https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Иманды ұрпақ – өнегелі өмір

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1853 рет

Cіздерге «Адамзаттың асыл тәжі әз мұхаммед (с.а.с) атты шығармашылық бәйгесінде І-орынға ие болған мақаланы ұсынып отырмыз»

 

«Сөздеріммен Мұхаммедті мадақтадым.

Есесіне, Мұхаммед арқылы сөздерім мадаққа ие болды.»

Хассан ибн Сәбит

 Досым, дәлдік пен нақтылықты сүйетіндігің қашан, қайда болса да көзге ұрып тұрады. Соңғы жолы да мәулид жайлы өз пікірлерін дәлелдемекші болған жігіттермен айтысқаныңды көріп тұрып, ойға қалдым.

Кел, одан да екеуміз өзің айтқандай тек фактілермен сөйлейік. Біздің дәуіріміздің 571 жылы рабиғ әл-әууәл айының 12 күні таң ата ақирет пайғамбары Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге келді. Аллаһ тағала өзінің пенделеріне: «Ей, құлдарым! Қараңғы қапастан шығарушы елші жібердім, мына түн түріліп, арайлап таң атқаны сияқты сендерге Өз Нұрымды жібердім, қарсы алыңдар, уақыты келгенде қасынан табылып, иман келтіріңдер!» деп ишара еткендей. Дәл сол күні мәжусилердің мыңдаған жылдар бойы жанып тұрған оты жалп етіп сөніп қалғаны, мүшріктердің ғибадатханаларындағы пұттардың өздігінен сынып, қирап қалғаны Құдіреті күшті Аллаһ тарапынан жіберілген ескерту еді.

Жүр, досым, сол жылдарға саяхат жасап келейік. Себебі, сен өзің де соңғы кезде жауыннан кейін қаптап кеткен саңырауқұлақ сияқты көптеген ағымдар мен секталардан шаршап, басым қатты дейсің ғой. Намазға келуге ниеттеніп, мешітке барғалы бері қайдағы бір сақалы қауғадай, еркекке көйлек кигізіп қойғандай жараспайтын, етегі сөлеңдеген киім киген біреулер сені айналдыра бастады. Әрқайсысы өз сенімінің дұрыс екендігін, ақиқатқа тек осы жол апаратындығын айтып, өзеурейді.

Ал сен болсаң өз пікіріңде қалып, ресми сайланған дін өкіліне ғана сенетіндігіңді айтқалы бері олар сені жақтырмай, астыртын түрде ықтырып алуға әрекет жасады. Қыңбайтын түріңді көрген соң, сенің жүріс-тұрысың мен үлгі тұтқан имам, ұстаздарыңды сынап-міней бастады.

Олардың айтуынша мәзхаб ұстанып, бір орталыққа бағыну, заманауи техникаларды қолдану, мерзімдік басылымдар мен теледидар көру, намаздан кейін қол жайып, дұға жасау, бет сипау, тағысын тағылар, бәрі-бәрі дұрыс емес, бидғат, ширк. Ең сорақысы сол, олардың айтуынша Мәулид тойлау, яғни Әз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күнін атап өтіп, салауат айту, Оны (с.а.у.) рақым етіп жіберген Аллаһ тағалаға шүкірлік айту да бидғат екен.

Әлі есімде, сондай бір әңгімеден кейін сен «Ау, сонда не, әлемге рақым етім жіберілген, адамзатты қараңғылық пен надандықтан құтқарушы, дұрыс жолға салушы пайғамбарымыздың, ақ пен қараның аражігін ажыратушы Құран кәрімді адамдарға түсіндіріп берген елшінің туылған күнін тойлаған да бидғат бола ма?» деп біразға дейін қатты ашуланып жүрдің.

Әрине, сен өзің де кез келген тайыз тантыққа жауап бере алатындай білімдісің. Біра         қ, әңгіме мәулид жайлы болған соң, бұрын-соңды өткен ғұлама ғалымдар не дейді, соған жүгінуді дұрыс көрдің.

Сонымен, біздің дәуіріміздің VI-ғасыры, араб түбегі. Елді қараңғылық, надандық жайлаған. Ұрлық, зорлық-зомбылық, зина, ішімдік, алдау, арбау – бұл жәһилет заманындағы сорақылықтардың толық емес тізбесі ғана. Әлі жеткен әлсізге тізе көрсету мақтаныш болды. Ең сорақысы сол, қыз бала адам қатарында саналмады. «Ертең біреуге әйел болып, мені масқаралайды» деп намыстанып, қыздарын тірідей көмген жабайы дәстүр салтанат құрған еді.

Фәтрәт дәуірінің халқы бұл езгіден қашан құтылатынын білмей, күтуде болатын. Білімі терең ғұламалар Құтқарушының келетінін, және оның соңғы пайғамбар екендігін білетін.

Міне, көптен күткен күн де жетті. Аллаһ тағаланың мейірімі мен рақымы болып дүниеге пайғамбарлардың сардары, екі әлемнің нұры Мұхаммед (с.а.у.) келді. Өзіне пайғамбарлық жүктелген күннен бастап 23 жыл қатарынан қажымай, талмай дағуат жасады. Адам баласын қараңғылықтан шығару үшін жанталаса еңбек етті. Өз үмбетіне сара жол көрсетіп, сол орта жолдан шықпауларын өсиет етті. Көз жұмарында да, «үмбетім, үмбетім» деп ағайын-туыс, балаларын емес, үмбетін айтып өткен.

Өз үмбетін осылайша жақсы көре отырып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзін де жақсы көруді бұйырды. Бір хадисте «Сендердің қайсыларыңыз мені өз ата-анаңнан, балаларыңнан және барлық адамдардан жақсы көрмейінше толық иман келтіре алмайды» дейді.

Ал сахабалары да Оны (с.а.у.) жан-тәндерімен жақсы көретін. Оған деген махаббаттың қандай болуы керектігін мына төмендегі сен айтып берген оқиға айқындай түсетіндей.

Құрма діңінің әңгімесі: «Аллаһ Расулының (с.а.у.) мешіті өте қарапайым еді. Жай ғана құрма ағашының бұтақтарымен жабылған, едені құм мен топырақ еді. Құбыла жақта мен тұратынмын. Жұма күндері хұтпаны менің үстіме шығып оқитын. Сол кезде менен бақытты жаратылыс жоқ еді ғой! Әлемдердің нұры, Аллаһтың Рақымы Мұхаммед (с.а.у.) басқа емес, менің үстімде тұрып хұтпа оқығаны мен үшін шексіз бақыт еді. Бірақ күндердің күнінде қала сыртынан бір сахаба келіп, пайғамбарымның (с.а.у.) менің үстімде тұрып хұтпа оқығанын көріп, жанындағы сахабаға өзінің ағаш ұстасы екенін, егер Расулаллаһ (с.а.у.) рұқсат етсе мінбер жасап беретінін, сол кезде елдің бәріне көрініп тұратындығын айтып отырғанын естіп қалдым. Жұмадан кейін әлгі сахаба пайғамбарыма (с.а.у.) келіп, ұстаның өтінішін айтып еді, Аллаһ елшісі сөзге келмей, рұқсатын берді. Келесі жұмада мені мешіттің бір шетіне қойып, мінбені орналастырды. Пайғамбарым келіп, хұтпаны мінбенің үстінде тұрып айта бастады. Жұрттың бәрі ұйып тыңдап отыр. Тек менің ғана ішім астаң-кестең болып, пайғамбарымнан алыстап қалғаныма назаланып тұрмын. Бір кезде одан әрі шыдай алмай боздап жылап жібердім. Пайғамбарымның денесінің жылуын енді қайтып сезінбейтінімді, одан алыстап қалғанымды ойлаған сайын ішім удай ашып, одан әрі боздай түстім. Қатты жылағаным соншалықты, өзім қақ айрылдым. Сахабалар болса маған бір, пайғамбарыма бір таңырқай қарап, қоса жылап тұрды. Сол кезде пайғамбарым келді де, мені құшақтап жұбатты, әрі сахабаларына қарап тұрып: «Егер мен жұбатпасам, бұл ағаш мені сағынғандықтан қияметке дейін жылайтын еді» деді де, менен «Қаласаң қайта отырғызайын, көктеп, мәуелі ағашқа айналасың, қаласаң мен сені жаннатқа отырғызайын, ол жерде сенің жемісіңді Аллаһтың әулие құлдары жейтін болады» деп сұрады. Маған сол жерде тіл бітіп: «Мен жаннатты қаладым, жаннатқа отырғыз. Ол жерде шіру, жоғалу деген болмайды» деп жауап бердім».

Иә, досым, біз Аллаһ Расулының (с.а.у.) ғазиз жүзін көрмесек те, оған ғашықпыз. Ол болса өзіне ғана тән пайғамбарлық көрегендікпен «Бауырларыма сәлем!» деп, қаншама ғасырдан кейін келетін, көрмесе де иман ететін бауырларына сәлем жолдады. Ал біз болсақ оған «Аллаһтың сәлемі саған болсын, уа Ғаламның Нұры, Пайғамбарлар Падишасы, Аллаһтың ең Сүйікті Құлы әрі Ұлы Досы!» дейміз.

Досым, біз шын бақытты жандармыз. Себебі, Аллаһ тағала бізге мұсылман болу бақытын нәсіп етіпті. Надандықтың соқыр шеңберінен шыға алмай жүрген басқа адамдардан айырмашылығымыз, қиямет күні бізге пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммед (с.а.у.) шапағат етеді. Себебі, Аллаһ тағалаға серік қосқандар, сиқыршылар, шарап ішушілер, зинақорлар, ата-анасын ренжіткендер және сөз тасушылар мен рақымсыздардан басқа үмбетіне шапағат етуді Аллаһ тағаладан жылап отырып тілеп алған еді.

Досым, сен маған пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Кім маған салауат айтуды ұмытса, ол жаннатқа барар жолдан адасады» деген хадисін айтып беріп едің.

Ал мәулид салауат, уағыз, Жаратушымызға сансыз шүкірліктер айтылып, соңғы Елшінің (с.а.у.) өмірі насихатталатын күн. Сонысымен де бұл күн бізге ерекше қымбат мереке.

Аллаһым, Сенің сансыз сәлемің, салауатың, игілігің пайғамбарым Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм мен оның отбасына, сахабаларына болсын!

Сарипбеков Жеңіс

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз