Әр-Рағд сүресі қасиетті Құран Кәрімнің 13-сүресі, Мединалық сүре болып, 43 аяттан тұрады. Әр-Рағд сөзі “күннің күркіреуі” деген мағынаны білдіреді. Бұл мақаламызда осы сүренің 6-аяты туралы тәпсір ғалымдарының көзқарасы мен мұсылман үмбетіне берер пайдасы жөнінде кеңірек тоқталатын боламыз.
Алла Тағала бұл аятта:
»وَيَسْتَعْجِلُونَكَ بِالسَّيِّئَةِ قَبْلَ الْحَسَنَةِ وَقَدْ خَلَتْ مِن قَبْلِهِمُ الْمَثُلَاتُۗ وَإِنَّ رَبَّكَ لَذُو مَغْفِرَةٍ لِّلنَّاسِ عَلَىٰ ظُلْمِهِمْۖ وَإِنَّ رَبَّكَ لَشَدِيدُ الْعِقَابِ « [سورة الرعد 6-آية]
Мағынасы: « Олар )Аллаға сенбейтіндер( саған (Пайғамбарымыз айтылуда): «Қане, бізді қорқытқан азабыңды тезірек келтірсеңші», – деп, бастарына жақсылықтан бұрын жамандықтың тезірек келгенін тілейді. Әйтсе де олардан бұрын (өмір сүріп лайықты жазасын тартқан күнәһар қауымдар сияқты) ғибратқа толы талай мысалдар шынымен орын алған болатын. Алайда Раббың адамдар қанша жерден зұлымдық істесе де оларға кешірімді. Расында, Раббыңның жазасы тым қатты», ̶ деп ескертеді.
Ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с) Алла тарапынан пайғамбарлық міндеті жүктеліп, адамзат баласын хақ дінге, Алланың жалғыздығына шақыруға бұйырылады. Жасап жүрген күналарын тоқтатпаса Алланың азабына ұшырайтындықтарын ескертеді. Сонда адамдардың арасындағы Аллаға мойынұсынбайтындары Пайғамбарымызға (с.ғ.с) қарсы келіп мазақтап, шыншыл болсаң сол азабыңды қазір түсіртші деп тәкаппарланады. Осылай қырсық мінез көрсеткентері үшін осы аят түседі.
Бұл аят турасында атақты тәпсірші ғалым Имам Құртуби былай дейді: «Пайғамбарымызға мүшриктер келіп уәде еткен азабыңды түсіртші егер шыншыл болсаң деп мазақтап қолқа салады. Сонда мейрімді Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сендерден бұрынғы қауымдардың басына қандай азап келгенін білесіңдер ғой, Алланың азабын өздеріңе тез келуін сұрамаңдар! Қарсыласқанның орнына тәубеге келіп, Алланың рахымына бөленетіндей мүмкіндіктерің болып тұрғанда күналарың үшін кешірім сұрап үлгеріңдер! Алла ерекше мейрімді, қандайда бір зұлымдық жасаған болсаңдар да шынайы тәубемен келсеңдер зор кешіріммен қарайды. Ал тәкаппарлыққа бой алдырып, қарсы келсеңдер Алланың азабы қатты болады деп ескертеді»,– деген.
عن علي بن زيد عن سعيد بن المسيب قال : لما نزلت : وإن ربك لذو مغفرة للناس على ظلمهم وإن ربك لشديد العقاب قال رسول الله - صلى الله عليه وسلم - : لولا عفو الله ورحمته وتجاوزه لما هنأ أحدا عيش ولولا عقابه ووعيده وعذابه لاتكل كل أحد .
Бұл аяттағы [«Алайда Раббың адамдар қанша жерден зұлымдық істесе де оларға кешірімді. Расында, Раббыңның жазасы тым қатты»,– деген сөзге байланысты Әли ибн Зәйд (р.а) жеткізеді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) Сағид ибн Мусайб деген сахаба бұл аят не үшін түсті?– деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: Егер Алланың кешірімі, рақымы мен мейірімі болмағанда, ешкім өмір сүріп бақытты болмас еді. Ал егер Оның (Алланың) жазасы, ашу-ызасы мен азабы болмаса ешкім Оған(Аллаға) сенбес (иман келтірмейтін) еді, – деп түсіндіреді].
