https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Кішіпейілділік – мұсылманның асыл қасиеті

10 Oct 2021 0 comment Оқылды: 484 рет

Кішіпейілділік - адамдарға тән ізгі қасиеттердің бірі. Адам бойындағы кішіпейілділік, қарапайымдылық оның барлық іс-әрекетінен, қимыл-қозғалысынан, өзін ұстауынан, мінез-құлқынан, тәртібінен, сөзінен, киген киімінен де аңғарылып тұрады. Кішіпейіл адам адамгершілігі мол, мейірбан болып келеді. Кісіге қарасуға, қол ұшын беріп, жәрдемдесуге дайын тұрады. Сол үшін де халық: «Кішіпейілділік – кішілік емес, кісілік» деп оның мәнін өте дұрыс айтып жеткізген.

Тіпті, бұл қасиеттің ардақтылығы сондай, Құран Кәрімде Алла Тағала хас құлдардың сипаты ретінде былай баяндайды: «Рахманның хас құлдары жер бетінде сыпайлықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда (наданмен надан болмай) оларға «Аман болыңдар» деп өз жөнімен кете береді» («Фурқан» сүресі, 63-аят). Бұл қасиеттің аса ардақты болуының өзіндік мән-маңызы бар. Айталық, кішіпейілділік болған жерде адам баласында тәкәппарлық пен менменсіну сияқты жаман қасиеттер болмайды. Сондықтан да дана халқымыз «Жемісті ағаш иіліп тұрады» деп, кішіпейіл адамның руханияты жемісті, ізгілігі мол, жан дүниесі бай адам ретінде суреттейді.

Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз ﷺ хадис шәріптерінің бірінде: «Садақа байлықты кемітпейді. Алла кешірімшіл пендесін ардақты етіп, кішіпейіл құлының мәртебесін жоғары етеді» (Муслим), – деп насихаттайды. Шындығында, тәкәппарлық қасиеті Ібілісті жәннаттан шығарған болса, ал кішіпейілдік қасиеті адам баласының мәртебесін өсіріп, оны жәннатқа жетелейді. Алла Елшісі ﷺ өзінің ұлы миссиясы туралы: «Расында, мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім (Бұхари, Хаким, Ахмад), – деп түсіндірген. Тағы бір хадисте Алла Расулі ﷺ мынадай бір маңызды өсиет айтады: «Кешірімді болу мен кішіпейілділік һәм жұмсақтықтан нәсібі болмағанның көркемдіктен әрі жақсылықтан да нәсібі болмайды» [Муслим]. Шындығында да, кішіпейіл болу – барлық Пайғамбарлардан, ізгілерден, адамзат тарихындағы айтулы тұлғалардан мирас болып бізге жеткен ұлы құндылық.

Әнәс ибн Маликтен (р.а.) риуаят етілген мына бір хадисінде Пайғамбарымыз ﷺ аталмыш қасиеттің адамзат баласының өміріндегі мәні мен маңызы турасында былай деп бұйырған: «Алла Тағала маған бір-біріңізге қарсы кішіпейілділік танытуды және кейбіреулеріңіздің басқаға зұлым етпеулеріңді әмір етті» [Муслим].

Айша анамыз (р.а.): «Күмәнсіз сендер құлшылықтың ең жақсысына селқос қарайсыңдар, ол – кішіпейілділік», – деген екен. Расында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қияметтегі мизам таразысында ауыр басатын нәрсенің көркем мінез-құлық екенін өсиет етеді. Демек, кішіпейілдік танытудың өзі құлшылық болып табылады екен.

Данышпан Абай хакім де:

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, - деп, адамзатты кішіпейілділікке шақырады. Өмір салтын Исламның негіздерімен ұштастыра білген дана халқымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деп түйіндейді. Расында, кішіпейілділік – мұсылманның асыл қасиеті.

 

 

ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің 

Бас имамы Жансерік Өмірсерікұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз