https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Жалғыздың «жақындығы»

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1556 рет

Сіздерге «Адамзаттың асыл тәжі әз Мұхаммед (с.а.с)» шығармашылық бәйгесінде ІІ-орынға ие болған мақаланы ұсынып отырмыз!

Жан-жағын сары кілемге ораған байтақ дала сары көйлегін киіп, ойға батып отырған ару секілді. Күн де жарқырап шұғыласын шашып, нұрын төкпей мейірімнен макұрым қалған анадай отсыз, нұрсыз, сәулесіз. Тал-теректер әке-шешесінен айырылып, еңсесі әбден түсіп, жаны ауырып, жүрегі жабырқаған жетім баладай жәудіреп қарап тұр. «Мені басып жаныштауға, таптауға, арланбайсың-ау адам баласы » — деп мұңын айта алмай жатқан жапырақтар аздап жел соқса ақырын ғана ұшып барып басқа орынға қонады. Тағдырдың ызғарлы желінен ұшып орнын таба алмай жүрген бақытсыз адам секілді. Күн көзі де түнеріп, құбылып бейне бір асарын асап жасарын жасап болып, күзінің соңғы күндерін өткеріп, қысын күткен қария секілді. Аспан да күңіреніп жауынын төккелі тұр. Жүрегі қайғы-шерге толып, көзінің жасы мөлтілдеп тұрған қарт анадай. Көңілсіз көше. Көңілсіз үйлер. Қарт ана отырған саябақ та көңілсіз. Қараған адамға: «Сенде мендей боларсың бір күндері» — деп сазарып қарап тұрған күз бейнесі көңіліңнің түкпіріндегі қорқынышты оятады. Күн азанда біраз тұманданып, бұлыңғырлау болып басталды. Бұлттар « тығылыңдар, мен келе жатырмын!» дегендей жан-жақтан төніп келеді. Қарт ананың қайғысына ортақтасқандай жер дүние қараңғыланып, күңгірт тартып тұнжырап тұр. Күздің соңғы айының бірі болатын. Айналадағы ағаштар үзіліп түсіп бара жатқан жапырақтарын қимай амалсыз, жақынымен үнсіз қоштасып тұрған қайғылы адамның сынық, көңілсіз жүзін еске түсіреді. Табиғат ана бауырында болып жатқан сұмдықтарға үнсіз күрсініп қарт анамен тілсіз ұғысып тұрғандай. Өзінің жаттанды әнін ызыңдатқан тентек жел ғана көңілді секілді. Күлзипа апа өмірінде алғашқы рет бүгінгі ауыр, суық түнді саябақта өткізді. Өне бойы тоңазып, ішегі шұрылдап, басы ауырып барады. Кеше таңғы астан кейін нәр татпаған қарт ананың таңдайы кеуіп, әлі кеткен. Кеше жалғыз баласы Асқар киім-кешекке толған сөмкелерімен адам қаптап жүрген көк базардың дәл ортасына отырғызып, «қазір келемін» — деп кетіп қалған. Сол кеткеннен балам келер деген үмітпен отырғызған орнында түннің жарымына дейін отырды. Арлы-берлі өтіп жатқан адамдар толастар емес. Бәрі де бір жаққа асығып өтіп жатты. Тек Күлзипа апа ғана қай жаққа асығарын білмей дал болды. Көп адамдардың ішінен « Асқарды көріп қалам ба? » — деп көзі талғанша әркімге бір қарады. Қаланың шуы мен көшедегі сатушылардың дауыстарынан басы әбден ауырып, қатты шаршап, күн ұясына кіріп айналаны қараңғылық басқанша: « Асқар келер бір жұмысы шығып қалған шығар» — деген үміт пен күдік арпалысып көп отырған. Ауылдан қалаға көшіп келгелі төрт керегеден шықпаған. Соңғы жылдары қаланың көркін тек көпқабатты үйдің терезесінен ғана тамашалайтын. Адамы көп, шулы жерге неліктен отырғызып кеткенін ана жүрек қанша ойласа да, түсіне алмады. Үйден шығарларында киімдерін жинап, жылы сөйлесіп жүргенге «демалысқа апарайын деген ғой » — деп ана көңіл бір көтеріліп қалған еді. Ал жолда баласы бір ауыз тіл қатпастан, осы жерге алып келген. Кетіп бара жатып артына бұрылып ұзақ қарағанда қиналғандай болып еді… Соңғы күндегі іс-әрекеттері мен сөздері әдеттен тыс өзгеше көрінген. Ойында бөтен ештеңе жоқ қарт ана жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап қала берген. Күн қараңғыланып адамдар да, айналадағы сатушылар да үйді-үйіне тарап кеткен кезде ғана баласының мұны ұмытқанын түсініп, үйді табам ғой деген үмітпен көшені бойлап жүре берді. Әжім басқан жүзі сұрланып, көңілі әлденеге алаңдап « балама не болды екен ? » — деген уайым ішін жегідей жеп қинала аяңдаған. Аяқ-қолы сырқырып, әл-дәрмені құрыған ана қарсы беттегі саябақты көріп орындықтардың біріне тыныққан. Ауылдан келгелі көліктің терезесінен көретін қаланың қай бұрышында отырғанын біле алмады. Осы түні Күлзипа апаның денесін мұздатқан суық күз өзінің қаталдығын танытқан. Дәл осы суық түні бауыр еті баласының далаға тастап кеткенін кәрі жүрек мойындамай мазасыз дүрсілдеді. Ұзақ тірлік бойында, төрінен көрі жақын немере сүйер уақытта бұлай далада қаламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ішін жарып жыққан баласының осыншама қатал екеніне сорлы жүрек сене алмай қан жылайды. Арпалысқан көп ой ішінде Күлзипа апаның көз алдына өткен өмірі елестей берді. Кенеттен болған шалының өлімі қабырғасын қайыстырып кеткен. Бұрындары азан-қазан болып жататын қара шаңырыақта сопиып жалғыз қалған. Не жүріп тұрғанында, не ішкен жегенінде береке болмай жалғыздық күндерін кешіп жүрді. Сондай күндердің бірінде жалғыз баласы Асқар келіп үйді сатуға ұсыныс жасады. Өзін қалаға алып кететінін, бәрінің бірге тұратындықтарын, жаңа да алаңсыз болашақ өмірді айтып, көп өтінген. Бұл үйдің қаншалықты кымбат екендігін айтып жалынғандай болып түсіндіріп бақса да, баласы көнбеді. Соңында анасының жұмсақ мінезін пайдаланып, оның үстіне сатып алушы да табылғанын айтып, ақыры көндірді. Үйдің ақшасына көлік алатындығын айтқан. Кетерінде қайта келмейтінін сезді ме, соншама жыл адал жар, асыл ана, сүйікті келін атандырған әр қабырғасында өмірінің әр естелігі сақталған асыл үйімен көзіне жас алып қоштасқан. Амалсыз көніп белгісіз болашағына «жалғызым бар ғой » — деген берік сеніммен қалаға келген. Келгеннен кейін біраз түн түсінен шықпай, күндіз ойынан шықпай уайым жетегінде кетіп асыл шаңырағын сатқанына қатты өкінген. Сондай мазасыз түндердің бірінде түсіне қара шаңырағының өртеніп жатқанын көрді. Сол түстің уайымымен қатты ауырып қалған. Ауру дене бір түні дәретханаға жеткізе алмай, күш-қуаты жоқ ана орнында жіберіп қойған еді. Таңертең тұрған келіні жағымсыз иісті сезіп жанжал шығарған. Осыған дейін марқұм шалы Өскенбаймен бейбіт өмір сүріп «ей» десіп көрмеген Күлзипа апа келіні мен баласы арасындағы күндегі бітпес жанжалдың себебі өзі екендігін ұғып қан жұтатын. Уайым артынан уайым жалғасып, әр күні келіні мен баласына жалтақтаумен өтетін. Бір шыны шайын қабақ шытып жүріп әрең беретін келіні жанжалды ұлғайта берді. Бір күні түн ортасында қатты дауыстардан оянып кеткен екен. Тағы да баласы мен келіні:
– Саған тигенде кәрі шешеңе қараймын деп тиген жоқпын! Соның боқ-сідігін тазалаймын деп келіспедім мен саған! Кәрілер үйінде жақсы қарайды! Апар сонда! Ертең апар!
– Не айтып тұрсың сен? Кәрілер үйің не?
– Айтқаным айтқан! Бұл үйден не мен кетемін! Не шешең кетеді! Таңда! — деп қатал келін бірақ кескен. Қатты сөздер еттен сүйекке, одан жүрекке өтіп үнсіз тыңдап, таңды үнсіз жылап атқызған. Кәрі жүрегіне біреу қанжар сұғып алғандай. Содан кейін бәрі де қиындай түсті. Бөлек ыдыстармен тамақ беріп, бөлек жерге отырғызып қырын қарауды шығарған. Ондай кездерде қарт ананың бойына ас бітпейтін. Анасын осынша қорлағанына үнсіз қарап жүрген баласынан Күлзипа апа үлкен үміт күтетін. Енді міне, сорлы жүрек кеше таңертең баласының демалысқа емес айдалаға, мәңгілік азап пен өкінішке тастағалы апара жатқанын енді сезгендей болды. Ойына жалғызының кішкене кезіндегі:
– Мама, мен кейін сізге сіз қартайғанда қарайтын әдемі келін әкеліп, үлкен үй салып беремін — деген сөзі түсті. Қарт ананың көз алдына қабағын шытып, мұрнын шүйіріп, үнемі ұнамсыз бірдемелерді айтып күңкілдеп жүретін келіні мен, түсінде өртеніп жатқан шаңырағы келді. Жан-дүниесі сол шаңырақпен бірге өртеніп жатқандай. Жалғызын адам қылып, ешкімнен кем қылмай өсіріп, оқытып адам қатарына қосамын деп жүріп түскен әжімдерінің арасынан ыстық тамшылар ағып жатты. Осы кезде қарт ананың жасы жауған жаңбырмен бірге араласып, ішіндегі қайғысын шығарысқандай болды. Найзағай да анамен бірге күрсініп зор үнімен ашуланғандай бар дүниеге өшіккендей жарқылдады.

Төле Мадина Садырқызы.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз