Сахаба сөзі – серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасына келсек, сахабалар – Мұхаммед пайғамбарды көрген, аз-көп уақыт оның ғибратты әңгімесін тыңдап, Алла Тағалаға иман келтірген және дүниеден сол иманымен өткен жандар.
Сахабалардың ерліктері,, табандылықтары мен шынайылықтарын мадақтап, дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін Алла тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында сахабалар туралы баяндаған. Олар – ең қайырлы үмбет. Бұл жайлы Құранда: «Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер», – делінген.
Сахабалардың діндегі дәрежелері мен Пайғамбарға шынайы дос бола білген ізгі сипаттарын Қасиетті Құранда былай баяндайды: «Алғашқы мұсылман болғандарға, мұхажирлер мен ансардың алдыңғы қатардағыларына және солардың жолына ілескендерге Алла разы болды және олар да Аллаға разы болды. Алла олар үшін жәннаттар дайындады. Бұл жәннаттардың астынан өзендер ағады. Олар жаннатта мәңгі қалады».
Сахабалардың қадір-қасиетін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сахабаларымды жамандамаңдар. Сахабаларымнан кейін келгендердің бірі таудай үлкен алтын садақа берсе де сахабаларыммның бірінің бір арпа беріп алған сауабына немесе оның жартысына да қол жеткізе алмайды. Сахабаларым көктегі жұлдыздар сияқты. Қайсысына бағынсаңдар да тура жолды табасыңдар»,– деген.
Абдулла ибн Омар (р.а.): «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабаларына тіл тигізуші болмаңдар! Өйткені, олардың бір сағаттық ісі сендердің өмір бойын істегендеріңнен абзал» – десе, Башар ибн Әл-Харис (р.а.): «Менің ең сенімді ісім – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабаларын жақсы көру», – деген.
Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін төрт халифа дәуірінде де сахабалар Ислам дінін тарату, жиһад жасау мәселесінде сөздерінде тұрды. Барлығы бірігіп, жерлерін, отандарын тастап, Арабстаннан шығып, жан-жаққа тарады. Кеткендердің көпшілігі қайтып оралмай, барған жерлерінде өмірінің соңдарына дейін жиһад етті және Ислам дінін жайды. Осылайша, аз уақыттың ішінде көптеген мемлекеттер ислам нұрына қауышты. Сахабалардың барлығы әділ еді. Исламды таратуда барлығы аянбай еңбек етті. Құран Кәрімді сахабалар жинақтап кітіп хәліне келтірді. Күнімізге дейін хадистерді Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) солар жеткізді.
Сахабалар: «Негізінен ап-ашық үкімдерді, әрі тура жолды кітапта адамдарға баян еткенімізден кейін жасырғандар, соларға Алла лағынет етеді, әрі барлық лағынет етушілер лағынет айтады. Бірақ тәубе еткендер жағдайларын түзеткендер және шындықты баян еткендер басқа. Міне, солардың тәубесін қабыл етуші, аса мейірімдімін»,– деген аяттың мағынасы діннің екінші қайнар көзі болған сүннетті қамтитындығын түсініп, оны білмегендерге үйретуді өздеріне міндет санаған. Көп хадис риуаят еткен сахаба Әбу Һурайра: «Егер Құранда екі аят болмағанда, бірде-бір хадис риуаят етпес едім», – деп жоғарыдағы екі аятты оқыған болатын.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалардың қайсысы да – шоқтығы биік тұлғалар. Олар көркем мінез иесі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қашан да қасынан табыла білді. Пайғамбар (с.ғ.с.) асыл қасиеттерді бойларына сіңіріп, мұсылман қауымға таратуға мүдделі болды. Арып-ашып ілім іздеді. Дүниені қуып, дін шариғатынан алыстамады. Жиған ілімдеріне сай амалдар жасап, адам баласын екі дүние бақытына бастайтын ізгілік жолымен жүрді.
Алла Тағала сахабаларды біздерге өнеге етіп Құран аятында былай дейді: « Алла нәсіп еткен бұл олжалар сол һижрет еткен кедейлерге тән, олар Алланың мейірімі мен разылығын жан жүрегімен қалап, Алланың дініне және расулына қолдау көрсету үшін өз еркімен атамекенінен кетіп, мал-мүліктерінен айырылды. Міне, иманы шынайы болғандар – тек солар. Олардан бұрын Мәдинаға қоныстанып, иман келтіргендер өздерінің құтты мекеніне келгендерге құрмет көрсетіп, оларға берілген олжаға іштарлық танытпады. Тіпті, өздері мұқтаж бола тұра, алдымен соларға берілгенін қалайтын. Кімде-кім нәпсіқұмарлық пен дүниеқоңыздықтан сақтанса, міне, нағыз мол табысқа кенелушілер солар болады».
