https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Қыз ұзату да үлкен сын

11 May 2014 0 comment Оқылды: 2111 рет

Өкінішке қарай, көптеген ерлі-зайыптылар бақытсыздығын, әбден шаршағанын айтып шағым жасайды. Тіпті, кейде енді ғана шаңырақ көтерген жап-жас отбасылар бұл өмірден безіп кеткіміз келеді деп қалады. Себебі жанұяларында береке жоқ. Ұрыс-керіс, жанжал, айқай-шу, шынында да, адамның жүйкесін мезгілінен бұрын тоздыратыны рас. Таңертең ояна салып ұрыс, кешке ұрыс, түнде ұйқыға жатар алдында ұрыс… Осылайша үйдегі уақыттың бәрі керісумен өтіп жатса, оған шыдау, әрине, оңай емес.

Алайда кейде Ислам дініндегі қарапайым қағидаларға көңіл бөлмеудің немесе оны менсінбей қараудың нәтижесінде екі жастың бұл дүниесі де, арғы өмірі де быт-шыт болып күйрейтінін бүгінде екінің бір білмеуі мүмкін.

Мәселен, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Өз қызын пасық адамға, яғни кез келген күнәні ойланбай жасай беретін адамға күйеуге берген адамға күн сайын бір лағынет жауады. Ондай адамның құлшылығы да, дұғасы да, парыздар мен нәпіл ғибадаттары да қабыл болмайды» делінген. Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Өз қызын немесе отбасындағы бір қызды арақ ішетін адамға ұзатқан адам оны өз қолымен отқа лақтырғанмен тең» делінген.

Міне, осы мәселені ойланып көрейікші. Бүгінгі қоғамда қанша әке өзінің аяулы қызын ұзатарда күйеу баласының мұсылмандығы туралы сұрастырып жүр? Қызымызға құда түсіп, сырға салып келген адамдардан «ұлдарың намаз оқи ма? Арақ іше ме? Күнәлі істерді көп жасай ма?» деп сұрадық па? Қай жерде жұмыс істейді, қандай оқу бітірген, айлығы бар ма, үй-жайы, көлігі бар ма деп міндетті түрде сұрап аламыз. Әке-шешесі қандай адам деп те сұрап аламыз. Ал, бірақ дініне келгенде, немқұрайлы қарай саламыз. Сөйтеміз де өз қызымызды өз қолымызбен отқа лақтырғандай боламыз.

От емей не? Қызымызды берген күйеу бала Құдайдан қорықпаса, мұсылмандық әдептен жұрдай, аузы толған былапыт болса, қызымыздың өмірі отта емей қайда? Күнде, күнара арақ ішіп, отбасын ойрандап, үйдің тыныштығын бұзса, бұл от емей не? Алладан қорқып, күйеулік міндеттерін дұрыс атқармай, қызымызды аш-жалаңаш, қараусыз қалдырып қойса, бұның атын не дейміз?

Ал, енді керісінше жағдайды қарап көрейік. Қызымызды діннен, иманнан хабарсыз біреуге емес, мұсылмандық тәрбие көрген, мінезі көркем, сөзі шырын, ақылы сау, екі дүниелік білімі бар адамға ұзатсақ, қалай болады? Ондай жағдайда күйеу балаңыз қызыңыздың қажеттіліктерін Құдайдан қорыққаны үшін жасап қояды. Күн сайын азан шақырылып, намаз оқылатын. Құран қайтарылатын, дұға жасалатын үйдің ауасы да бөлек. Намаз оқылатын үйде арақ-темекінің иісі де болмайды. Сондықтан жын-шайтан, бәле-жала да ол үйден аулақ жүреді.

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, күйеу балаңыз таң атпай ерте тұрып, жуынып-шайынып, дәретін алып, арнайы бөлмесіне кіріп, әлемдердің жалғыз қожайыны Аллаға құлшылық жасайды. Жүрегі рахатқа бөленіп отырып Құран оқиды. Бар ынта-шынтасымен намазға тұрады. Үйдің тыныштығы мен берекесін тілеп дұға жасайды. Сосын бұйырған асын ішіп, Алланың рызық-несібесін іздеуге жұмысына шығады. Міне, осындай жақсы істердің, Құранның, намаздың, дұғалардың ауасы қай адамға жақпауы мүмкін? Сіздің қызыңызға ол жағдай, әлбетте, ұнайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Пасық адамға қыз бергеннің қабірден тұрарда маңдайында «Алланың рахым-мейірімінен үмітін үзген адам» деген жазу болады» делінген.

Расында да, қызын күйеуге берерде, оның болашағы туралы уайымдамау Алланы ұмыту дегеннің бір түрі. Алланы ұмытқан адамның қай ісі оңсын? Алла ондай адамға берекесін қалай жаудырсын?!

Қызымызды ұзаттық деген сөз – оны аяулы алақанымыздан шығарып, бөтен елге жібердік деген сөз. Сонда қалай болғаны, небәрі 18-19 жыл ғана қолымызда болған сүйікті перзентіміздің қалған өмірінің қалай өтетіні бізді, шынында да, уайымға салмағаны ма? Сондықтан болса керек, Алла елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Қыз ұзату – оны қолдан шығару деген сөз. Ендеше қыздарыңды қайда жіберіп жатқандарыңа өте мұқият болыңдар!». Бұдан артық қандай ақиқат керек?!

Мұнымен де бітпейді, қыздың тағдырына немқұрайлы қараудың жазасы да өте ауыр екені тағы бір хадисте былай білдірілген: «Қызын пасық адамға ұзатқан адам аманатқа қиянат жасаған болады. Ал, аманатқа қиянат жасағанның барар жері жаһаннам». Иә, бұл өте ауыр хадис. Бірақ ешбір ата-ананың есінен шықпауы тиіс өмірлік қағида. Шынында да, бізге қызды аманат етіп беруші Алла Тағала. Алла бермесе, қайдан қызымыз болсын? Айналамызда қанша адам бір перзенттің жоғынан зар илеп жүр. Сол секілді біз де перзентсіз қалуымыз әбден мүмкін еді. Олай болса, Алланың берген қызын Алланың қалауы бойынша ұзатуымыз керек.
Бұл айтылғандар мәселенің бір жағы. Екінші жағы тағы бар. Қазіргі кезде екінің бір қыз ұзатарда той жасайды. Тойды арақ-шарапсыз өткізетіндер әлі де аз. Қызықты қараңыз, қызымызды үлкен өмірге аттандырғалы отырмыз. Сонда Құдайы жоқ адамға ұқсап, ақ дастарханымызға харам суды қоямыз. Сөйтіп өз қызымыздың араммен басталған өмірі берекелі, бақытты болсын деп тілейміз. Бұл ақиқатқа қайшы нәрсе емес пе? Алланың бұйрығына құлақ аспаймыз, бірақ сол Алладан бақыт тілейміз?

Міне, осы сияқты жұрт әлі де толық көңіл бөлмей жүрген мәселелер өте көп. Осыдан кейін елімізде ажырасулар көбейіп кетті деп кімге өкпелейміз? Құдайдың шариғатын бұзамыз. Арақ ішпе дейді, ішеміз. Ұл-қызымызға ішкіземіз. Жолдарың ақ болсын, сол үшін ақ қылып арақты ішіп қойыңдар дейміз? Бұл қайдағы ақ? Алланың арам еткен жынды суы қашаннан бері ақ болған? Арақ қоймасақ, құдалардан ұят болады дейміз. Құдалардан ұят болады екен, Құдайдан ұят болмай ма? Құдалардың ұяты жазылады. Ал, Құдайдан ұят болса, өзіміздің де, бала-шағамыздың да, жеті ұрпағымыздың да, тіпті бүкіл нәсіліміздің де екі дүниесі ойран болуы ғажап емес.

Біз, қазақ діні жоқ ел емеспіз. Құдайға мың шүкір, сан ғасырдан бері мұсылман болып келгенбіз. Ендеше, мұсылмандықтан жиреніп, қай-қайдағылардың мәдениетіне еліктеп, өз тамырымызға балта шабудың ешбір жөні жоқ.

Бұл айтылғандар талай жанның нәпсісіне ауыр тиюі мүмкін. Бірақ осындай қарапайым нәрсенің өзіне көңіл бөлмегеннен бір күнде қаншама шаңырақ опырылып ойран болып жатса, қалай айтпаймыз?

Тым болмаса, өзімізден туған перзентке жанымыз ашуы керек деген ойдамыз. Сондықтан ертең өз қызымыздың барған жерінде бақытты болуына әке-шеше болып әрекет етуіміз керек-ақ. Алла тағала баршамызды разылығына бөлесін.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз