https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

ЖҮРЕК ТҮРЛЕРІ

11 May 2014 0 comment Оқылды: 5173 рет

Жүрек – имандылық пен күпірліктің мекені. Жүрек – басқарушы орталық. Адамның сезімдері мен дене мүшелері осы орталыққа бағынады, орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекен етсе, адамның бойында имансыздық пен жаман қасиеттер пайда болады. Яғни, жүрек – жақсылық пен жамандықтың қайнар бұлағы. Сахаба Әбу Һұрайра (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» (Байхақи, Шуьабул-иман).

Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады екен. Бұл жүректің маңыздылығын айрықша аңғартса керек. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала адам баласының иманды немесе имансыз, екі жүзді немесе күнәһар болуының басты себебінің адам баласының жүрегінде жатқандығына назар аудартады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Назар аударыңдар! Адам денесінде бір бөлік ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады» (Бұхари, Иман) деп ескертуі де адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.

Жалпы адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда төмендегідей топтарға бөлуге болады. Олар:

1.Қалбун салим (сау жүрек)

Құран Кәрімде былай делінеді: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кім Аллаһтың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады» (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар). Аятта айтылып өткен «сау жүрек» сөзінің мағынасын алғашқы буын ғалым өкілдері «күпірлік пен күнәһарлықтан аман», «ширк пен шүбәдан арылған», «Аллаһтың Хақ екендігіне, қияметтің күмәнсіз болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтірген», «түрлі рухани дерттерден айыққан» және «жаман мінез-құлықтан арылып, көркем мінез-құлықпен безенген жүрек» деп түсіндірген.

Бұл жайында ғалым Фахруддин Рази былай дейді: «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандық пен жаман ахлақтан аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, жиіркенішті әрекеттерден және дүние құмарлықтарынан арылуы».

2. Қалбун муниб (мойынсұнған жүрек)

Қалбун муниб – жүзін әрдайым жаратушы Аллаһқа қарай бұрып, өткінші дүниелердің бұғауынан құтылған, шынайы ықыласпен Раббысына мойынсұнатын жүрек. Құран Кәрімде бұл жайында былай деп баяндалады:

«Міне, сендерге уәде етілген жәннат! Ол Аллаһқа қарай жән-тәнімен бет бұрған, әмірлеріне мойынсұған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және «қалбун мунибпен» (Аллаһқа бет алған жүрекпенен) келген пенделерге арналған» (Қаф сүресі, 32-33 аяттар).

3. Қалбун мутмайын (орныққан жүрек)

Бұл – мүминнің санасын кеміріп, көкейіне түрлі арам ой салып, мазасын қашыратын уәсуәсә-азғырулардан құтылып, тыныштық тапқан яғни нық иман орныққан жүрек. Яғни, «айнал-яқин» дәрежесіне жеткен жүрек. Құран Кәрімнің баяндауы бойынша жүректің мұндай дәрежеге жетуінің бірден-бір жолы – «зикруллаһ», яғни Аллаһты еске алып, зікір ету. Бұл Құранда анық түрде баяндалған. «Біліп қойыңдар! Жүректер тек Аллаһты зікір етумен ғана орнығып, тыныштық табады» (Рағыд сүресі, 28-аят).

Міне бұлар – шынайы мүмин пенделердің жүректері. Мұндай пенделер ақыретте ешқандай қиындық көрмейді. Олар Аллаһ Тағаланың уәде еткен жәннатына кіретін болады.

4. Қатайған жүрек

Ислам ғалымдары жүректің қатаюын «жүректің ақиқатқа бас ұрудан және Аллаһтың аяттарын түсінуден ұзақ тұруы», «уағыз-насихаттарға құлақ аспай, жалғанға бой алдыруы» және «имансыздық пен күнә істеуде шектен шығып, қасарысуы» деп түсіндіреді.

Пайғамбарлар арқылы жіберілген иләһи хабарларға жүректерін тарс жауып, бекітіп алған, оларды естімеу үшін барлық күшін салған, осы әрекеттерінің салдарынан жүректері қатайған адамдар жайында Құранда былай делінеді: «Аллаһты еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкінішті. Олар ашық адасуда» (Зүмәр сүресі, 22-аят).

5. Өлі жүрек

Бұл – Құран Кәрімнің терең мағыналы әрі ғибратқа толы аяттары мен Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) тағылымы мол уағыз-насихаттарынан ғибрат алмайтын, сезініп, әсерленбейтін жүрек. Мұндай жүрек Құран Кәрімде «мөр басылған жүрек» деп сипатталады. Бұл Аллаһ Тағаланың ескертулеріне құлақ аспайтын, көкірек көздері көр болғандықтан ақиқатты көре алмайтын адамдардың жүрегі. Соқыр наным-сенімнің жетегінен шыға алмай, оны нағыз тура жол деп білгендіктен, ақиқатты зерттеп-зерделеуді, ақыл таразысына салып өлшеуді қажетсінбеулері әрі ақиқатты мойындаудан бас тартып, қасарысулары және Аллаһтың өздеріне берген есту, көру, сезіну (ақиқатты табу) қабілеттерін қолданбауларының салдарынан Аллаһ Тағала олардың жүректеріне мөр басқан. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала былай дейді: «Расында кәпірлерді ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Аллаһ олардың жүректері мен құлақтарына мөр басып, бекітіп тастаған. Көздерінде де перде бар» (Бақара сүресі, 6-7 аяттар).

«Олардың жүректері бар. Бірақ, онымен шындықты түсіне алмайды» (Ағраф сүресі, 179-аят).

Бұл имансыздардың жүректері. Мұндай пенделердің ақыретте жағдайлары өте мүшкіл болады. Аллаһ Тағала бізді мұндайдан сақтасын!

6. Ауру жүрек

Қасиетті Құранда былай айтылған: «Олардың жүректерінде ауру бар. Аллаһ олардың ауруын күшейте түседі» (Бақара сүресі, 10-аят).

Ислам ғалымдары жүрек ауруларын итиқади (сенім) және ахлақи тұрғыдан екіге бөліп қарастырады. Осыған байланысты имансыздық, екіжүзділік, ортақ қосу, надандық және күмән келтіру сынды иманға қатысты адастыратын әрекеттерді «итиқади сырқаттар» деп, ал шәһуаттың құлы болу, күнә істеу құмарлығы, қорқақтық, сараңдық, риякерлік, тәкаппарлық, кектену, көре алмаушылық және дүние құмарлық сынды жағымсыз қасиеттерді «ахлақи сырқаттар» деп түсіндірген. Бұл сырқаттар имансыз, екіжүзді және нәпсісінің жетегінде жүрген кейбір мұсылман пенделердің жүректерінде болады.

Жүректің сырқаты өткінші. Өйткені, алғашқы кезде ешқандай жүректе ауру болмайды. Сол себепті, жүректегі кез келген сырқаттан Аллаһтың жәрдемімен айығуға болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде адам баласы қияметте жауапқа тартылғанда Аллаһ Тағала оның түр-әлпеті мен дене бітіміне емес, жүрегі мен амалына қарайтындығын баяндайды. Сондықтан, ешбір мал да, жан да пайда бере алмайтын сол бір ұлы күнге сау жүрекпен баруды Аллаһ Тағала барша мұсылман пендеге нәсіп еткей! Амин!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз