Асыл дінімізде ихсан cөзі – “Басқаларға жақсылық жасау” және “өз ісін ең көркем түрде жасау” деген екі мағынада қолданылады. Алла Тағала құлдарына Құранда ихсан сөзінің осы екі мағынасын да баяндаған. Қасиетті аятта: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде және дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүлік жасама! Алла бұзақыларды сүймейді»,– делінген.
Басқа бір аятта: «Негізінде Алла әділдікті, ихсанды(ісін ең көркем түрде жасау) және ағайынға қарайласуды. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді»,– делінген.
Бүкіл әлемнің Раббысы жаратылысты көркем бейнеде жаратып, өзіне құлшылық етуді бұйырған. Сондықтан адам баласы бұдан ғибрат алып, ихсан ілімінің болмысына бойлап, Жаратушы Иемізге құлшылықты көріп тұрғандай жасауы керек.
Ислам дінінде адам баласының Аллаға деген ихсаны мынадай: алдымен иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, барлық тыйым салған нәрселерден аулақ болу, ізгі амалдарды арттыру. Алла Тағала: «Сондай-ақ иман келтіріп, салиқалы іс істегендердің сауапты жақсы амалдарының еңбегін жоймаймыз», – деп уәде еткен.
Бірде Жәбірейіл періште сахабаларымен отырған Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ақ киім киген жолаушы кейпінде келіп, көпшіліктің көзінше былай дегенін хазіреті Омар (р.а) баяндайды: «Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Ислам – Алладан басқа Құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару деп жауап береді. Әлгі кісі мұны естігенде: – Рас айтасың, – деді. Біз оның өзі сұрап әрі жауабын өзі растағанына таңғалдық. Мұнан соң әлгі кісі: – Иман дегеніміз не? – деп сұрағын жалғастырды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): – Аллаға, оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, – деді. Жолаушы тағы да: – Рас айтасың, енді ихсан деген не? – деді. пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Ихсан – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шүбәсіз, ол сені көруде. – Қиямет қашан болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді, – деп еді, сонда әлгі кісі: – Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, – деп ақырет күнінің белгілерін айтып берді. Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?», – деді. Мен: – Алла және оның елшісі біледі, – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шын мәнінде ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште болатын», – деп мәселенің мән-жайын түсіндірген еді.
Біз бұл хадистен асыл дінімізде иман (ақида), ислам (фикһ), ихсан (мораль) деп аталатын үш негіз бар екендігін көреміз. Діннің осы үш негізі жеке-жеке ғылым саласы ретінде қалыптасқан. Осының ішінде ихсан ілімі халқымызға «сопылық» атауымен танылған ең жоғары құлшылық көрнісі. Қазақ жерінде осы ілімді қалыптастыруға Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық поэзияның негізін қалаушы, рухани ұстаз, діни қайраткер, түркістандық ғұлама Қожа Ахмет Яссауи бабамыз және оның шәкірттері зор еңбек етті. Сопылық – нәпсіні тыйып тәрбиелеу жолымен кемелдікке жету.
Сопылық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) заманында жеке ғылым ретінде қалыптаспаған болатын. Алла елшісінің (с.ғ.с) заманында сол кездегі адамдар, құлшылықтарын тек Аллаға арнаған тақуа жандар еді. Діннің парыздарын өтеумен қатар, өздерін харамнан тиып, тіпті күмәнді нарселерге де жоламайтын. Уақыт өте келе, ислам дінінің қанат жаюына байланысты кейбір адамдардың жүрегінде дүниеге деген құлшыныс артып, тақуалық, рухани күш әлсірей бастады. Осы кезде жүрек іліміне ден қойған тақуа адамдар «тассауф» ғылымының негізін қалады.
Сопылық білімнің негізі – оңaша құлшылықта тереңдеу, тек Аллaға берілу, мансап, мал-мүлік, рахат іздеуден бас тарту. Осы тaзалық, шынaйылық алғaшқы сахабалaрда, табиғиндерде бар болса, кейінгі ғасырларда адaмдар тек дүниеге беріле бастады. Сол кезде құлшылыққа берілген жaндар «сопы» деген атпен таныла бастaды. Мүминнің өзін рдaйым бақылауда жүргенін сезініп және осы сезімнің жүректе берік орнығуы деген мағынаға келетін ихсан ілімі Аллаға жақын құлдардың рухани миғражы болып саналады.
Муғаз ибн Жәбәл (р.а) aйтaды: «Аллa елшісі (с.ғ.с) мағaн өсиет етіп былaй деді: «Әй, Муғаз, мен саған Алладaн қорқуды, шындықты aйтуды, уәдеге берік болуды, амaнатты өтеуді, қиянаттaн қашуды, көршіге қарaйласуды, жетімге мейірім көрсетуді, жылы сөзді болуды, сәлемді жаюды, жақсы амал жасауды , дүниелік арманды қысқартуды, иманды берік ұстануды, Құранды терең түсінуді, ақыретті сүюді, есепті күнде уaйымдауды, өзгелерге қолғанат, кең болуды өсиет етемін. Сені aқылды кісіні сөгуден, шындықты айтушыны өтірікші деуден, күнә істеуші кісіге бағынудaн, турa басшыға қарсы келуден және қандай да бір жерді бүлдіруден қайтарамын. Әрбір тас, ағаш, балшық үшін де Аллaдан қорқуыңды өсиет етемін. Әрбір күнә үшін бір тәубә етуіңді өсиет етемін. Жасырын күнә үшін жасырын, жария күнә үшін жария тәубе керек».
Алла елшісі (с.ғ.с) Алланың құлдарын осылайша тәрбиелеп, көркем мінезге, жақсы әдепке шақырған болатын. Пайғамбар (с.ғ.с) Муғазға (р.а) айтқан өсиеті бүкіл үмбетіне және қияметке дейін келетін үмбеттеріне айтқаны деп түсінуіміз керек. Олай болса, біздің міндетіміз рухани деңгейімізді көтере отырып, Алла Тағаланың бақылауын әрдайым сезініп жүру. Бұл мақсатымыздың негізін төмендегі аяттан түсінуімізге болады. «Күмәнсіз ихсан иелеріне Алланың рахымы өте жақын».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Иманның абзалы – Алла тағала үшін жақсы көруің немесе шариғатқа қайшы нәрсені жек көруің. Тіліңмен Алла тағаланы зікір етуің (еске алуың). Басқалар үшін өзіңе тілегенді тілеуің және өзіңе тілемеген нәрсені өзегеге де тілемеуің. Тек жақсы сөз айтуың, болмаса үндемеуің», – деген.
Абай атамыз бір сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнін де өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?», – деп адам баласын өтіп жатқан өміріне үңілуді өсиет еткен.
Ескелді ауданның бас имамы Мұхамед Ордыбай.