«Аллаға берген сөздерінде тұрып, өздерінің адалдықтарын көрсеткен мүміндер арасында сондай ерлер бар. Олардың кейбірі құрбан шалды, жанын пида етті, кейбірі шейіт болуды көздеді. Берген сөздерінен ешқашан таймайды. Алла осындай адалдық иелерін шынайылықтары үшін сыйға бөлейді. Ал мұнафықтарды қаласа азаптайды, қаласа тәубе нәсіп етіп, тәубелерін қабыл етеді. Өйткені, Алла өте кешірімді, аса мейірімді».
Алланың өз расулына нәсіп еткен және сол үшін таңдаған сахабалары үмбеттің ең қайырлы тұлғалары болып табылады. Хақ тағала құлдарына рақымдылық жасап, Мұхаммедті (с.ғ.с) таңдап, оны пайғамбарлыққа лайық көрді. Артынша пайғамбарға лайықты сахабаларды таңдап, ең жоғары деңгейде насихатталуы үшін Ислам дінінің алғашқы көмекшілерін солардан жасақтады. Сондықтан да Алланың құзырында бұл мұсылмандардың дұрыс деп тапқандары дұрыс, бұрыс деп тапқандары бұрыс болып табылады.
Абдулла ибн Омар (р.а.) сахабаларды былай сипаттайды: «Тура жолды ұстанғысы келетіндер өздерінен бұрынғылардың жолын ұстансын. Сахабалар – осы үмбеттің ең қайырлылары, ілімі мол, көңілдері ақ, риясыз адамдар. Олар бәрінен үстем, ақиқатқа мейірім қылып, мерейі тасыған қауым, өйткені Алла оларды таңдаулы пайғамбары үшін іріктеп, дінді сол қадірлі қауыммен насихаттады. Ендеше, сендер де солардың жолын ұстаныңдар. Өйткені олар басқа емес, Мұхаммедтің (с.ғ.с) сахабалары».
Пайғамбарымызбен көп араласып, ғұлама деңгейіне жеткен Абдулла ибн Мәсғуд табиғиндерге (сахабаларды көргендер) мынаны ескерткен: «Сендер табиғин ретінде, бәлкім, сахабалардан артық ораза тұтып, артық намаз оқып, олардан көп шаршауларың мүмкін. Алайда олар сендерден де қайырлы». Мұның себебін сұрағандарға: «Өйткені олар дүниелік нәрселерге құмартпай, ақыретке көп мән беретін», – дейді.
Бір күні Али (р.а.) намазын оқып бітіріп, сәлем бергеннен кейін, ішкі сырын былай ақтарады: «Мен Расулалланың сахабаларын көрдім, таныдым. Қазір олар секілді ешкім жоқ. Олардың (көп намаз оқып, сәждежасаудан) жүздері бозарып, шаштары ұйпаланып, беттерін, көздерін шаң басатын. Таң атқанша, не Құран, не намаз оқитын. Алланың аты аталғанда, толқып тебіреніп кететін. Көздерінен сорғалаған жастан киімдері дымқылданатын. Меніңше, бүгінде адамдар түндерін бейқам өткізіп жүр». Осыны айтқаннан кейін Али тұрып кетеді. Алланың пасық дұшпаны Ибн Мүлжәм шейіт еткенге дейін, Алидың (р.а.) күлгенін ешкім байқамаған.
Сахабалар – Алла тағаланың шын сүйген құлдары. Осы ретте олар өздерін ұлық махаббатпен жаратқан Алла тағаланың әмірлерін бұлжытпай орындап, аманат атына кір келтірмеді әрі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) адал болды, шексіз берілді. Мұны дұшпандары да мойындады. Худайбия оқиғасында жау жағынан бір кісі Пайғамбарымыздың алдына өкіл болып келіп, қауымына қайтып барғанда: «Аллаға ант етемін, ешкімді де, Мұхаммедті сахабалары құрмет еткеніндей құрмет еткенін көрмедім. Мұхаммед түкірсе, түкірігін сахабалары жерге түсірмей қағып алып жатыр», – деген еді.
ҚМДБ Талдықорған өңірінің бас имамы
Алмас Сағидоллаұлы