Сіздерге «Адамзаттың асыл тәжі әз Мұхаммед (с.а.с)» шығармашылық бәйгесінде ІIІ-орынға ие болған мақаланы ұсынып отырмыз!
Отан! Қадір-қасиетін білетін адамға қандай керемет әсер сыйлайтын сөз десеңізші! Бәріміз тәуелсіз қазақ елінде бейбітшілікте, өзара ынтамақта тату-тәтті ғұмыр сүріп жатқанымыз бір Алланың бізге берген тамаша сыйы емес пе. Әлбетте, туған жерде кіндік қанын тамып, жұпар ауасын жұтып, мөлдір суын емін-еркін ішіп жүрген күндерге не жетсін! Мысырды билеген әйгілі сұлтан Бейбарыс бабамыз өзге елде сұлтан болып жүргенде, өз жерінде ұлтан болуды қалап, көкірегі сағыныштан қарс айрылардай болған жоқ па? Иә, егеменді ел болып, еңсе тіктегелі азаттықтың қадірін біле бермейміз. Ал, жер бетінде отансыз ұлттар қаншама?! Осыған қарап, Аллаға шүкіршілік айтуымыз қажет.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан!» деп айтқаны еске түседі. Осынау Қазақстан атты байлығы мол кең-байтақ жерді, ауыл-аймақты мекен еткен дария кеуде, тау мүсін қазыналы қарттар, ақ жаулықты әжелер, қадірлі ата-ана, адал жар, әдепті бала, қимас құрбы-құрдастарымыз – біздің отамыздың толыққанды мүшелері. Сондықтан туған ел мен жерді қорғау, амандығын тілеу — әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы дегеніміз ләзім. Қазақ халқы «Отан — отбасынан басталады» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, Отанды сүю, туған елге деген құрмет сезімі ең алдымен отбасынан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады» деп, біздерді жауапкершілікке шақырады. Олай болса, отағасының баласына жастайынан жақсы тәрбие беру, туған елді құрметтеу, жанын қорғағандай дінін, отанын қорғауды үйретуге міндетті.
Отан деген киелі ұғымды пайғамбарымыздай (с.ғ.с) тебірене дәл суреттеген жан болмаған-ау! Екі дүние сардары Отанды сүюді ең қымбат ғибадаттардың қатарына жатқызған. Мәдинаға һижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: “Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім”, – деген екен. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: “Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді” дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, қазақы мінез бала бойында тереңірек қалыптасса құба-құп. Исламды барынша терең ұстанған дана халқымыз «Отанды сүю — иманнан» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін өмірлік ұстанымына айналдырған. Тіпті, Отанын сатқандарды «опасыз, имансыз» деп елден шеттетіп, қаралап жататын. Тарих беттеріне бір сәт көз жүгіртейікші! Жоңғарларға қарсы көтерілістер, фашистік Германиямен соғыс кезінде қарсы шыққан батыр бабаларымыз қара бастың қамы мен дүниені басты мақсат еткен жоқ. Олардың ұлы мақсаты дініміз бен ділімізді, Отанымыз бен жерімізді қорғау, болашақ ұрпағын құл, қыздарын күң болудан сақтау болды. Әйтсе де, біреуге бодан болған кезімізді еш ұмытуға болмас. Бұл тарихтан сабақ алуға үйретеді. Данышпан, ойшыл Төле би: «Бұл қазақтың баласы, тегінде нені көрмеген. Неше бір жайсаң данасы, шешен де болған сөзбенен. Көсем де болған ойменен. Бірақ соның бәрі де, ыдырап жатқан қазақтың қоса алмады бастарын. Мен боламын дегендер, ақтамады сенімді. Көкірек қаққан хандарың, лауазымға таласып, быт-шыт қылды елімді. Береке-бітім келместен, аз дұшпаннан жеңіліп, қайыстырды белімді, – деп, аһ ұрып дүниеден өткен екен. Содан кейін Абылай хан да, басқа хандар да қазақтың басын қоса алмай, арманда кетті. Қазақ алауыздықтан езілген, жаншылған, тапталған, көрмегені жоқ халық. Талай рет тарих сахнасынан жойылып кете жаздады. Міне, осындай қасіреттен жұрттың басын қосып құтқарған, ел етуді, мемлекет болып, өзгелермен терезесі тең тұруды іске асыруды Алла тағала президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа нәсіп етіпті.
