Табиғин сөзі еруші, ерген деген мағынаны білдіреді. Ал асыл дінімізде сахабаны жолықтырған адамға табиғин деп айтылады. Бұл жөнінде Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мұһажир мен ансарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден (табиғиндерден) Алла разы болды. Әрі олар да Алладан разы болды. Сондай-ақ, Алла олар үшін ішінде мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннаттар әзірледі. Бұл – ең үлкен жетістік»,˗ деген.
Бұл аятта сахабалар мен табиғиндер бірге айтылған. Олардан Алланың, ал олардың Алладан разы екендігі білдірілген. Алладан разы болу деген сөз – басына жақсылық я жамандық келсе де сыр бермей қуана қабылдау. Алла дүниені үйіп-төгіп молынан берсе немесе Өз бергенін Өзі қайтып алса да Хақ Тағалаға деген шынайылығынан әсте айнымау, дүние уысынан сусығанда күйініп, алдына келгенде масайрамау, қара дауылдай төніп келген қайғы-қасіреттің өзіне қайрат қылып, жасымау дегенді білдіреді. Алладан шынайы көңілден риза болғандарға Алла да разы болмақ. Яғни, жұмыр басты пенде Жаратушы иесіне қаншалықты разылық танытса, қаншалықты оны жақсы көрсе, демек, Алла да ол құлын одан артығымен жақсы көреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына бір хадисінде табиғиндердің орнын ерекшелеп көрсетуде. «Адамдардың ең жақсысы: Менің ғасырымда өмір сүргендер, сосын одан кейін келетіндер (табиғиндер), сосын олардың соңынан келетіндер (табаға табиғиндер)»,– деген.
Ихсан сөзінің бір қыры – адамның кез келген жанға өзі сияқты қарауы, басқалардың басына келген ауыртпашылық мен қайғысын өз қайғысындай көруі, айналасындағыларға мейірімділік танытып, жақсылығын аямауы, жүрегінде ешбір мүминге деген теріс пиғылдың болмауы деген сөз. Осыған қатысты Құранда: «Олар (сахабалардан, мұһажирлардан кейін келгендер): «Раббымыз, бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбің қалдырма! Раббымыз, күмәнсіз Сен тым жұмсақ, ерекше рақымдысың!»,˗ делінген.
Құранда табиғиндердің сахабаларға ихсан түсінігімен еруінің тілге тиек етілуінің мәні зор, өйткені ең биік абырой қашанда тек сахабаларға тән болумен қатар, кей уақыттарда табиғиндер арасында кейбір жеке қасиеттерде сахабаға жеткендер, тіпті кей тұрғыда сахабаларды да басып озғандар да бар еді. Оның мәнісі, табиғиндер өз дәуірінде қара дауылдай төбеден төнген үлкен бүліктерді бастан өткерді. Осылайша Алла оларды әбден елеп-екшеп, сынақтан өткізді. Бүлік жайламаған жер қалмады. Әр үйде бүлікшіл пікір өз уытын шашып, бүгінде көзіміз көріп жүрген түрлі азғындық ол дәуірде де белең алып, өрттей қаулаған еді. Мұндай қорқынышты бүлікті көрген әрбір таза ниетті адам «Раббымыз, Өзіңе ғана тәуекел етіп, Саған ғана бет бұрдық. Саған арқа сүйедік, түбі Өзіңе ораламыз»,˗ деген сенім, түсінікпен істерін бір Аллға тапсырған. Аллаға деген мойынсұнушылықтың тереңдей түскені соншама – бір күнді мың рәкаттық намазбен әсемдегендер, Құранды төрт күнде, тіпті бір түнде екі рәкаттық намазда хатым (бастан-аяқ оқығандар) еткендер, өмір бойы бірде-бір намазын қаза қылмай жамағатпен оқығандар, күндері мен түндерінің көпшілігін сәждеде өткізетіндер – бәрі де табиғиндер арасынан шыққан.
Ғибадатқа деген құлшыныстың тереңдегені соншама – Мәсруқ Меккеде өмір сүрген кезінде оң не сол қырына жантайып ұйықтамай, үнемі Қағбаны бетке алып, сәждеде ұйықтаған. Науқастанған кезінде оған: «Кішкене тынықпадыңыз ба?» – дегендерге: «Алланың атымен ант етейін, ғайыптан маған бір дауыс естіліп: «Болды, Алла сені азаптамайды» десе де мен бәрібір осы күйімнен танбаймын», – деп жауап берген. Анығында, оның да, біздің де мырзамыз, ғаламның төресі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі де Айшаға (р.а.): «Ей, Айша, осыншама нығметін үйіп-төккен Аллға шүкіршілік етсем жарас-пай ма?»,– деп соны меңземеп пе еді?
Табиғиндердің ең үлкені болып есептелетін Уәйс әл-Қаранидан сахабалар дұға сұрайтын. Хазірет Омар (р.а.) қатысқан бір мәжілісте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уәйс әл-Қараниды көрсеңдер, батасын алыңдар», – деген болатын. Хазірет Омардың (р.а.) бұған қатты көңіл бөлгені сонша – Йеменнен келді деген бір кісіні кездестіре қалса дереу: «Араларыңызда Уәйс әл-Қарани бар ма?» – деп сұрап, үнемі Уәйс әл-Қараниды іздейтін. Уәйспен кездескен сәтінде халифалығына қарамастан хазірет Омар (р.а.) дереу: «Маған дұға етші?» – деп өтінген. Пайғамбарлардан кейінгі ең жоғарғы дәрежеге жеткен, тіпті бағындырған кейбір биіктеріне ешкім қол жеткізе алмайтын хазірет Омар сынды заңғар тұлғаның өзі Уәйстен дұға сұраған еді. Хазірет Омар (р.а.) Йеменге жолы түскендер мен қажылыққа бара жатқандарға үнемі: «Уәйс әл-Қаранидан бата сұраңдар», – дейтін. Уәйс елдің осындай ерекше ілтипат көрсетуінен қатты қысылатын. «Ажал аяқ астынан келеді, қабір болса амалдардың сандығы»,˗ деген түсінікке сай (Алламен арамыздағы бұл құпия сыр қабірде ғана мәлім болсын деген ниетпен) Омардан басқаның бұл сырды білгенін қаламай дереу ізін жасырады.
Бізге сүннетті осындай өтірікке жаны қас, өте адал, қара қылды қақ жарған турашыл әрі сенімді тұлғалар жеткізді, әсіресе, Уәйс, Мәсрук, Ибн Сирин, Мұхаммед ибн Мүнкәдир секілді кісілер көп еңбек сіңірді. Мәселен, Мұхаммед ибн Мүнкәдир әрбір хадис имамына ұстаз болуға жарайтын, өз ғасырымен қоса кейінгі ғасырларға да аты аңыз боп жеткен кісі еді. Алладан қорқатыны соншалық – көзінен жас құрғамайтын. Бала кезінен оның осындай тақуа екенін білетін анасы: «Әй, балам-ай, сенің бойыңдағы қасиеттерді алақанымдай білмесем, сірә, бір күнә жасады ма екен деп ойлап қалар едім. Кіршіксіз өмір сүріп келесің, неге мұнша таусыла жылайсың?»,– дейтін. Ал Мұхаммед ибн Мүнкәдирдің ойынша жылайтын нәрсе аз емес еді. Алладан қорқу, Алланы сүю, Алланың алдында өзінің тым бейшара құл екенін сезіну, өлгеннен кейін қайта тірілтілетіндігі, істеген амалдарының бәріне бір күні есеп беретіндігі, амал дәптерлерінің берілетіндігі, тозақтың оты алаулап тұрғанда қыл көпірден өту… Осының бәрін ойлап, еріксіз жылай беретін, жылай беретін.
Ибн Аббастың (р.а.) шәкіртерінің бірі Сәйд ибн Жүбәйр Абдуррахман әл-Киндимен тізе қосып, Әмәуи зұлымдығына қарсы батыл күрес жүргізді. Ақыр соңында Хажжаждың қолынан шейіт болды. Ол әділетсіздікке қаны қас, Әмәуилердің қателігін әкім-қараларының бетіне тіке айтатын өжет мінезді, руханияты терең кісі еді. Түнде құлшылық етіп дамыл таппаса, күндіз де ат үстінен түспей тыным көрмейтін. Ол «Үмбеттің ғұламасы» атанған, кәміл ұстаз Ибн Аббастың тікелей пайғамбардан үйренген ілімін сол күйінде үйренген бақытты жан еді. Түн баласы құлшылықтан бас алмай, шын жүрегімен егіліп дұға ететін.
Оны құрбандыққа шалатын мал тәрізді ортаға алып келіп, ит қорлыққа салады. Ал, ол бұрынғысынан танбай айтқанын қайталап: «Сендердікі дұрыс емес, әсіресе, әһлі-бәйтке (Пайғамбарымыздың ұрпақтары) әділетсіздік жасап отырсыңдар. Мен сендерге мойынсұнбаймын», – деп қайталаудан жалықпады. Жендеттер басын кесерде, ол құрбан соятын кезде оқылатын аятты оқиды: «Ханиф ретінде (ширкпен кірлемеген, кіршіксіз таза ұжданмен) жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаға бұрдым әрі мен мүшріктерден емеспін»
Міне, пайғамбар сүннеті қажет болса сүннеттің бір ғана мәселесі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, құрбан болып кетуден тартынбайтын жүрегі түкті баһадүрлер арқылы жеткен. Осындай кіршіксіз таза кісілер көлденең ештеңе араластырмастан сүннетті пәк қайнар бастау күйінде біздерге жеткізді.
Тақуалығы мен білімділігі барша үмметке үлгі болған осындай табиғиндер арқылы Ислам діні қаймағы бұзылмастан біздің елімізге жетіп, ата-бабаларымыз сол білім бұлағынан сусындады. Дін әмірлерін жеттік түсініп, хақ сенімнен айнымады. Ортада сананы улаған біраз заман өтседе Аллаға шүкір хақ дінімізге қайта қауыштық. Алла Тағала ендігі жастарымызды Аллаға шынайы бағынған ізгі амалдары мол, сахабалар мен табиғиндер секілді дін жанашырларынан қылсын! Әмин!
Панфилов ауданының
бас имамы
Шәріп Серік