы тоғыз ай көтеріп, дүниеге келтіріп қана қоймайды.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түнде ұйқысын төрт бөліп,
Мұзды бесік таянған, — ана баласын көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қатарға қосады. Бала үшін бәріне баруға бар ананы сол үшін де ерекше құрметтейміз.
Ана деген мен үшін ерекше ұғым. Анамның айтқан асыл сөздері менің құлағымда өшпес шырақ секілді. Қашанда «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деген сөздерді құлағымызға құйып өсіргендіктен біздің әкеге деген құрметіміз ерекше болды. Қазір ойлап қарасам, ол анамыздың көрегендігі, бізге берген тағылымды тәрбиесі екен. Осылайша отбасымыздың ұйытқысы, балаларының қорғаны бола білетін анасы алдындағы перзенттің парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық, «Ана сүтін Анаңды меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың», – деп түсіндіреді.
Ата-ана әрбір адамның қайта айналып соғар алтын қазығы. Оған деген сүйіспеншілік тек жүректен шығу қажет. Әрбір адам адамзаттың өз ата-анасының мөлдір махаббатына бөленуге бірден-бір құқылы. Ата-ананы сыйлау – бұл перзенттік парыз десекте болады.
Алып анадан туады деген рухани сөздің мән-мағынасы тереңде жатыр. Ақын, жазушы, ұстаз, дәрігер бәрі-бәрі қасиетті асыл анадан туады емес пе?
– Иә, ата-ана бала үшін жанын беруге даяр жандар. Бала жанына жанашырлықпен қарап, сәби жүрегіне кірбің келсе ең бірінші ата-анаң шырылдайды.
Біздерді ата-анамыз асыл сөздеріне шомылдырып өсірді, «алтыным», «балапаным», «аспандағы айым» деген құлаққа жағымды сөздерді шын жүректерінен молынан сіңірді.
Қазіргі заманда күнделікті өмірде ата-анасын ренжітіп, оларға қатты сөйлеп, қол көтеріп жататындар да кездеседі. Бұл неліктен? Оған таңданып қарағанымызша келешекте осынау ақ жаулықты аналарымыз бен ардақты әкелеріміздің, осы жалған дүниенің тозағына түспеуінің қамына кірісуіміз қажет. Шариғат бойынша ата-ана разылығы-Алланың разылығы. Ал ата-ананың ашуы мен ызасы, яғни қарғысы Жаратқан Алланың қаһарына тең. Ата-ананың сені «қарғадым»деп айтуы міндет емес. Олардың көңілін қалдырудың өзі – перзенттің қарғысқа ұшырауы деген сөз.
«Жаннат аналардың аяғының астында» деген сөзді білмейтін адам жоқ. Бірақ, ешбір адам бұл сөздің мағынасына терең көз жүгірте бермейді. Ата-анаңа қандай жақсылық жасасаң да көзі тірісінде жасау керек. Ата-анаң қартайған шағында оларға «түһ» деуші болма, ренжіте көрме, оларға жақсы сөз айт. Екеуіне де зор мейіріммен, кіші пейілмен, бас иіңдер. Кішкентай кезіңде сені мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет. Сонда сен ата-ананың алдындағы парызыңды өтейсің.
Жаныма қатты бататыны қазіргі кейбір жастар өз ана, әкелерін қарттар үйіне өткізеді. Біз бұған қалай ғана көз жұма қараймыз? Сонда біз өз ана, әкелеріміздің көзін жәудіретіп далада қалдырып қойсақ, онда ол біздің қазақтығымызға жат қылық болмай ма? «Ата-анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген киелі сөздің айтар ойы да киелі.
Ислам ата-ана мәртебесін басқа ешбір дінде болмаған дәрежеге көтеріп, оларға тиісті адамгершілік, әдеп-инабаттылық Аллаһ Тағаланың жалғыздығына иман келтіру ісінен кейін екінші орынға қойған. «Аллаһ Тағалаға құлшылық етіп, құлшылықтарыңда оған ешнәрсені ортақ етпеңдер! Әрі ата-анаға жақсылық істеңдер!» (Ниса сүресі, 36 аят) , – деген.
Ата-анама деген сағынышымды айтып жеткізе алмаймын. Әрқашан бейнелері көз алдымда елес болып тұрады. Бала анасының құрсағын жарып шыққаннан кейін, анасынан жырақтағандай болады емес пе?
Кейде отырып ойға батып кеткенімде көкейіме сан түрлі сұрақтар келеді. Осы дүниеде адамдар неге қайтыс болады? Өмір неге сонша қатал? Ана мен әке қасымызда мәңгі болса ғой деген армандарымыз неге орындалмайды? Осы сұрақтарыма қайдан жауап аларымды білмей, өзімді қоярға жер таппай қаламын. Аллаһ тағаланың күші бәріне де жетеді екен. Өйткені, өмірге келген әрбір пенде – Аллаһтың құлы.
Атақты орыс жазушысы М.Горькийдің «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған», — деуі шындықты айқындайды. Әрине сондықтан да дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады. Ата-ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, өмірдегі асыл қазынасы. «Қолда барда, алтынның қадірі жоқ» демекші, ата-ана ешқашан қайта келмес жандар. Ана мен әкенің бізге деген ыстық махаббаты шексіз. Ойлап қарасақ, саусақпен санарлық жандар анасына — құрмет, әкесіне — ізет білдіріп жатады. Бұған да шүкір! Бірақ біз қазақ деген бабаның киелі ұрпағымыз. Сол себептен замандастарыма айтарым, әрқашанда ата-аналарыңды сыйлаңдар, өмір бақи аяулы алақандарыңда мәпелеп ұстаңдар.
Осы ойымды салмақтай келе мына бір жайтты айта кеткім келіп отыр. Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар жүргізген бір қарапайым тәжірибе осыған дәлел болса керек.
Ғалымдар адам аналарынан айырылған маймыл балалар үшін екі қуыршақ маймыл ана жасап, бірінің омырау сүт шығатын денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесі жылы да жұмсақ етіп жасаған екен.
Маймыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты ана ретінде қабылдапты. Міне, бұдан түйеріміз, кімге болса да бәрінен бұрын керегі мейірім, ана құшағы ғана.
Үлкенді сыйлау – қазақ халқының ата салты. Үлкенді сыйлау – ең алдымен әке-шешені сыйлаудан басталады. Өз отбасын, өз ата-анасын сыйламайтын ұл мен қыз басқа адамдарды да сыйлай алмайды. Ата-ана баланы дүниеге келтіріп, өмір береді, тәрбиелеп өсіреді, білім береді. Оған ер жетіп, отбасының қамқоршысы болады деп сенім артады. Есейген бала ата-анаға қамқоршы болуға жараса – жігіт болғаны. Ата мен ананың қартайғанда бойынан күші қайтады. Бірақ олардың ақылы, көпті көрген тәжірбиесі отбасына үлкен көмегін тигізеді. Әрбір қиын істің шешімін ең алдымен ата-ана табады. Ол үшін ата-анамен ақылдасып, олардың пікірін тыңдап отырған орынды. Ата-ананы сыйлаған жастардың өз балалары да кейін соны қайталайды. Ата-ананың ісінен үйреніп қана қоймай, олардың тәрбиесін бойға сіңіре білу – әр баланың парызы. Ата-ана қандай жағдай болмасын, «балам қатарынан қалмасын, білім алып үлкен азамат болсын» деп әрқашан тілеуін тілеп жүретін асыл жандар. Олардың ешқашан жаманы болған емес.
Тохтарбекова Айшабибі Ермекқызы,
М.Ломоносов атындағы №5 мектеп-лйцейінің 9 «А» сынып оқушысы