Жақсы заңың болғанша жақсы дәстүрің болсын дейді қазақ. Салт-дәстүр әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырла бойы жинақталып, өмірдің өзі тудырған ғұрыптардың жиынтығы.
Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады.
Мысалы ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт дәстүрге жатады. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдетғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады. Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады. ﴾َ Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған.
Қазақ халқы қайырымдылықтың қадіріне жете білген халық. Жақсылық жасаған жанға лайықты алғысын айта білген жұрт. Алғыс айтудың бірнеше формалары бар. Қазірде кең тарағаны «рахмет» деп айту. Бұл сөздің түп-төркіні «сізге Алланың рахымы жаусын!» деген тіркес. Уақыт өте келе қысқаша нұсқасы қалыптасқан. Ұлтымыздың бұрынғы мұраларына зер салсақ, көпшілік арасында қайыр қылған жанға «Құдай жарылқасын», «Алла алдыңнан жарылқасын», «Жолыңды ашсын», «Жағың қисамай жамандық көрме» деген сияқты игі тілектерді жаудыратынын көреміз. Сондай-ақ, алғыс алған адамның жаман болмайтындығын білдіретін мынадай мақал-мәтелдер де бар. «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас». «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді». «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас». «Баталы құлға бақ қонар». Зер салып қарасақ, осынау салихалы сипаттың негізі асыл дінімізде жатқандығын аңғарамыз. Хадистерде бір-біріне алғыс білдіру шынайы мұсылман белгісі екендігі баяндалады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдарға алғыс білдірмейтін адам Аллаға шүкір етіп жарытпайды», – деген. Алғыс айтудың түрлі формалары бар. Қазақта «Құдайдан қайтсын», «Құдай жарылқасын» деген сияқты алғыс түрлері бар. Пайғамбар үмбетіне алғысты солай айтуға бұйырған.
Қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын игі қасиеті – бауырмалдығы. Жеті атаға дейін бір-бірін туыс көретін халқымыз жақынға да, жатқа да жанашырлық танытады. Қаріп-қасер, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш деп санайды. Осындай мол пейіліне қарай Жаратқан Ие де қазақ жұртын жарылқауынан кенде етпеген. Оның бір дәлелі мынадай мақал-мәтелдері десе болады. «Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі». «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды». Халқымызда қалыптасқан бауырмалдық, жанашырлықтың негізі қасиетті аяттар мен хадистерде жатыр десек қателеспейміз.
Алла Тағала былай дейді: «Шындығында, мүміндер – бауырлар». Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мүміндердің ішіндегі иманы толығы – ең жақсы мінез-құлықты, кішіпейіл, тез достасқыш тартымдылары». Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Мүмін адам достасқыш. Достаспайтын, тіл табыспайтын жаннан қайыр жоқ», − деген.
Көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген.
Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген142. Халқымызда көрші ақысы туралы нағыз мұсылмандық ұстаным қалыптасқан. «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады екен» деген ұғым да бар. Бұл ұғымның мұсылманшылықта негізі бар. Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген143. Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші.
Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі 142 Бұхари мен Мүслім риуаят еткен. 143 Ахмет риуаят еткен. (с.а.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген144. Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Және қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда қасынан табылатын жақын адам. Сондықтан да ол жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші. Көрші ауырып қалғанда зиярат етіп, хал-жағдайын сұрап, ол жоқта бала-шағасы мен малмүлкіне бас-көз болып, қарайласу керек. Көршінің қуанышында да, қайғысына да ортақ болу керек.
Дәстүріміз дінімізбен біте қайнасып халқымыздың бойына терең сіңген үлкен мәдениет.
Ақтүбек ауылының имамы Зархум Ербол