Бисмилләһир рахмәнир рахим
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті
Бәленің басы «Бәлентин күнінде» болып жүрмесін!
Кейінгі бірнеше жылдың айналасында жастарымыз, жастарымыз ғана емес ау жасамыстарымыз да қайдағы бір «Валентин күні», «ғашықтар күні» деген мейрамсымақты тауып алды. Бұл өзі қайдан шыққан дүние?..
Тарих…
Ерте заманда, дәлірек айтқанда 469 жылы Рим императоры Геласиустың жарлығымен 14 ақпан «Әулие Валентин күні» деп жарияланады. Бұған себеп: әлгі опасыз оңбаған Валентиннің отанын қорғаудан қашып, әскерге бармау үшін үйленетіндердің некесін жасырын қиып, «қиналғандарға» «қол ұшын берген» «ерлігі» әшкереленіп, басы шабылған осы күнді әспеттеу.
Зиян…
Аталарымыздан аманат болып қалған дініміз Ислам екенін естен шығарып, жылтыраққа жабысқан жас баладай біреудің қаңсығын таңсық көріп ел жұртта болмаған «ерлік» көрсетіп жүрген жағдайымыз бар. Әзірге дәл осы «ғашықтар күнінің» зиянын, яғни қанша бойжеткеннің осы күні абыройынан айрылатынын, «ғашығына» қолы жетпеген қанша жігіттің дәл осы күннің қызуымен тамырын кесіп, ауруханаға түскенін, немесе балконнан секіріп опат болғанын, осы күннің «құрметіне» жасалған дискотекаларда уыздай жастарымыздың қаншасы нашамен уланғанын, «тойдағы» төбелесте қанша бас жарылып, қанша көз шыққанын ешкім есептемеген сыңайлы… Есептесе ондай оқиғалардың көптігінен көз сүрініп, санынан жаңылары анық.
Пайда…(?)
Есесіне «пайдасы» туралы ақпарат бар. Еуропалық еріккен ессіз еркектер осы күнге орай Кения, Эквадор, Колумбия елдерінен бір ғана Люфтганза Карго компаниясы арқылы бір миллион тонна раушан гүлін жеткізуге тапсырыс береді екен. АҚШ-қа күніне 25 рейске дейін ұшақпен гүл тасымалданады да, осы күндері колумбиялық гүл өсірушілер жылдық табыстың 30 пайызына (!) қол жеткізеді деген ақпарат бар. Осы күн қарсаңында американдық антұрғандар 108 миллион тал қызыл раушан гүлін сатып алып, кәмпиттің өзіне 692 миллион доллар жұмсайды екен. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өмір керектің» дәл өзі дерсің. Аузы қисық болса да сөйлеп үйреніп қалған байдың балаларына не дерсің… Тоңып секірген, ашқұрсақ ағайынына ас апарып бергеннің орнына біздің заманның бай балалары да түк білмегендей теріс қарап, тойып секіруді таңдайтын тәрізді…
Мереке ме, келеке ме?…
Ал дәл осы күннің кесірінен абыройынан айрылған қарындастардың өмір бойғы өксігі мен жан жарасын ойласақ, осынау күнді қызылды жасыл құттықтау қағаздары мен раушан гүлдері, шоколад, шампан, би мен әнге толы дүбірлі мереке емес, қаралы күн дегеніміз дұрыс па деп қаласың…
Сорақысы сол, осынау жаппай жыныстық жабайылыққа жетелейтін «мерекені» мектептеріміз бен жоғары оқу орындарымыз да алдарына жан салмай атап өтіп бағып жатады. Өліп кеткен өзге дін өкілі Валентин әкейдің әруағына тағзым етіп жүр ме, сектаның сойылын соғып жүр ме, әлде мысық махаббатпен мауқын басып жүр ме, түсінбейсің… Тіпті түлен түртіп, осы күнді жаппай халықтық мереке деңгейінде көргісі келетін компаниялар да көбейіп келеді. Байланыс саласындағылар 14 ақпан күні абоненттеріне 14 тегін sms сыйлайтынымен сүйіншілесе, саяхат компаниялары көңілдесіңізбен көпке көрінбей көңіл көтеруіңізге көмектесіп, осы күні шет ел асып қайтуға билеттерді арзандатып, ақылдан алжасып, азғындауға апаратын «айтулы меркені» атап өтуге атсалысуда.
Ал енді осы мерекеге асыл дініміз не дейді?
Әрине жамандыққа жеткізер жолдарды жарнамалауды Жаратушымыз жақтамасы жалпақ жұртқа жасырын емес. «Ғашықтар күні» деп сырт көзге сыпайы суреттелгенімен, сыпайы емес сұмпайы екенін бүгін біліп тиым салмасақ, ертеңгі күні опық жегізері сөзсіз.
