Дін – ұлағатты тәрбие, адамдықтың адастырмас жолы. Дінді адамдарға жеткізудің, санасына ұялатудың жолы – насихат. Демек, ұстаздың шәкіртке білім бергені, ғұламаның адамдарға жөн сілтегені секілді, насихатты дін саласында терең білімі бар, діни қағидаларды жақсы білетін адамдар жүргізуге тиіс. Міне, сондықтан да, Қазақстанда ислам дінін тарату және насихаттау, уағыз айту – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзырындағы дүние. Жамағатқа діни уағыз айту – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген мамандарға тиесілі.
Бүгінде елімізде ата дініміздің қағидаларына, ұлттық салт-дәстүрлерге мән беретін жақсы үрдіс жаңғырып келеді десек артық айтпаспыз. Оның нақты дәлелі, қазір жастарымыздың басым көбі темекі, арақтан бойын аулық ұстайды. Үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын ұлттық болмысқа мән береді. Интернеттен осы құндылықтар жайында ой бөлісу, білгенін ортаға салу, білмемегенін сұрау секілді үрдістің өріс алып келе жатқаны жанды қуантады. Алайда, терең діни білімі жоқ адамдардың дін қағидаларын, Құран аяттарын өзінше түсіндіруі жастардың ой-санасын дұрыс қалыптастыруға кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Халық арасынада: «Білмей шалқып сөйлеуден, сөйлемей қойған бес артық» дейтін керемет сөз бар. Сондықтан, діни қағидалар, ұстанымдар туралы білімді жастарымыз интернеттегі кез келген ақпарат көзінен емес, Қазақстан діни басқармасы белгілеген сайтттардан алғаны дұрыс. Себебі әрсаланың маманы, білгірі болатыны сияқты, дін саласының да мамандары бар. Сондай адамдардың ақыл-кеңесіне жүгінбей, ғаламторға кіріп, қалаған сұрағын қойып, кез келген ақпарат көзінен мағшұмат алудың түбі жақсылаққа апармайды. Тіпті, ондай жастарды жат пиғылды сайттар қасақана адастырып, біртіндеп өз мақсаттарына пайдалануы бек мүмкін.
Бастапқыда бәрі жақсы сөйлейді, тартымды болып басталады. Кейде оның соңын немен байланыстыратынан насихат айтушының өзі де білмейді. Мұның соңы адасушыққа апарады. Осындай адасудан сақтану үшін, Қазақстанның діни басқармасында ғалымдар мен ғұламалар кеңесі құрылған. Әр облысқа арнайы, сауатты имамдар бекітілген. Адамдар қандайда бір сұрақ туындай қалғанда дереу ғаламторды ақтармай, өзі тұрып жатқан жердегі мешіт имамдарымен, ондағы ұстаздармен хабарласып, тікелей немесе олардың ғаламтордағы мекенжайы арқылы бағыт-бағдар алуына, түйінді сұрақтар қоюына болады.
Бүгінде жастардың діни білім аламын деп адасуы, тіпті жат ағымдардың жетегінде кетуі көп жағдайда діни білімнің қайнарын, бұлақ көзін дұрыс таба алмауымен байланысты.
Тарихқа зер салсақ, ата-бабаларымыз дінді жүрекпен, санамен қабылдаған және оны ұлттық болмыстың бойына сіңіре отырып, ұлттық салт, өмір дағдысы негізінде ұстанған. Ол кезде мұсылмандар көп болды және бүгінгідей террорист, уахабист, радикализм дегендерден ада еді. Себебі олар бір мектептің, бір мазхабтың, бір имамның бағыт-бағдарымен жүрді. Мейлі еліміздің батысын, мейлі шығысын алыңыз да олардың ұстанымдары сіз бен біз секілді ұстанымдары бірдей болды. Себебі, ол кезде ақпараттың бүгінгідей мүмкіндігі, ғаламтор болған жоқ. Ал, қазір әрбір адам қолындағы смартфон арқылы әлемдік жүйеге қосыла алатын мүмкіндікке ие. Осыны пайдаланып кез келген адамның дін туралы уағыз айтуы дұрыс емес. Бұл жерде уағыз айтушының білімі мен қабілеті болуы керек демекпін.
Құранда Алла «Білмесеңдер білетіндерден сұраңдар» деген. Демек, айту үшін сол туралы сенде жетерлік білім болуы керек. Сондықтан, жастарымыз ғаламтордағы дін туралы уағыз айтушылардың тәтті сөзіне бірден еліктеп кетпеуі, оның кім екенін жан-жақты біліп алуы лазым. Тілі тәттінің бәрі жанашыр емес, тартымды сөздері біртендеп қақпанға айналуы да мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Бірінші кезекте сол тыңдап жүрген уағызшы Қазақстан діни басқармасында қызмет істей ме? Оның біздің ата баба ұстанған жол – Әбу Ханифа мазхабына сәйкес келе ме?, халқымыздың ұлттық болмысын қаншалық біледі? Ұлт ұлылары туралы ше? Тыңдап жүрген уағызшы арнайы бекітілген насихатшы ұстаз ба? Міне, осындай сұрақтар арқылы уағыз айтушыны зерделеп алған артықтық етпейді.
Баршаға белгілі, ең қымбат нәрсе – уақыт. Алтын уақытты кесірлі нәрсеге жұмсаудан асқан жоғалту, өкініш болмайды.
Дін – рухани қазына, адамдық жол, бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Дін – насихат». Кейде діни білімі жоқ азаматтар осы саладағы мәселелерге қатысты пікір білдіріп, пәтуа беріп жатады осы себепті, ел арасында түсініспеушілік туындап, діни бүліктерге жол ашып жататыны бары жасырын емес. Сондықтан, діни білім болмаса уағыз айту да оны талғамсыз тыңдау да тек адасушышыққа әкеледі. Соны естен шығармау керек.
Текелі қалалық «Керімбек би» мешітінің бас имамы
Аман Айтбосынұлы