Иә, тарихи оқиғалардан соғыс зұлматын өршіткен адамдардың имандылықтан алыстап, қатыгездік, зорлық-зомбылық белең алғанын да білеміз. Мәселен, еуропа халықтары екі рет дүние жүзілік соғыс ашып, әлемді қызыл қанға бояды. 19-20 ғасырда болған І және ІІ дүниежүзілік соғыстарда бір діннің өкілі болса да еуропалықтар бір-бірін қынадай қырды. Сол сұрапыл соғыстар әлі жалғасып жатыр. Неге? Қазіргі таңда ғылым мен технология тұрғысынан уақыт өткен сайын жаңа табыстарға қол жеткізіп отырған адамзаттың неліктен қабағы қатулы, көңілінде қаяу бар? Жаңалықтың бәрін ашқан адам баласы өзара қалай тату-тәтті өмір сүрудің жауабын әлі таба алмай жатқан тәрізді. Өйткені, жер бетіндегі күллі оқиғаларды теледидар мен компютерге сыйғызған адам баласы жұдырықтай жүрегіне барлық адамзатты сүю, жақсы көру сезімін сыйғыза алмады. Осының бәрі иманның әлсіздігінен десек, қателесе қоймаспыз. Әрине, Отанын сүймейтін адамның иманы жоқ. Ал, иманы толық болмаған адамның рухани дәрежесі төмен және ахиреттегі ахуалы мүшкіл болмақ.
Асыл дінімізде бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. «Екі көзді тозақ оты шалмақ емес: біріншісі, Алладан қорқып, жылаған көз, екіншісі, елінің тыныштығын күзетіп, кірпік қақпаған көз» деген хадис бар. Иманы әлсіздер Отанның қадір-қасиетін терең түсіне алмайды, тәні мен жаны қатерге тігілген сәтте елін, Отанын сатып кетуі мүмкін. Елі мен жерін қорғауды бұйырған Жаратқанын ұмытып, о дүниеде алатын жазасын елемей, тайқып шыға келмесіне кім кепіл? Иманды жауынгер мұндай жағдайда тәні жараланудан қорықпай, тіпті жаны үзілуден гөрі Алланың әмірін орындауды құп көреді. Яғни, елін, жерін қорғауды бірінші кезекке қояды. Иманды сарбаз арына, жауынгерлік міндетіне дақ түсірмей өтуін қалайды. Өйткені, ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» қырағы күзеткен, біздерге мирас болып қалған қазақ жерінің азаттығы бәрінен қымбат. Себебі аға буын ағалар армандап, аңсаған тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Яғни, ел егемендігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматының абыройлы борышы.
Бүгінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қолдауымен әскери саламыз оңалып, сарбаздарымыздың айбыны артып, шекарамызды кірпік қақпай күзететін сардарларға барша жағдай жасалуда. Расында, бүгінде сарбазымыздың мерейі үстем, бейбіт елдің қорғаушысы болып отыр. Бір айта кетерлігі, Отанды қорғаушы азаматтарға, еліміздің жастарына имандылық дәрістерін ұғындырсақ, шынайы дінімізге сай тәрбие берсек, нұр үстіне нұр. Сарбаздардың бойында елге деген сүйіспеншілік сезімі, ұлттық рух пен қайсарлық, халықтың мүлкіне ұқыпты қарау, халықтың ақысын жемеу секілді қастерлі қасиеттер де қалыптасары сөзсіз. Сондықтан, ерте заман мен бүгінгі бейбіт күннің батырлары ерлігін жас сарбаздың бойына сіңіру керек. Бірақ қазіргі таңда ислам дінін дұрыс түсінбей, «жиһад» деп, өзінің де, өзгенің де өмірін қиып жүрген, адасып жүрген мұсылман бауырлар бар. Шәкәрім қажы кезінде: «Қазақтың көзсіз баласын, қаңғыртып қайда барасың? Арыңды сатып арамға, адалдап қайтіп аласың?» дегендей, мұндай арам пиғылды топтардың құрамына кірген қандастарымыз отанына жау болып шығуы мүмкін. Олардың ісі дінмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Дін – ең алдымен халыққа адал қызмет етуге үйретеді. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Біздің өсіп-өркендейтін отанымыз – Қазақстан. Отансыз бақыт жоқ. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін білмейді.
Бір тілде сөйлейтін, діні бір, тарихы мен мәдениеті бір қауымды ұлт деп атаймыз. Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Алла оны белгілі ұлттың өкілі етіп жаратады. Шариғатымыз бойынша жас жеткіншектердің бойына ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға рұқсат. Алайда, ұлтжандылық деп, тек өз ұлтын ғана қастерлейтін, өзге ұлттарды қор санайтын ұлтшылдыққа Исламда орын жоқ. Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Исламның бір ойшыл ғұламасы әл-Фудайл бин Ияд бірде: “Егер маған Алла анық қабыл ететін бір дұға жасауға мұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім” деген екен. Сонда маңындағылар мұның себебін сұрағанда: “Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланың мейірімі түссе, онда көптеген ұлттар, ұлыстар мейірімге бөленер еді” деп жауап қайырыпты. Сол себепті біз Отанымыздың күшті де қуатты болғанын қалаймыз. Өйткені, құс ұясын, ал адам Отанын қорғайды. “Біз, қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз…” деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел. Иә, мұсылманға туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда, ол өз туған жері үшін жауапты.
Әркім өз тағдырын туған жерімен, Отанымен байланыстырып, оның өркендеуіне, рухани гүлденуіне өзін жауапты санауы тиіс. Отанымызда Алланың сансыз нығметі мен мол қазынасы тұнып тұр. Демек, белгілі бір туған жердің нәсіп етілуінің өзі Алланың құлына деген махаббатынан деп түсінеді. Сондықтан Отанды Алланың сол жақсылықтары үшін сүю де шүкіршілікті арттырып, иманды күшейтері сөзсіз. Иә, Отан ұғымын адамның тек туып өскен жерімен байланыстырып шектеуге болмайды. Отанның қадірін дұрыс ұғыну үшін оның тарихымен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілік, адамдық құндылықтарымен, көлі мен шөлі, тауы мен, бауы іштей біте қайнасу керек. Демек, Отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген Әбу Насыр әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Ясауи, Бақырғани, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ғұламалардың бәрі Отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар болатын. Отанды сүю – туған елге қызмет ету деп түсінген абзал. Туған елге қызмет өте кең ұғым. Айталық, басшыларға бағыну, ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау қажет. Бірге туған ағайын-бауыр, көрші-қолаң, бір ауылдың адамдары мен бір қаланың тұрғындары осы отаншылдық сезімін дамытар болса, еліміздің қарыштап дамитындығына сенім мол. Ислам тарихына қарасаңыз, мұсылман елдерінде мешіт, медресе, кітапхана, көпір, монша, керуенсарай секілді халық игілігіне жарайтын істердің көбінесе жеке тұлғалардың қайырымдылығымен атқарылғанын көреміз. Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді. Қорыта айтқанда, қазіргі таңда Отан маған не берді деп емес, мен Отаным үшін не істедім деуіміз керек.
Асхат Өмірбаев, журналист