https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ғайбаттан сақтану

24 Nov 2021 0 comment Оқылды: 494 рет

 

 

Ғайбат – арап тіліндегі (ғайба) сөзінен келген. Мағынасы адамның қателігі мен кемшілігін өзі естітіндей, ренжитіндей жағдайда айтуды меңзейді. Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Хұжұрат» сүресі, 10-11 аяттарында:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ (10) يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَىٰ أَن يَكُونُوا خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلَا نِسَاءٌ مِّن نِّسَاءٍ عَسَىٰ أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ ۖ وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ ۖ بِئْسَ الِاسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ ۚ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

10. «Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ, (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Мміне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!»

11. «Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін! Қайдан білесіңдер, бәлкім, мазаққа ұшыраған қауым өзін мазақ қылған қауымнан әлдеқайда қайырлы шығар. Сондай-ақ әйелдер де бірін-бірі келемеждемесін! Бәлкім, мазаққа ұшыраған әйелдер өздерін мазақ қылған әйелдерден қайырлы болар. Бір-біріңді (яғни, өз-өздеріңді) кемсітпеңдер! Біріңді-бірің намысқа тиетін лақап атпен атамаңдар. Адам баласының иман келтіргеннен кейін күнәһар деген жаман атқа қалуы қандай жаман! Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет алмаса, міне, солар нағыз залымдар!» – деп қатаң ескерту жасайды. Раббымыз осы аяттар арқылы мұсылманның мұсылманға бауыр екенін және бауырлар арасын жақсарту міндетті екенін айта келіп, бауырлардың бір-бірін қорламайтынан да хабар беріп отыр. Ал, өзара намысына тиетін жағдай орын алғанда тәубе етуді уәжіп қылған. Әдетте біреу өзгенің намысына екі жағдайда тиеді. Біріншісі – мал дүниесіне қиянат қылғанда. Екіншісі – абыройына нұқсан келтіргенде. Міне, ғайбат адамның абыройына нұқсан келтіру болып саналады.

عن أبي هريرة، أن رسول الله صلى الله عليه وسلم، قال: أتدرون ما الغيبة؟ قالوا: الله ورسوله أعلم، قال: ذكرك أخاك بما يكره. قيل أفرأيت إن كان في أخي ما أقول؟ قال: إن كان فيه ما تقول، فقد اغتبته، وإن لم يكن فيه فقد بهته

Абу Хурайра өзі жеткізген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Шындығында ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрақ қойғанын айтады. Артынша: «Біз: – Алла және оның Пайғамбары біледі! – дедік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): – Бауырыңды жек көретін ісімен еске алу, – деді. Біз: – Айтқан нәрсе ол адамның бойынан табылса ол да ғайбатпа? – деп қайыра сұрадық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): – Егер сендер айтқан нәрсе оның бойынан табылса онда ғайбат. Ал, егер ол нәрсе әлгі адамға тән болмаса, онда жала болады!» – деді» – деп адамның кемшілігін бетіне басудың ғайбат екендігін білдірген. (Мүслим).

Ғалымдар адамның сыртынан сөйлеу үш түрлі болатынын айтады. Бірінші ғайбат – адамның бойында бар кемшілігін айту. Екіншісі «бүһтән» – адам бойында болмаған істемеген нәрсесін айту, яғни, жала жабу. Үшінші «ифк» – бір адам туралы танымаса да адамдар айтқан кемшілігін білетін адам сияқты сөйлеу. Жаратқан Алла Тағала басқаларды ғайбаттау мұсылман үшін үлкен күнә екенін қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Хұжұрат» сүресі, 12 аятында: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ ۖ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Уа, иман келтіргендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар (яғни, өзге адамдар жайлы, әсіресе, мүмін бауырларың жайлы түрлі (жаман) ойларға беріле беруден аулақ болыңдар)! Өйткені, ой атаулының бір парасы (яғни, өзгелер жайлы ойлаған жаман, яки, арам ойлар) күнәға жатады! Бір-біріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әнеки, бірден жиіркендіңдер. Ендеше, Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Тәууәб (құлдарының шынайы тәубелерін қабыл етуші), Рахим (тәубеге келіп, Өзіне бет алған құлдарына ерекше мейірімді)» – деп негізсіз сөзден аулақ болу керектігін ескертеді.

Алла Тағала аятта ғайбаттың ауыр екенін ауыр теңеулермен түсіндіреді. Мысалы, «ғайбат айту – мұсылман бауырының сасыған, өлексе болған етін жегенмен бірдей» деуі есеп Күнінің сондай ауырлығын білдіреді.

عَنِ النَّبِيِّ ( صلى الله عليه و آله ) فِي وَصِيَّةٍ لَهُ لأبي ذر : يَا أَبَا ذَرٍّ إِيَّاكَ وَ الْغِيبَةَ ، فَإِنَّ الْغِيبَةَ أَشَدُّ مِنَ الزِّنَا

قُلْتُ : وَ لِمَ ذَاكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟

قَالَ : لِأَنَّ الرَّجُلَ يَزْنِي فَيَتُوبُ إِلَى اللَّهِ ، فَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَيْهِ ، وَ الْغِيبَةُ لَا تُغْفَرُ حَتَّى يَغْفِرَهَا صَاحِبُهَا  

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Әбу Зарға:

– Ғайбаттан сақтан! Шындығында ғайбат зинадан да ауыр күнә, – деп ескертеді. Сонда Абу Зар:

– Не үшін, иә Алланың Пайғамбары?! – дедім. Пайғамбарымыз:

– Өйткені, адам зина жасап соңынан тәубе етсе ала тәубесін қабыл етеді. Ал, ғайбат айтушы адамға ғайбаттаған адамы кешірім бермейінше Алла оны кешірмейді, – деді Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)» (Табарани).

Яғни, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл хадисте өсек, ғайбат айтушы адам ғайбаттаған адамынан кешірім алмай Жаратқан Алланың кешіріміне жете алмайтынын айтып отыр. АллаТағала «Исра» сүресінің 36 аятында:

وَلَا تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ ۚ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولَٰئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْئُولًا

«Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе (яғни, білмегенді білдім, көрмегенді көрдім, естімегенді естідім деп айтпа)! Шындығында, адам баласы құлақ, көз және жүрек сынды дене мүшелерін қалай басқарып, қолданғанына қатысты (Алланың алдында) жауапқа тартылады» – деп Қиямет күнінің ауыр азабын еске салады. Бұл жерде құлақ естігенінен, көз көргенінен, жүрек ойлағанынан сұралатыны айтылып тұр.

  أَتَدْرُونَ ما المُفْلِسُ؟ قالوا: المُفْلِسُ فِينا مَن لا دِرْهَمَ له ولا مَتاعَ، فقالَ: إنَّ المُفْلِسَ مِن أُمَّتي يَأْتي يَومَ القِيامَةِ بصَلاةٍ، وصِيامٍ، وزَكاةٍ، ويَأْتي قدْ شَتَمَ هذا، وقَذَفَ هذا، وأَكَلَ مالَ هذا، وسَفَكَ دَمَ هذا، وضَرَبَ هذا، فيُعْطَى هذا مِن حَسَناتِهِ، وهذا مِن حَسَناتِهِ، فإنْ فَنِيَتْ حَسَناتُهُ قَبْلَ أنْ يُقْضَى ما عليه أُخِذَ مِن خَطاياهُمْ فَطُرِحَتْ عليه، ثُمَّ طُرِحَ في النَّارِ

Абу Хурайра: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

– Күндердің бір күнінде тақырға отыратын кедейдің кім екенін білесіңдер ме? – деп сұрады. Біз болсақ: «Динары және дүниесі жоқ адам» – дедік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

– Шындығында менің үмбетімен тақырға отыратын адам қияметтің күнінде намазымен, оразасымен, зекетімен келеді. Бірақ дүниеде біреуге тілі тиген, екіншіге қиянат қылған, ананың малын жеген, мынаның қанын төккен және біреуді ұрған. Ол өзінің жақсылықтарының бәрін олардың ақысына береді. Ақысын өтеуден бұрын жақсылығы таусылады да олардың күнәларін өзіне арқалай бастайды. Соңынан таудай күнәмен тозаққа лақтырылады. Олай болса ғайбаттың ауырлығы сондай, бұл күнә адам баласының барлық амалдарын жұтып жоқ қылады» – дегенін жеткізген.

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз