Иманы кәміл мұсылман кісінің бойында көркем мінезге жататын рухани қасиеттердің бірі – қанағат. Қанағат барына, қол жеткізген табыстарына разы болып, шүкіршілік етіп ішіп-жеу, яғни көңіл қалауларынан аз да болса тыйылу, шыдау дегенді білдіреді. Қанағат – пайғамбарлар мен ізгілер ұстанған жол. Сондықтан күнәһар болу, ақыретті ойран ету ақылды адамның ісі емес. Бұл баршаның бойына жарасатын көркем сипат, ешқашан ортаймайтын қазына. Қанағат дегенде аз ғана тірлік істеп қоя салу емес, күші жететіндей, қолынан келетіндей жұмыс істеу мұсылман кісінің міндеті болып табылады. Негізгі мақсат - осы жұмысының жемісі аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ету.
Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдет. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені, ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Сондай-ақ, ол ашкөздікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсак, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Аллаһ Тағала бүкіл адамзат баласының ырыс-несібесіне өзі кепілдік беріп қойған. Мына төмендегі аятта: «Дүние жүзіндегі барша тіршілік иелерінің ырыс-несібесі тек қана Аллаһқа ғана тән» (Һұд сүресі 6-аят) дей келе, Аллаһ Тағала өз құлдарының ырыс-несібелері жайлы алаңдамауын айтып көрсеткен. Алайда, Аллаһ Тағала өз ырыс-несібесін кейбір құлдарына молырақ берсе, кейбір құлдарына аз мөлшерде береді. Яғни, Аллаһ Тағала пенделерінің біріне молырақ дүние берсе, кейбіреулеріне кем қылып береді. Міне, осы сәттен бастап ортада қанағат деген ұғым туады. Еншісіне ырыс-несібеден көп тиген құлдар ашкөздіктен және сараңдықтан арылып мал-мүлікті керекті жерге сарп ете білуі керек. Ал ырыс-несібеден аз тиген құлдар осы берілген дүниеге разы болып, дүниеге деген көз тоймаушылықтан сақтанулары қажет. Демек, қанағат ұғымы тек кедей адамдарға ғана тиісті емес екен, бұл сондай-ақ бай адамдардың да таусылмас дәулеті екен. Сондықтан бай болсын, кедей болсын осы қанағат жолын ұстануы қажет. Өйткені қанағатсыздық ашкөздік пен көре алмаушылықты тудырары анық. Мұндай қасиетке ие болған кісі ешқашан жақсылыққа жете алмайды. Мәселен, қаншама мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам деп, толған сайын, толсам» деп, барған сайын ашкөздікке салынып, қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп жалған сөйлеп, екі жүзділікке барады. Кедей «бай болам деп талпынса, қанағатты ұмытқан бай құдай болам» деп күпірлікке барады.
Тарихқа үңілсек, қолында зор билігі бар үлкен мансап иесінің ашкөз, тойымсыздығы ел үшін қанша ауыр қасіретті, кесепатты болғаны туралы тарихта мысал аз емес.
Қанша елді қан қақсатып, жаулап алса да, көзі тоймай, Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) бір жолы қалың әскерімен адасып, әбден титықтағанда тау ішіндегі тұйықта кесе-көлденең тұрған темір қақпаға кезігеді. Патшаның қаһарына селт етпеген қақпаның арғы жағындағы күзетші бет орамалға түйген бір нәрсені дарбазадан асыра тастайды. Сонда жиһангердің қасында еріп жүрген Аристотель таразы алдырып, бір басына өздерінде бар дүниенің бәрін салғызады. Бірақ таразының көз сүйегін салған жағы басып тұра береді. Сол кезде данышпан көз сүйегінің үстіне бір уыс топырақ салуға кеңес береді. Сонда таразының сүйек салған басы жоғары шығып, екінші басы сылқ етіп, төмен түседі. Бұл арқылы ұлы философ адам нәпсісі асқынғанда, қайда апаратыны жайында қайғылы ой түйеді. Қанағатсыздықтың өлгенше тоймайтын дерт екенін айтады. Мұндай мысалдарды өзге халықтардың әдебиетінен де мол кездестіруге болады. Мәселен, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек» деген әйгілі әңгімесінің кейіпкері қанағатсыздықтан, жерді көп аламын деп, жүгіре-жүгіре, зорығып өледі де екі метр жерге көміледі. А.Пушкиннің бала күннен әркімге жақсы таныс «Алтын балық» туралы аңызындағы тойымсыз кемпірдің қайғылы тағдыры жастарға көп нәрсені аңғартса керек.
Хадис шарифте: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» (Риядус Салихин) деп, Пайғамбарымыз ﷺ қанағатшыл адамды бақытты адамға теңеп кеткен.
Көптеген ахлақ тұрғысындағы кітаптар ашкөздік пен ашқарақтық ауруынан құтылып, қанағатты болудың екі шартын алға тартады.
1. Аллаһ Тағаланың тағдырға жазған ризығына ие болу ашкөздік пен ашқарақ-тыққа саналмайды. Тек Аллаһ Тағаланың Бір Өзіне жүгініп, басқалардан сұрамау керек.
2. Қанағаттың екінші шарты қолдағы нығметтерді үнемдеп жұмсау болып та-былады. Ысыраптан мүлдем тыйылу керек. Мұндай тәжірбиелі кісілер бала-шағасын бағу үшін басқаларға бас имейді, жағымпаздық істемейді, өтірік сөйлемейді және ашкөздік пен ашқарақтық ауруынан құтылады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз ﷺ: «Үнемшіл болған кісі кедей болмайды», - деген. Егер адам көрпесіне қарап көсілмесе, керекті-керексіз нәрселерге қаржы жұмсала берсе, ысырап пен шығын есігі үлкейіп кетеді. Ысырапшылдық бар жерде ешқашан байлық болмайды. Ақша табу оны жұмсағандай оңай емес, адал ақша табу үлкен бір тасты биік таудың төбесіне алып шығуға, ал оны жұмсау тасты төбеден төменге домалатып жіберуге ұқсайды.
Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) : «Бірнеше күнге жетуі мүмкін азықты бір күнде сарп еткен отбасын өте жек көремін»,-деген. Бұл жөнінен біздің халқымыздың мыңдаған жылдық тәжірбиесінен қорытылған даналық тұжырымдары бар: «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген сияқты мақалдарда үнемі есте болатын шынайы шындық аз емес.
Есте ұстайтын нәрсе: үнемшіл боламын деп жеп-ішуден тиылып, ақша жию жолына түсіп кету дұрыс емес. Бұлай істеу үнемшілдік емес, керісінше, сараңдық. Сараңдық өте жаман әдет. Өйткені, бала-шағаның несібесін қырқу үлкен қателік саналады.
Қорыта айтар болсақ, қанағаттың орны мемлекет пен отбасындағы психологиялық оңды ахуалды, татулық пен тыныштықты, жайдары қабақты, бейіл-береке мен оның барлық мүшелерінің ырысымен, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі.
ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
Бас имамы Жансерік Өмірсерікұлы