Аса рахымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Бір кездері «Оян қазақ» деп дабыл қаққан ұлт жанашырлары көтерген алаш туының астында бас қоса алмаған момын жұртым бейқамдықтың бір кемдігі болатынын көздерімен көре бастады. Көрмеске жол да қалмай барады. Сол себепті елдік мұрат, біртұтас татулық, ұлттық болмыс мәселесі әр қазақтың терең ойлап, бір қаракет жасау керектігін анық сездірді.
Патшалық империя қазақ елінің алтын тамырына іріткі салып, ру-руға бөліп бас біріктірмеді. Кеңестік жүйенің шіріткен жемісі тілі шұбарланып, ділінен жұтап, түбінен түңілген жартылай мәңгүрттенген қазақ болды. Ал тәуелсіздіктің тұғырына қонып тұрып, ең соңғы сүйенішіміз болған дінге бөлінуіміз қатерлі болып тұр. Шоқынып, тасқа табынғандарға «ат айналып қазығын табар» деп шабыла қоймадық. Арқандаулы ат айналып қазығына оралатыны түсінікті болғанда, бағусыз бос кеткен елдің болмысы жат болып ораларын өз уақытында түсіне алмадық. Түсінгенде, мыңдаған қаракөздер өздері-ақ бас қосып өзге дінді насихаттайтын уағыз конференциялар өткізбес еді. Аллаға серік қосып, тас мүсінге табынып тұрмас еді. Бауырлас туыстары дәрменсіз күйде қапа боп қалмас еді. Іргеңнің сөгіле бастағанын көрген соң да бір әрекет жасағанда олардың артынан тағы да шатасқан бауырларымыз шұбырып ермес еді. Ең сорақысы бір сапта намазда тұрған ниеттес мұсылмандардың арасына жік түспес еді ғой.
Ислам дініміздің шарттарын сақтай отырып, ғасырлардың сүзгісінен өткен салт-дәстүрімізді сыртқа тебу рухани жаңғыру алдындағы тоқырау сынды. Ақиқатында жастардың қандай жолдармен болмасын Аллаға бет бұруы дінсіздік үстемдік еткен қоғамның көктегі жарық бір сәулеге талпынуы деп түсіну керек. Қазақ халқы ежелден жақсылықпен жарысқан, не нәрсе болса да саф алтындай мінсіз тазасына ұмтылатын ел болатын. Қазіргі қайта түлеу кезеңінде Алласына деген ынтық жүректері заман шиырлаған дәстүр мен дін арасындағы хаоста тұрғандай...
Қазіргі таңда жаңа түскен келін отқа май құярда «От ана, май ана, жарылқа!» деп айтпаса да бұл ырымның өзі шаманизмнің сарқыншағы екені сөзсіз. Тағы бір мысал келтірейін: «Түнде тырнағыңды алма немесе жаман болады» деп жатады. Шын мәнінде, бұл ырым емес. Бұл – қазіргідей жарық шамы жоқ әрі ыдыс-аяғы мен жатын орны жақын орналасқан кішігірім қазақы үйде ғұмыр кешкен халықтың гигиеналық сақтануынан туындаған ұстаным. Себебі, қараңғыда алынған тырнақтың ыршып ыдыс-аяққа түсіп, одан әрі адамның ішіне кету қаупі бар деп есептеген. Сол секілді, «Үйге қарай жүгірме немесе атпен шаппа жаман болады» деген де бар. Бұл да ырым емес, үлкен этикадан туындаған тыйым болып саналады. Көбіне жау шапқанда хабаршы жай жүріске салмай шауып келетін болған. Сондықтан, тыныштық уақытта үйге қарай шауып келу - елдің жүрегіне үрей салу болғандықтан, осылай тыйымдарды ата–бабамыз айтып отыратын болған.
Ендігі айтпағым, дастархан басында берілетін бата туралы. Негізі баталар имандылық, адамгершілік, аман-есендік, бақыт, қуаныш, құт-берекені күтуге шақырады. Батаны ауыл ақсақалдары мен қариялар беретін болған. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы деп осыны айтуға болады. Дінді дәстүрден, дәстүрді діннен бөліп қарауға болмайды, себебі, қазақ халқының салт-дәстүрлері дінмен өте тығыз байланыста болғандығын осы келтірген мысалдардан аңғарамыз. Дала өркениетінде әу баста да ханифтік таза діннің болғаны белгілі. Сол себепті, ислам діні қазақ халқының дәстүрімен өзара үйлесіп жүректерге ықтиярлы түрде тез әрі берік орнықты.