Ал, жалпы алғанда Ислам діні махаббатқа қарсы дін емес. Аллаһ Тағала Қасиетті Құранның Мүминун cүресінде:
«Алланың құдіретінің белгілерінің бірі сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратты. Және сендердің араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім жасады…»дейді. Бірақ, махаббат деген тек қана екі жыныс арасындағы ынтықтық деп түсінетіндер қатты қателеседі…Сонда махаббаттың басқа қандай түрі болуы мүмкін?
Жоғары дәрежелі махаббат
Ең алдымен махаббат Аллаһ Тағалаға арналуы қажет. Бұны дөп басып айта білген Абай атамызға Алланың рахымы болсын.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті – демеп пе еді.
Расында бізді төрт аяқты хайуан етіп емес, есі бар адам етіп жаратқан, әр сәтте жұтқан ауамыз бен толып жатқан нығметтерін толассыз беріп жатқан жаратушымыз Аллаһ Тағаланы шексіз сүю шынайы махаббат емес пе?!. Әрине Жаратушыға деген махаббатты көкірек көзі ашық адамдар ғана түсінері хақ.
«Мөлдір махаббат»қа малынғандар неге ажырасады?…
Ал албырттықпен бір-бірінің көзіне, әдемі сөзіне ғашық боп қалып, иманды мен ибалы, ақылды мен көріктіге емес, шенді мен шекпендіге, пәтерлі мен көліктіге тұрмысқа шығып жатқан қарындастардың айлар өтпей ажырасып, жылға жетпей жүз көріспей кетіп жататынын естіп жүргенімізді жасырғанмен, ауруын жасырғанның ауырмай өлетінін білмейміз бе?!. Сондағы сүйгені мен күйгені, өліп-өшкені осы болса, бұлары махаббат деген биік ұғымнан садақа кетсін дерсің…
Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар – деп Құнанбай қажының баласы Ибраһим бабамыздың айтқаны жоғарыда жазылған жетесіздеу жарымжандарға жеріне жеткізіп айтылғандай…
Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол – дейтін де сол медреседен тәлім алып Исламның бастауынан сусындаған дана бабамыз.
Махаббаттың екінші сатысы
Ислам дініндегі махаббат екіншіден пайғамбарымыз Мухаммәдқа, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, арналуы қажет. Хадисте:
«Мен сендердің біреулеріңе баласынан, әкесінен, барлық адамдардан артық сүйікті болмайынша имандарың толық болмайды» дейді. Сонда хазіреті Омар, Аллаһ одан разы болсын: уа Аллаһтың елшісі! Мен сізді баламнан да, әкемнен де, басқа барлық адамдардан да артық жақсы көремін. Бірақ өзімнен артық жақсы көре алмаймын дейді. Сонда пайғамбар басын шайқап, оның иманының әлі де болса жетіле түсуі қажет екенін сездіреді. Сол сәтте Омар, Аллаһ одан разы болсын: «осы сәттен бастап мен сізді өзімнен де артық жақсы көремін» деп ағынан жарылады. Жүзіне күлкі үйірілген пайғамбарымыз, оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын, енді иманың толық болды дегенді білдіреді. Ал пайғамбарды сүю дегеніміз оның сүннетін сүю, жолымен жүру.
Үшінші саты
Мұсылманның мұсылманды шын жүректен сүюі – дінімізде жоғары бағаланатын амалдар қатарына жатады. Бұл жердегі сүйіспеншілік жыныстық ынтызарлық емес, имани махаббат болғандықтан ер мен ер, әйел мен әйел де бір-бірлеріне деген еш қызығушылыққа құрылмаған, иманды болғаны үшін, Аллаһ разылығы үшін ғана жақсы көру деген сезімді бастан кешіреді. Бұл туралы көптеген аяттар мен хадистер бар. «Өз бауырына өзіне қалағанды қаламайынша біреулерің толық иман иесі бола алмайсыңдар» дейді пайғамбарымыз, оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын. Мұсылмандар тарихы мұндай мысалдарға толы.
Ата-анаға, адал жарға, балаға, елге деген махаббат та осы сатыдан ойып орнын алады. Ал отанға деген махаббаттың жөні бөлек. Ол өз алдына жеке тақырып.
Қорытынды…
Сонымен, сөз соңында айтарымыз: арзан, әрі орынсыз ойын – ойнақтап жүріп от басқызады. Жаһандану заманында жаулаушылардың жұтқыншағына жұтылмау үшін дініміз бен ділімізді сақтайық! Ардан аттамас адал махаббатпен аналарды, аруларды аялайық. Асыл махаббатымызды алдымен Аллаһқа, одан соң пайғамбар мен мүминдерге арнайық! Ессіздік пен есерліктен, ең бастысы еліктеушіліктен арылайық! Жоғарыда жазылған жайларды жас ұрпаққа жеткізейік, балаларымыз үшін Аллаһтың алдында сұралатынымызды ұмытпайық! Аллаһ Тағала баршаларыңыздың бастарыңызға ИМАНДЫЛЫҚ БАҚЫТЫН, Өзіне деген, Өзін сүйгендерге деген сүйіспеншілікті бұйыртсын!
Жандос НЫҒЫМАН