Жоғарыдағы аят-хадистен түсінгеніміз мұсылман адам әр қандай ісінде үміт пен үрей арасында өмір сүруі керек. Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейтін нәрселерге қол жеткізеді. Үміт сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды.
Үмітсіздік – үнсіз жұтатын теңіз сияқты. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Үмітсіз – тек шайтан ғана. Алла Тағала Құранда: «Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», – дейді.
Мейірімі мол Алла Тағала басқа да аяттарда кешірімінің ерекше мол екендігін білдіріп, адам баласын үмітке шақырады. «Қоғам түзелгеннен кейін жер бетінде бүлік шығармаңдар! Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын»– делінген.
Үмітпен амал ету қорқынышпен амал еткеннен әлдеқайда абзал. Өйткені, Ұлы Жаратушыға ең жақын құлдар – Алла үшін ең сүйіктілер. Сүйіспеншілік қорқынышты емес, қайта үміттілікті арттырады. Біреуден қорқып жасаған қызмет пен көңіл сүйіп жасаған қызмет арасында үлкен айырмашылық бар. Сенің сүйіп қызмет еткен адамыңның алдындағы орның мен одан қорқып істегендегі мәртебең де сол сияқты. Яғни, Алла Тағаланың алдында да мәртебеңнің жоғары болуы үшін, Оған сүйіспеншілікпен мойынсыну – ең дұрысы. Адам баласы қаншалықты күнәкар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Өйткені, Алла Тағаланың өзі мына бір аятта: «Былай де: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді» – деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр.
Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне себеп болды. Тіпті, өзін күнәкар, кәпір санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдатты. Айталық, Пайғамбарымыздың ең жақын сахабасы, «Алланың арыстаны» атанған хазреті Хамзаны шейіт қылған Уахшидің өзін, Алла елшісі (с.ғ.с) бірнеше рет Құраннан аяттар жолдап, исламды қабылдауға шақырды. Алайда, Уахшиға жан сарайын кернеген үмітсіздік пен күдіктен арыла қою қиынға соқты. Ол пайғамбардың жақынын өз қолымен өлтіргені үшін бұдан былайғы уақытта өзін «кешірімге лайық емеспін» дегенге сендірген еді. Сол үшін де мұсылманшылықты қабылдауға тәуекел ете алмады. Пайғамбарымыз үшінші рет осы аятты жазып жібергенде ғана Уахшидің бойындағы кешірімге деген күдік-күмән сейіліп, көкірегіндегі үміт оты қайта маздап, мұсылмандықты қабылдады.
Мәңгілік үкімі өзгермейтін Құрандағы бұл аят бүгінгі адамдарға да үміт сыйлаумен қатар, келер ұрпаққа да үміт қайнары болмақ. Күнә жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Адам баласы «күнә жасап қойдым, енді мен адамдықтан сол күйі кеттім» деуі – Алланың Рахман, Рахим, Ғафур (тым кешірімді) сияқты сипаттарын жоққа шығару деген сөз. Әлемге рақымдылық әкелген адамзаттың мақтанышы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) көптеген хадистерінде Алланың аса мейірімді, тым жарылқаушы екенін үмбетіне үйретуден жалықпаған.
Пайғамбарымыз бір құдси хадисте: “Алла Тағаланың мейірімі азабынан үстем” екендігін айтады. Тіпті, шайтанның өзінің ақиретте үміт етерліктей кең рақымынан үміт үзу – Алланың рақымдылығын жоққа шығарып, үміт сәулесін сөндіріп, үмітсіздікке түсу кешірілмейтін күнә болса керек.
Панфилов ауданы орталық мешітінің
бас имамы Шәріп Серік