Бодандық дәуіріндегі діннен аластау, көшпенді өмірден отырықшылыққа көшу, ұлттық тамырларға балта шабу біртіндеп дәстүрдің әуел бастағы сипатына селкеу түсірді. Дұрыс зерделегенге біздің дәстүріміздің өзегі исламда жатқанын көру қиын емес.
Дәстүрден бидғат іздеп ұлттық тұтастыққа сызат түсіру Аллаға қарсы келу десе де болады. Ұлт туралы «Хужурат» сүресінде: «...Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық» деп айтылған. Яғни, Алланың адам баласын ұлттар мен руларға бөліп жаратуында үлкен хикмет бар. Сондықтан, ұлттық ерекшелік пен ұлттық болмыс өз табиғатында сақталып, қорғалуы керек. Дінді насихаттағанда халықтың таным түсінігін ескере отырып, қиындатпай орта жолмен жүру керектігін Алла Тағаланың Өзі «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», - деп ескерткен. Сол себепті дәстүрімізді дінімізден бөліп қарау, мойындамау діннің талаптарына белгілі бір деңгейде қырын қарау дегенге саяды. Дәстүрдің озығы да, тозығы да болады десек те біздің салтымыздың дінімізге тікелей қайшы келетін жерлері жоқ десе де болады. Халқымыз үшін дәстүрдің Ұлы Жаратушы белгілеген өлшемдердің шеңберінен шықпауы негізгі шарт болғаны шүбәсіз.
Қазақтың қан тазалығын сақтауының өзі қандай жақсы дәстүр! Қанның тазалығы ананың ақ сүті, атаның ақ жолы мен ақ тілегі арқылы келді. Ақ сүт адал астан, бойдың тазалығынан (ертедегі текті аналарымыз сәбиін дәретсіз емізбеген) болса, ақ жол ораза намазын қаза қылмаған ата-баба салты болатын. Жеті атаға дейін қыз алыспау - қан тазалығын сақтаумен қатар қазіргі сан түрлі қауіпті ауруларға жол бермейтін, медицина мойындаған ақиқат. Ал текті жұрттың тілегі ұрпақ берсең қайырлысын бер деп келетін еді. Өйткені, Құранда не тілесең де қайырлысын тіле деген.
Кеңпейілдік, қонақжайлылық пен бауырмалдық ежелден қазақтың қанында бар асыл қасиеттер. Алла не берсе де пейіл ниетіңе қарап береді деп білетін еліміз келер ұрпаққа «Алладан тілегеннің екі бүйірі, адамнан тілегеннің екі көзі шығады» деген аталы сөз қалдырған. Пейіліміздің кеңдігін кемдік көріп момын, аңғалға балап ақ ниетімізді бағалай білмейтіндер де, асыңды ішіп, сырмағыңды тіліп пайда іздейтіндер де баршылық. Бірақ, көктен түскен әрбір әмірді қанына сіңіріп, өмірінің өзегіне айналдырған асыл елім бәріне сабыр қылады. Себебі, «Сабыр-иманның жартысы», ал иманы бардың – ақыретке жиғаны бар деп, Алланың: «Расында, Алла тағала сабырлылармен бірге» («Бақара» сүресі, 153-аят) деген сөздерін медет тұтады.
«Сәбә» сүресінің 39-аятында «Аллаһ жолында не жұмсасаңдар да, Аллаһ Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» десе, қазақ «Қолы ашықтың жолы ашық» деген. Алла Елшісі ﷺ : «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ» - деген. Ал қазағым оны қара өлеңінде «Қонақ келсе есікке, жүгіре шық кешікпе. Қарсы алмасаң қонақты, кесір болар несіпке» деп зерделеген.
