Әрбір халықтың, ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі мен ғұрпы болады. Қазақ халқы салт-дістүрге бай халық. Қазақтың салт-дәстүрімен Ислам дінінің шариғат үкімдері бір-бірімен тығыз байланыста болғанын ескере отырып қазіргі қоғамымызда екеуін бөле жарып қарауға болмайды. Қазақша «ғұрып» сөзі «әәл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекеттер, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. Әл-ъурф сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер.
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдетте, әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдет» сөзіне басымдық берілген. Ислам ғұламалары әдет-ғұрыптың өзін екіге бөліп қарастырады: Сахих (дұрыс) әдет-ғұрып және Фасид (бұрыс) әдет-ғұрып. Сахих, яғни дұрыс әдет-ғұрып Құран және Сүннетке теріс болмаған. Яғни, исламда халал болған істі харам етпейтін, харам болғанды халал етпейтін ғұрып. Ал фасид, яғни бұрыс әдет-ғұрып Құран және Сүннетке кереғар болған әдет-ғұрып. Хз. Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم бұл
әдет-ғұрыпты мойындамаған. Яғни, шариғаттың ережелеріне қайшы келген,
халалды харам, харамды халал еткен ғұрып.
«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы.
Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Ал
латынша дәстүр сөзі «trаdіtiо» жалғастыру деген мағынаны білдіреді. Яғни,
тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және
белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің
жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-
тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар,
рәсімдер және т.б. Дәстүр тұрақтылықты қалыптастырады. Тұрақты
қағидаларға, тұрақты нормаларға сәйкес тұрақты мінездер қалыптасады. Ұлт
мінезі қалыптасады. Салт-дәстүр ұлты үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы
болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне
рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді
халық бұлжытпай орындаумен бірге заң негізінде жазалап та отырған. Өткен
заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң ролін атқарды. Мысалы,
той, наурыз көже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік ата салты болып
саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні
зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік,
мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және
рухани іс-әрекеттің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, көрімдік, кәде
сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың т.б. салт-дәстүрге жатады.
Құран - мұсылмандардың қасиетті кітабы, шариғаттың негізі,
адамзаттың тәрбиешісі. Құран ерте заманда арабтар арасында тараған пұтқа
табынушылықты түбірімен жоқ етіп, олардың имандылық қасиеттерін оятып,
жақсы жақтарын, заңдары мен діни ғұрыптарын, жол-жораларын
қалыптастырды, Алла тағаланың Өзі сүйген құлдарын адастырмай тура жолға
салды. Шығыс және батыс зерттеушілері Құранды дүниежүзілік мәдениетте
кездеспейтін туынды деп есептейді. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-
дәстүрлерін зерттеуде Құран ең алғашқы дерек болып табылады. Құран белгілі
бір кезеңге ғана немесе аз ғана топқа арналған өсиет, ереже емес, ол мәңгі
жасайтын мұсылман халықтарының бәрі бірдей мойыңдайтын заңы, жазба
мұрасы. Тәрбие мәселесінде Құранның алатын орны ерекше екеніне еш күмән
жоқ.
Қазақ халқында үлкен кісіге, ақ сақалды қарияларға, ата мен анаға иіліп
сәлем етіп, есік ашу, кебісін кигізу, жол беру, атқа отырғызу әдептері
көпшіліктің бойына сіңген ізгі, ізетті қасиеттер. Осындай ізгі қасиеттерді
бабаларымыз ислам дінінің кұнды заңдылықтары екенін білді. Олар: Қасиетті
Құран мен Пайғамбарымыздың хадистері. «Лұқман» сүресінің 14 аятында:
«Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне
әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы ақ сүтімен емізеді. (Ей
адамдар!) маған да, ата-аналарыңа да шүкірлік етіңдер! Түптің түбінде қайта
оралатындарың – Менің алдым» деп айтылған. Аллаһ Тағаланың өзі бүкіл
адамзат баласын ата-аналарына құрмет, оларға жақсылық жасап қарайласқан
кезде ғана бақытқа жететінін бұйырады. Қазақ салт-дәстүрінде туылған
нәресте мен анаға көрсетілетін шариғатпен байланысты бірнеше іс
жоралғылар бар. Соның бірі, нәресте дүниеге келгеннен кейін әйелдің әл-қуат
жиып, белі бекіп кетуі үшін оған арнайы мал сойылып, қалжа беріледі. Жас
сорпа ішкізіп, жас ет жегізу мақсатымен сойылған малдың семіз, күйлі болуы
шарт. Дүниеге келген сәбиге ғана көңіл бөліп қана қоймай, жарық дүниеге
алып келген анасына да көңіл бөлуді ерекше орынға қойған. Себебі, ана
денсаулығының буын-буыны босап, жаңа туылған сәбидей болып оған күтімді
өте маңызды деп санаған. Пайғамбарымыз «дүниеге сәби алып келуімен сол
ана, күнәсінан арылып, жаңа туылған сәбидей пәк болады» — деген.
Туылған сәби үшін ислам шариғаты бойынша «ақиқа» құрбандығы
шалынады. «Ақиқа» – деп әрбір нәрестенің ана құрсағында шыққан шашын,
бір апта болған күні алып, сол рәсіммен кұрбандық шалынатын малды атайды.
Әрбір бала ақиқасымен кепілдікте тұрады. Оны жетінші күні сойып, сәбидің
есімі қойылады және шашы алынады. «Ұл балаға арнап екі қой, қыз балаға бір
қой сойылады» — деген. Себебі, яһудилер ұл балаға ақиқа шалып, қыз балаға шалмайтын. Сондықтан Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم оларға ұқсамас үшін ұл балаға
арнап екеу, кыз балаға біреу шалуды бұйырды. Әрбір ана босанғанда осындай
жоралғылар қазақтын әрбір шаңырағында орындалып жатқанын көреміз.
Сойылатын малдың «Бисмиллаһ» –деп яғни «Аллаһтың атымен» сойып,
мойын омыртқасын бүтіндей асып, анаға жегізетін жағдайы бар. Сойылған
малдың мойын омыртқасын босанған жас әйелге береді. Ол мойын омыртқаны
опырмай, етін тек қолымен үзіп жеп, төрге іліп қояды. Ел ішінде жас баланың
мойнының тез қатып кетуі осы омыртқамен байланысты деген сенім бар. Ал,
қазақ салт-дәстүрінде бүгінге дейін, босанған аналарға мойын омыртқаны
беретін үрдіс қолданылып келеді.
Жалпы, Ислам құқығының көріністерін, оның құқықтық нормаларының
қалдықтарын қазақ әдет-ғұрып заңдарынан көруге болады. Бұл мәселеге
қатысты нақты фактілер мен дерек көздерін ғалымдардың зерттеулерінен,
еңбектерінен оқып білуге әрі байқауға болады.
ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
Бас имамы Жансерік Өмірсерікұлы