«Адамзаттың асыл тәжі әз Мұхаммед» шығармашылық байқауының бас жүлде иегері Нұргүл Ыдырысованың мақаласын сіздерге ұсынып отырмыз!
Аллаһтың Сізге сәлемі мен берекеті болсын! Ата-анам және жаным жолыңызда құрбан болсын ей Расулуллаһ!
Ей Аллаһтың Елшісі (с.ғ.у.( қолыма ақ қағаз бен қалам алып Сізге хат жазайын деп отырмын. Хаттың өзі жетпесе де мүмкін Аллаһтың қалауымен сөзі жетер Сіздің құзырыңызға. Себебі Аллаһ Сізге айтылған салауаттарды қабыл етуші.
Сіздің толықсыған ай жүзіңізді көрмесек те, мүбәрак дауысыңызды естімесек те Сіздің сүннетіңізбен өмір сүрген біз мұсылмандардың Сізге айтарымыз көп. Әрқайсымыздың жүрек дариямыздың түбінде жатқан Өзіңізге айтар сырымыз бар.
Ей Хабибуллах, мына әлімге келдіңіз де күллі жаратылысты Өзіңізге ғашық етіп кеттіңіз. Бәріміз сізді сағындық ей Сұлтаным! Біле – білсеңіз адамдар ғана емес тіпті айналамызды қоршаған барлық жаратылыс Өзіңізді сағынышпен іздейтін сияқты. Кейде тыныштықта табиғатқа құлақ салсақ самал жел жылы лебімен бір өпсем деп ары-бері есіп Сізді іздейтін тәрізді, толқындар атыңызды атап тебіреніп, құстар Сізді шақырып шырылайтын сияқты, тіпті бұлттар да Сізді сағынғаннан мұңын жасырып жаңбыр емес жас жауатын тәрізді.
Кейде мен: -«шіркін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің)с.ғ.у.( дәуірінде өмір сүргенімде ғой! Не Әбубәкір, не Омар, не Фатима, тым болмаса Сіздің мүбәрак табаныңыз тиген аяқ астыңыздағы топырақ болғанымда ғой»-деп армандап кетемін. Бірақ бәрі бір Алланың қалауында. Алланың мейірімімен мүмкін мәңгілік өмірде Сізді көрермін.
Ей Сұлтаным, Сіздің бойыңыз мейірімділік, сабырлық, әділеттілік, парасаттылық сияқты керемет қасиеттерге толы еді. Адамзатқа туыстармен, достармен жалпы барлық адамдармен жақсы қарым –қатынаста болудың ең тамаша үлгісін көрсетіп кеттіңіз. Соның ішінде баланың ата-анасы алдындағы міндетіне ерекше қөңіл бөлдіңіз. Адам баласына ата-анасын құрметтеген Алланың разылығына бөленетінін айтып сүйіншіледіңіз, ал ата-анасын жылатқан Алланың қаһарына, ашуына душар балатынын айтып ескерттіңіз. Бірақ өкінішке орай біздің мына заманымызда ата-анаға өте аз құрмет көрсетілуде. Сіз ата – анаға «уф» деп айтудан тыйған едіңіз. Бірақ қазіргі адамдардың азғындыққа түскендері сонша тіпті кейбіреулері ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп жатыр. «Қарттар үйі» дегенді естімеген Сіз бұл адамзатқа не айтар едіңіз.
«Ата — ана» -бұл асыл да қасиетті ұғым. Ата –ана адамдардың журектерінің тыныштығы, көзіміздің қарасы, өміріміздің мәні, бар әлемге шуағын шашқан күн нұры, мейірімділіктің бұлағы, махаббаттың шуағы.
Ей Хабибуллах, адамзат бірінші өзінің ұлы жаратушы болған Аллаһты, одан кейін Сізді, одан кейін ата-анасын сүю керек екен.
Есіңізде ме Ей Сұлтаным, бір сахаба Сізге келіп:
-«Ей Аллатың Елішісі (с.ғ.у.) ең бірінші жақсылықты кімге жасайын?-дегенде Сіз :
-«Анаңа»-дедіңіз. Сахаба сізге:
-«Одан кейін кімге жасайын»-дегенде Сіз тағы:
-«Анаңа»-дедіңіз. Әлгі сахаба үшінші рет сол сұрақты қайталап қойғанда Сіз тағы «анаңа» дедіңіз де төртінші ретінде әкеңе деп жауап бердіңіз.
Бұнымен Сіз бұл өмірде құрметке лайық ең қымбат жан -ана екенін білдірдіңіз. Баласын тоғыз ай көтеріп, толғатып қана қоймай сонымен қатар ақ сүтімен баласының бойына ана тілі мен ата дінін дарытып, бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететін жалғыз жан- асыл ана.
