https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Білім алудың артықшылығы

06 Oct 2021 0 comment Оқылды: 427 рет

Білім алу, кәсіп үйрену, жаратылыс кітабын оқып, табиғаттың қыры мен сырын тану Ислам дінінде парыз саналады. Өйткені, қасиетті Құранның алғашқы аятының өзі адам баласына оқуды бұйырады. «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы)!» – деп адамды білім алуға шақырған аяттың сыры терең. Жалпы, Құранның әрбір аяты тылсым сыр мен тұңғиық білімге толы.

Тарихта адамзаттың бақытты болуына жіберілген барлық пайғамбар үлкен білім иесі болған. Ұлы Раббымыз пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) білімін арттыруды өзінен сұрауды бұйырған. Та-һа сүресінің 114 аятында: «Күллі жаратылыс атаулының Хақ Патшасы (шын иесі) Алла қандай ұлы десеңші! (Уа, Мұхаммед! Өзіңе уахи келгенде): Құран аяттары өзіңе толық уахи етілмейінше ұмытып қалмайын деген оймен іле-шала қайталауға асықпа. «Раббым, ілімімді арттыра көр», – деп дұға ет» – деп жөн көрсетеді, дұрыс жол сілтейді. Яғни, қайталап жаттаудан бөлек ілім-білімнің зердеге берік орнауы үшін Жаратқан Алла Тағаладан дұға сұрау керектігін ұғындырады. Міне, осы ұғымға шынайы сенген пайғамбар мектебінен өткен әрбір сахаба білімді болған. Соның арқасында Құран мен хадистің біздің заманымызға бұзылмай, бүтін жетуіне орасан зор үлес қосты. Олардың әрқайсысы ыждаһаттылық пен табандылық танытудың арқасында өлшеусіз еңбек етті. Шындығында әрбір сахабаның бойынан иманға деген ықыласпен қатар білімге деген құштарлықты көруге болатын еді.

Меніңше, олар Раббымыздың мына аятына қарап білімге қызығушылық танытса керек. «Мүжадила» сүресінің 11 аятында Жаратқан Алла: «Уа, иман келтіргендер! Мәжіліс құрып отырғандарыңда (жаңадан келген жандарға): «Кеңшілік жасап орын беріңдер», – делінгенде сәл ығысып, орталарыңнан орын беріңдер, сонда Аллада сендерге кеңшілік жасап (шексіз рақымы мен жаннатынан) орын береді. Ал, «Жиын бітті, тұрыңдар, тараңдар», – делінгенде, тұрыңдар да тараңдар. Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» – деп білімге, ілімге, ғылымға құштар жандарды сүйіншілейді. Бұл аяттан көріп тұрғанымыздай білім мен иман егіз ұғым іспетті.

Алла Тағала иман берген бір адамның қажетті білімі болмаса жасаған құлшылығының өзі мұқтаждыққа түсіруі мүмкін. Ал, тек білімі ғана бар адамның айналасын өзімен бірге құрдымға әкетері ақиқат. Себебі, бүгінгі әлем білімнің биік шыңына жетсе де имансыздықтың зардабын тартып келеді.

Абу Дардан (оған Алланың разылығы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кім білім іздеу жолына шықса Алла Тағала оның жаннатқа кіретін жолын оңайлатады. Шындығында білім талап етушіге періштелер разы болып, өзінің қанаттарын жаяды. Ақиқатында ғалым адам үшін аспан мен жердегі бүкіл жаратылыс, тіпті, судағы балықтарға дейін Жаратушыдан кешірім сұрайды. Қарапайым құлдан білім иесінің артықшылығы жұлдызға қарағанда ай сияқты. Расында ғалымдар пайғамбарлардың мирасқоры. Шынында пайғамбарлар өзінің соңына алтын-күмістен емес білімнен мирас қалдырады. Ал, кім сол білімді алса өз несібесін алған болады» – деген. (Абу Дауыд, Тирмизи, Ибн Мажа). Қандай керемет өнеге?! Әрбір мұсылман білім алуға ұмтылып, пайғамбарымызға мирасқор болса, одан асқан бақыт бар ма?!.

Жоғарыдағы Құран аяттары мен хадистерге амал еткен сахабалар мен табиғиндар, ислам ғалымдары том-том кітап жазып, бар өмірін пайдалы білімге арнаған. Олардың мақсаты – адамзатты Раббысымен таныстырып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тура жолын көрсету, замандастарының қолына бақыттың кілтін ұстату болды. Жаратқан Раббымыздың оларға берген сыйы Ислам тарихында есімдерінің алтын әріппен жазылуы дер едім. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» – деп шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат алатынын жеткізеді. 

Сафуан Ибн Уасан (одан Алла разы болсын): «Бір күні пайғамбарымызға (с.ғ.с) келдім. Ол мешіттің тамына сүйеніп отыр екен. Үстіне кигені қызыл шапан еді. Мен:

– Я, Расулулла! Сенен білім талап етуге келдім, – дедім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

– Қош келдің, білім талап етуші! Шындығында білім талап етуші адамның табанының астына періштелер қанатын жаяды, соңынан білім талап етушіге деген махаббаты себепті бірінің үстіне бірі шығып, аспан дүниесіне дейін жетеді» – дегенін айтады. (Имам Ахмад, Имам Табарани).

Міне, бұл хадистен білім талап етудің, яғни, білім алудың дінімізде қандай мәртебелі екенін көруге болады. Оған пайғамбарымыздың әрбір үмбеті қол жеткізе алады. Жаратқан Раббымыз баршамыздың білімімізді көтергей!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз