Надандық – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Ізгілік пен парасатқа негізделген ақылдың кемел формасы – сау ақыл болған жерде надандыққа орын аз. Өйткені кемел ақыл надандықтың дұшпаны. Надандықтың адамдық асыл қасиетке көлеңке түсіретін құбылыс ретінде білімсіздік, қараңғылықтан нәр алмақ. Абай атамыз: “Естілер де ісіне қуанбай жүр, ел азды деп надандар мұңаймай жүр” деп тұжырымдаған. Надандықтың күні өтіп кеткен құбылыс емес, ол қазіргі заманның аса қауіпті дерті. Әр елдің озық ойлы адамдары бұл дерттен арылудың жолдарын іздестіруде. Надандықтың әр түрлі деңгейлері бар, ол жеке адам басындағы надандықтан, мемлекеттік саясатқа дейінгі сатылардың әрқайсысынан көрінеді.
Ислам діні сауат ашу, білім мәселесіне көп көңіл бөледі. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз – қараңғы түн сияқты. Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі 1-аят) деп басталатыны баршамызға мәлім.
Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы Исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, кейін оны өзге мұсылман бауырына үйреткені». (Ибн Мәжаһ)
Ислам діні білім алуға және сол алған білімді басқаларға да үйретуге шақыратын дін. Әдетте, біз садақа сөзін естігенде міндетті түрде қолдағы барымызды жарлы адамдарға үлестіру деп қана ұғынамыз. Ал, Исламда садақаның түрі көп. Сіздің адамдарға жылылық танытып, жымиғаныңыздың өзі садақа болып саналады. Ал, үздіксіз білім іздеу де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үлгі аларлық игі істерінен. Алла Елшісі (с.ғ.с) Мәдинаға хижра жасағаннан соң, сол жерде мешіт салдырып, онда арнайы дінді үйрету мақсатында бір бөлім құрғаны және ол орында өзі ұстаздық еткені мәлім.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оқу-жазуды және басқа да ғылымдарды халыққа үйретуді сахабалардың ішіндегі сауаттыларына міндеттейді. Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны Ислам тарихынан белгілі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір жағынан білімділерге білетінін білмейтіндерге үйретуді бұйырса, екінші жағынан мұқтаж аймақтарға дінді үйрететін ұстаздарды жіберіп отырды. Осылайша мұсылмандардың білім алуына өзі тікелей ұйытқы болып, үлгі көрсетті. Исламға дейін сан түрлі наным-сенімді ұстанып келген жат жерлік халықтар білімдар мұсылмандар арқылы ислам дінінің асыл құндылықтарымен сусындады.
Қасиетті Құранда білім мен надандықтың қарама-қайшылығы туралы былай айтылады: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» («Зумар» сүресі, 9- аят)
Сөздіктерге сәйкес надандық дегеніміз – білімнің болмауы, білімсіздік деп келеді. Бұл адам өмірінің барлық саласында – күнделікті өмірден бастап медициналық, әлеуметтік және діни өмірге дейін зиянын, кері әсерін тигізетін қасиет. Мысалы, адам оқу және санау жағынан сауатсыз болса, еңбегіне адал емес сатушылар оған сапасыз, мерзімі өткен тауарды сатып, соның арқасында ол оңай олжаға айналуы мүмкін.
Адамның еш дайындықсыз, білікті дін қызметкерінің көмегінсіз діни білімді үйренуі – діни сауатсыздыққа әкеліп, ол өз кезегінде дәстүрлі емес ағымдардың торына түсудің бірден-бір себебі болуы мүмкін. Жоғарыда келтірілген мысалдар надандықтың адам баласы үшін ғана емес, қоғам, тіпті барлық адамзат үшін үлкен қауіп екендігінің айқын дәлелі.
Қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлы да өзінің 38- қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», – дей келіп, оларға былайша анықтама береді: «Надандық – білім-ғылым жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Залымдық – адам баласының дұшпаны», деп бұл рухани кесел туралы ой қозғаған.
Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болса: «Біреу кедей болса, «Құдай кедей қылды», біреу жаман болса, «Құдай жаман қылды», біреу надан болса, «қайтсін, Құдай надан қылды» деу, мұндай сөздер Құдайды жамандаған болады. Не тапса, әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан», –деп айтады.
Демек, надандықтың емі бар. Ол – дұрыс ниет және білім-ғылым. Білімді болу – әрбір мұсылман адамның міндеті. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де білім алудың маңыздылығы жайлы көптеп айтылады: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді». (Тирмизи)
Қаратал ауданының бас имамы
Нұқтарұлы Бердібек