Ата-ана сәбиі дүние есігін ашқаннан бастап күн демей, түн демей әлпештеп аялап өсіреді. Түн ұйқысын төрт бөліп, әлдилеп отырып ақ сүтімен жеткізген анамыздың көңіліне қаяу түсіруге хақымыз жоқ. Ата-анаға қарсы келу, көз жастарының төгілуіне себепкер болу ең үлкен күнә, қылмыс, орыны толмас өкініш. Бұл қылмыстың жазасы бұл дүниеде ғана емес ақіретте де беріледі. «Атаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді» -деген атам қазақ.
Сүйікті анашым мен әкешім -бұл өмірдегі гүлстаным, достарым, сырластарым. Анам мен әкем қуанса мен де қуанамын, олар қиналса мен де қиналамын. Ей Расулуллаһ, білесізбе асқар тауым әкем мен кәусәр бұлағым анам Алланың әмірін орындауым үшін және Сіздің сүннетіңізбен өмір сүруім үшін барлық жағдайымды жасады. Әлі есімде өздері қиналып отырса да мен медреседе оқығанда барлық табыстарын маған жіберіп отырды. Маңдай терімен тапқан табыстары Құран мен сүннетті ұстанып, екі дүниеде де бақытты болуым үшін жұмсалды. Ата-анамды Меккеге қанша арқалап апарсам да олардың алдыларындағы борышымнан ешқашан құтыла алмаспын. Сұлтаным, адам баласы бұл өмірде көп қиыншылық көруі мүмкін. Менің ойымша бұл жалған дүниедегі сол қиыншылықтардың ең қиыны да ауыры ата-анадан айырылу болар. Ата-анасыз бұл өмір қараңғы түнекке айналатын сияқты. Бірақ бұдан да қиыны ата-ананың мәңгілік өмірдің есігінен мұсылман болмай аттауы. Ата-анамызды шын жақсы көрсек, оларға шын жанымыз ашып, екі дүниеде де бақытты болуын қаласақ оларды асыл дініміз Исламға шақыруымыз керек. Шамамыз келгенше көздері тірісінде ата-анамызды басқа киілетін тәж сияқты қорғап, аялап төбемізге көтеру барлығымыздың асыл парызымыз. Аналардың есімдерін алтын әріптермен көкке жазып өтсек те бізді емізген бір жұтым ақ сүтін де өтей алмаспыз. Баласына жер бетіндегі бүкіл адамзат қарсы келсе де ана мен әке ғана баласын ақтап, қорғап қалуға тырысады. Адамды ең көп кешіретін де, ең қатты түсінетін де жалғыз әке мен ана. Бұл өмірде әке мен ананың хош иісінен артық иіс жоқ, аялы алақандарынан артық алақан жоқ, мейірімді көздерінен артық мейірімділік жоқ, ыстық махаббаттарынан артық махаббат жоқ.
Ей Расулуллаһ, қасық қаным қалғанша, шыбын жаным шыққанша жан тәніммен ата-анамның разылығын алуға тырысамын. Ата-анам менен разы екендіктерін жиі айтып отырады. Әсіресе анам разылығын көп білдіреді. Ей Хабибім, анамның «разымын» деген сөзін естігендегі қуаныш сезімін айтып жеткізу мүмкін емес. Сол күн мен үшін ең шуақты да, бақытты күн. Анам мені қандай мейіріммен өсіріп жеткізген болса, мен де балаларыма сол мейірімділікті беруге тырысып жүрмін. Мүмкін анамның осы ақ сүтінен дарыған мейірімділіктің нәтижесі болар мен де балаларымды ешқашан дәретсіз емізіп көрмегенмін.
Қай ата-ана өзінің балаларының Исламмен өмір сүруіне жағдай жасаса, сол ата-анаға ақіретте тәж кигізіледі дейді дініміз Исламда. Ей Сұлтаным, Алланың қалауымен, мейірімімен менің де ата-анам сол тәжді кисе екен деп тілеймін, үміттенемін Рахманнан.
Ей әлемдердің Мырзасы болған сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у.) Сіздің жолыңызда құрбан болсақ та Сіздің «үмметім, үмметім, үмметім!» деп көзіңізден үзіліп түскен бір тамшы жасыңызға да татымас. Мейірімді Аллаһ рахметін жаудырып жер бетіндегі барлық балаларды ата-аналарымен бірге Фирдаус жәннәтінда кәусәр бұлақта Сізбен кездесуді нәсіп етсе сол күннің ең үлкен табысы да, жеңісі де осы болар деп ойлаймын. Аллаһым осы тілегімізді қабыл еткейсің!
Қош бол Хабибім!!!
Сағынышпен үмметіңнен Нұргүл.