Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдерінің негізі ислам дінімен біте қайнасып жатыр. Әрине, қасиетті Құран мен Пайғамбар сүннеттері - әдет-ғұрыптар мен сенімдердің қайнар көзі екенін жақсы білеміз.
Алла Тағаланың көркем есімдерінің бір – «Сәләм». Ислам дінінде бірінші болып сәлем берген адам артық сауапқа ие болатыны айтылады. Егер біреу сәлеміңді алмаса, оған қайғырудың қажеті жоқ, сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы хадистерде айтылады. Біздің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз иен үйге кірсе де «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем берген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше, жәннәтқа кіре алмайсындар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіндер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» деген.
«Қазақта үлкен кісілерге келіндер сәлем етеді. Бұл шариғатқа қайшы ма?» деген сауалдар қойылады. Ерекше айта кетерлігі, иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы «ширк»деп үкім шығармаған. Иіліп сәлем беруге байланысты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген мынандай бір ғана хадис бар.
«Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді.
Жалпы, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендіктері жайлы көптеген сахих хадистер бар. Бұл жайлы “Тақуа яки, сыйлы қария кісілердің қолын сүю арқылы оларға құрмет көрсетуге бола ма?” деген сауалға Имам әл-Бухаридің «Әл-адабул-мүфрад» атты кітабында рұқсат етілгені жайлы айтылады. Әрине, қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіндігі сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы “ширк” яки “харам” демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді.
Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Беташар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам: - Бақытты бол, балам! - деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. "Жақсы келін - қызыңдай, жақсы күйеу - ұлыңдай" деп қазақ даналары бекер айтпаған.
Келіннің келін болып түсе сала, өзіне артылған міндеттері бар. Таңертең ерте шай қою, дастарқан жайып шай беру, үй тазалығы, ауылды жерде - ошақ басындағы қызметі, мал жайғастыруы, сиыр сауып, күбі пісу. Келін болып түскен күннің ертеңіне-ақ, таңертеңгісін, осы тірліктерге араласпас бұрын, ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізе бүгіп, сәлем салады. Келін үлкендер алдында орамал тартып жүреді. Ол да ұлкендерге көрсеткен құрмет.
Бердібек Нұқтарұлы,
Қаратал аудандық орталық мешітінің бас имамы.