Жер бетіндегі тіршілік атаулының (құстардың самғауы, ағаштардың жер қойнауынан бой көтеріп, көкке шырқап өсуі, судың сарқырап ағуы, алып күннің күлімдеп сәуле шашуы, ағаштардың иіліп жеміс беруі, тіпті, жан-жануардың төліне мейіріммен емірене қарауы) бәрі де Алланың Рахман есімін дәріптейді. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде: «Алла Тағала имандарыңды жоймайды. Еш күмәнсіз, Алла адам баласына тым жұмсақ, аса рақымды» десе, «Ағраф» сүресінде: «Менің рақымым барлық нәрсені тегіс қамтиды» деп Алла рақымшылығының баршаға тән екендігі баяндалған. Шын мәнінде, Алланың шексіз рақымшылығы болмаса жер бетінде тіршілік атаулы болмас еді...
Әбу Һурайра (р.а.): «Расулаллаһтың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Алла Тағала мейірімділікті жүз бөлікке бөліп, тоқсан тоғызын Өз жанында қалдырып, бір бөлігін ғана жер бетіне түсірді. Мейірімділіктің сол бір ғана бөлігі арқылы бүкіл жаратылыс бір-біріне мейіріммен қарайды. Тіпті, жануар екеш жануар да төлін мертіктіріп алмас үшін мейіріммен тұяғын көтереді - деп айтқанын естідім» - деген.
Басқа бір риуаятта: «Алла Тағаланың жүз мейірімі бар. Сол жүз мейірімнің біреуін жер бетіне түсіріп, адамзатқа, жындарға, жан-жануарлар мен жәндіктерге үлестіріп берді. Сол арқылы олар бір-біріне жанашырлық танытып, бір-біріне мейіріммен қарайды. Сол арқылы тіпті, жыртқыш аң да өз төліне мейірімін төгеді. Алла Тағала қиямет күні құлдарын шексіз шапағатына бөлеу үшін қалған тоқсан тоғыз мейірімін ақыретке қалдырған» - делінген.
Алла тағаланың мейірімділігі дегенде, біз өз нәпсі-құмарлығымызды ғана қандыруға берілген артықшылықты емес, күнделікті күйкі тіршілікте жасаған күнә істеріміздің Алла алдында кешірілуін, яғни, әр кезде маңдайымыздан сипайтын ұлы құдірет барлығын ұмытпауымыз керек. Ал құдіреттің ықыласын біз өз ықыласымызбен істеген жақсы амалдарымызбен және жалынып-жалбарынумен, тәубе етумен ғана аламыз.
Алланың рақымы мен мейірбандығы турасында тоқтаусыз айтуға болады. Құрандағы барша сүренің «Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим» деп басталуы бәрінен бұрын Алланың рақымдылық сипатынан хабар береді. Алланың Рахман және Рахим есімі рақымдылыққа тән бүкіл сипаттарды қамтиды. Абай атамыз: «Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді, демек бұлар – жүрек ісі, асықтық та – жүрек ісі. Тіл жүректің айтақанына көнсе, жалған шықпайды», – деген.
Алла Тағаланың рақымдылығы жайлы бір хадисте «Алла жаратылысты жаратпастан бұрын рақымдылықты өзіне жазды және «Расында, менің рақымдылығым азабымнан жоғары» деген. Сондай-ақ, Алланың аса рақымдылығын айқын көрсететін көптеген хадис келтіруге болады: Алла елшісі (ﷺ): «Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе үлкен». «Кәһф» сүресінің 57-58 аяттарында: «Раббың өте жарылқаушы мәрхамат иесі» деген.
Құран Кәрімде Ухуд соғысына қатысты түсірген аяттан Алланың құлдарына тәубе етуді бұйырғанын көреміз. Бір қауымды залым патша тірідей отқа өртеп, ор қазып, қыз балаларын көмген еді. Алла ол туралы «Буруж» сүресінің 10-аятында: «Негізінде мүмін ерлер, мүмі әйелдерге жапа беріп, сосын тәубе қылмағандар, оларға тозақтың азабы, жандыратын азап бар» деген. Яғни, Алла сондай ауыр қылмыс жасаған құлдарына да өз мейірбандығын үзбей тәубе шартын қойып отыр. Осыған қарап, Алланың құлдарына деген мейірбандығына тамсанғаннан басқа шара жоқ. Алла құлдарына деген мейірбандығын бөле жармайды. Ол бүкіл құлдарына рахмет есігін ашады. Ол күндіз күнә жасаған пендесін кешіру үшін түнде рахмет қолын созады. Түнде күнә жасаған пендесін кешіру үшін күндіз рахмет қолын созады. Алла ешбір құлына өзінің мейірбандығын кешірімділігін білдірмей азаптамайды.
Алланың мейірімділігі сондай, «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды.» («Әнғам» сүресі, 160 аят). «...Адамдарға Алла мейірімді екені даусыз, бірақ көпшілігі соған шүкіршілік етпейді» («Жүніс» сүресі, 60 аят).
ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
Бас имамы Жансерік Өмірсерікұлы