Ұлы Алланың адам баласына берген ең үлкен сыйы – ізін жалғастыратын ұрпағы екендігі белгілі. Сол ұрпақтың алдындағы ата-аналық борышымызды толық орындап жүрміз бе?! Ұлы Жаратушы Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресі, 6 аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ عَلَيْهَا مَلَائِكَةٌ غِلَاظٌ شِدَادٌ لَا يَعْصُونَ اللَّهَ مَا أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды (имандылыққа, адамгершілікке баулу арқылы) отыны адамдар мен тастардан тұратын оттан қорғаңдар! Оның басында қорқынышты, аяуды білмейтін, тым қатал жауапты періштелер болады. Олар, әсте Алланың әміріне қарсы келмейді және өздеріне берілген бұйрықты бұлжытпай орындайды» – деген. Бұл аятта Ұлы Алла Тағала біздерге отбасын Жаратқан Алланың қаһарынан сақтаудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Олай болса бізді Алланың ашуын тудыратын ұрпақ өсіруден тияды. Керісінше, Жаратқан Алланың ақиқатын таныған, жаратылыстарының сырына үңілген салихалы ұрпақ тәрбиелеуге үндейді.
حديث آخر عن النبي (صلى الله عليه واله) : من حق الولد على والده ثلاثة : يحسن اسمه، ويعلمه الكتابة ، ويزوجه إذا بلغ
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ата-ананың ұрпақ алдында үш міндеті бар!» – деген. «Оның біріншісі – жақсы ат қою. Екіншісі – Алланың кітәбін үйрету. Үшіншісі – балиғат жасына толғанда үйлендіру».
Жақсы ат қоюдағы мақсат – ұрпағының атына сай азамат болсын дегені. Алланың кітәбін үйрету дегені – Жаратқан Алла тағаланың кәламы Құран Кәрімде адам баласының жан-дүниесіне тәрбие беретін көптеген өнеге, ғибрат бар. Соны санасына сіңіру. Жасы жеткенде үйлендіру – жақсы жұбай тауып, бақытты отбасына бейімдеу. Бұл күнде ұрпағының алдындағы міндеттерді орындамай опық жеп жүргендер қаншама?!
Ертеде халифа Омар әл-Хаттабқа бір адам ұлын ертіп келіп:
– Балам менің айтқанымды тыңдамайды. Ата-ананы қақсатудың азабын айтсаңыз, – деп өтініш білдіреді. Халифа әлгі балаға қарата: «Ата-ананың мынадай, мынадай хақысы бар екенін білмейсің бе, ей балақай?! – дейді. Бала болса:
– Уа, мұсылмандардың әміршісі, ата-ананың баласының алдында хақысы бар ма? – деп сұрайды.
Халифа:
– Бар, әрине. Жақсы ана таңдау, жақсы ат қою, Алланың кітәбінен көркем өнеге үйрету, – дейді. Сонда әлгі бала:
– Алланың атымен ант етейін, менің анам 400 дирхамға сатып алынған күң еді. Атым болса жабайы хайуанның еркегі деген мағына береді. Ал, Алланың кітәбінән бір аят болсын білмеймін. Осыған не дейсіз? – деді. Халифа әлгі кісіге бұрылып:
– Балаң сені қақсатудан бұрын сен балаңды қақсатыпсың ғой. Менің жанымнан аулақ кет! – деп кейіс білдіріпті.
Дана бабаларымыз: «Балаң жақсы болса жердің үсті жақсы, жаман болса жердің асты жақсы» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан қазақтың Алладан: «Бала берсең сана бер!» – деп тілеуі Құранның «Фурқан» сүресінің 74 аятынан алынған. Онда:
وَالَّـذِيْنَ يَقُوْلُوْنَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ اَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ اَعْيُنٍ وَّاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِيْنَ اِمَامًا
«Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді, үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!», – деп тілейді» – деген терең мағына жатыр.
Бұл аяттан баланы жақсы тәрбиелеудің маңызды екендігін түсінуге болады. Ұрпағына жақсы тәрбие бере алмаған адамның өмір сүруінің өзі қиын боларын көрсетіп отыр.
قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: رَحِمَ اللهُ وَالِداً أَعَانَ وَلَدَهُ عَلَى بِرِّهِ
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Баласының жақсылық жасауына жәрдем еткен ата-анаға Алла мейірімін төксін» – деп айтқан.
Сондықтан балаларымыздың жақсы адам, салихалы ұрпақ болып қалыптасуына қолдан келген қамқорлық пен мейірімді аямағанымыз жөн. Себебі, бала-шаға үшін жинап берген қазынамыз көп ұзамай бітетіні ақиқат. Ал, бойына сіңген адамгершілік пен ізгі қасиет өмірінің соңына дейін таусылмас азық болады. Дана халқымыздың: «Жақсы әке жаман балаға қырық жылға азық» – деген сөзі осы өнегелі тәрбиені меңзеген. Тәрбиесіз ұрпақ қалдырған ата-ананың артынан бала шағасының жасаған әрбір жамандығы зиян болып жетері сөзсіз. Сол себепті, пайғамбарлардың өзі Алладан ізгі ұрпақ сұрап жалбарынған. Жалпы, «Фұрқан» сүресіндегі дұғаның түп-төркіні тереңде жатқаны белгілі.
Бүгінде бар тапқанын аузына тосып, мәпелеп ер жеткізген баласын: «Көзіме күйік болдың» – деп зарланып жатқан қаншама ата-ана бар?! Себебі, бала тәрбиесін ұмыт қалдырудың бұдан артық жазасы болмас. Сондықтан балаға мейірім төгіп, әдемі тәрбие бере тұрып, қандай жағдайда болмасын түкке тұрмайтын нәрсеге бола тіл тигізіп, қарғамауымыз керек.
Абдуллаһ ибн Мубарак деген ғалымға бір кісі келіп:
– Балам өте бұзық, ахлақсыз өсіп келеді, – депті. Сонда ғалым:
– Сіз балаңызды қарғайтын ба едіңіз?! – деп қарсы сұрақ қойыпты. Әлгі кісі:
– Иә, кішкене күнінде, тіл алмағанда кей-кейде қарғап тұратын едім, – деп жауап беріпті. Ғалым:
– Ата-ананың жақсы болсын, жаман болсын ұрпағына жасаған дұғасы міндетті түрде қабыл болады! – депті.
Тәрбиелі, мейірімді, саналы, адамзатқа пайдалы ұрпақ қалдырып, дүниеден өтіп кетсек баламыздың жасаған дұғасы, игілікті ісі жақсылық болып жанымызға қуат берері анық.
إِذَا مَاتَ ابنُ آدم انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثٍ: صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ، أو عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам дүниеден өткен соң үш нәрсесінің сауабы артынан үзілмей барып тұрады. Оның біріншісі – мешіт, медересе, көпір сынды жария садақасы. Екіншісі – адамдарға пайда беретін білімі. Үшіншісі – ата-анам деп дұға жасайтын ізгі ұрпағы» – деген.
Алла баршамызға ізгі әрі салихалы ұрпақ нәсіп етсін.
Ескелді ауданның бас имамы Мухамет Ордыбай