Қонақжай жұрттың қонағы негізінен туыстары болып келеді. Туыс деген қазақ үшін жеті ата аралаған өз жұрты, нағашы, қайын жұрты, құда-жекжаты және де тілектес дос, көрші-қолаңы. Оның көптігіне пейілдерінің кеңдігі де жетеді. Дініміздегі туысымен байланысын үзген адаммен Алла тағала да байланысын үзеді, көрші ақысы - тәңір ақысы деген ескертпелер қазақ ортасындағы туыстық бауырмалдық сезімнің негізгі тірегі. Осы бір туыстық қатынастар мен бауырмалдылықтың әлі де болса өз күшін жоймауы қазақ халқын жаһандануға жұтылып кетуден сақтап тұрған қорған. Ал діннің де негізгі көркі мен тірегі мұсылманның мұсылманға бауыр болуы емес пе?!
Ислам діні жамағатпен бірге құлшылық жасау, көппен кеңес құру, ауызбірлікте болу адамдардың өздері үшін жақсылық екенін уағыздайды. Осы негізбен қазақ елі әрқашан берекені бірліктен, келісті істі келелі кеңестен іздеп отырған. «Ел іші алтын бесік» деген ақсақал қарттарымыз тентегін тектеп, жетімін жетектеп ел қатарына қосқан. Ұл-қызының өресін арттырып, салт-дәстүрін ұқтырып, дәріптеп, жаңғыртып отырған. Содан болар ата-дәстүрі мен аталы сөзді ешкім аттап кетпеген. Ал қазір сол ел іші деген ұғым әлсіреп кетті. Заман тез өзгеріп, жастардың бәрі қала жағалап кетті. Не көріп, не істеп жүргендерін саралауға шама жоқ. Күн-көріс үлкенді кішінің аузына қаратқандай жайы бар. Кейбір шала сауатты бауырларымыз ақиқат дін мынау, дәстүрің дүдәмәл деп ел ішін дүрліктіре бастады. Жастарда дәстүрдің сабақтастығы жоқ болса, дінсіз қоғамда тәрбиеленген үлкендер жағында дінге үрке қараушылық бар, бетбұрыс жоқ. Содан барып дін мен дәстүрдің сабақтастық мәселесі көтеріле бастады.
Қазіргі қоғамдағы дін мен дәстүрдің тартысына жиі түсіп жүрген тақырыптардың ең бастылары діндегі сенім, мәзхаб мәселесі және де қыз баланың тәрбиесі мен өсіп өнуі, отбасылық қарым қатынастар.
Ертеде «әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп жасы үлкеннің жолын кеспек түгілі сөзін бөлмеген есті ел едік. Қазір оның да күші кеміп кетті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген хадистері дәстүрдің озығы емес пе?! Дәстүрлі тәрбие әлсіреді ма, дінді таратып түсіндіру кем болды ма, әлде адамның өзімшілідігі көкірегін көтерді ме білмедік...
Жалпы дәстүріміздегі қыз бен жігіттің құда түсіп табысуынан басталатын, ақ тілекті той, отбасы құндылықтары, жүкті болу, бала тәрбиесі, адами қарым-қатынастар, жан байлығы, азаматтық және де ата-аналық мақсат-міндеттерге негізделген өмірдің мәні жөніндегі қағидалардың барлығында асыл дініміздің өлшемдері болғаны көрініп тұрады. Оған ешкімнің қарсы дауы болмаса керек.
Бір дәстүрдің сәл-пәл артық кеміне бола оны толықтай күстаналаудың реті жоқ. Мысалы, қазақ елінің бақилық болған бауырын жоқтау салтын алайық. Шындығында дін пәтуасы бойынша адам қайтқанда жақындары бетін тіліп, шашын жұлып жылауы дұрысқа саналмайды. Дін мен дәстүріміздің айшықты кезіндегі жоқтауларда ата-текті, сый-құрметті бағалау, жалған өмір мен мәңгілік өмірдің мұратын насихаттау көбірек айтылған. Ал кейбіреулердің Алласына тіл тигізе айтқан жоқтауларының халқымыздың өрелі дәстүріне еш қатысы жоқ.
Дәстүр арқылы ұрпаққа тәрбие беріледі. Осы орайда, қатты алаңдататын тағы бір нәрсе, құрсағынан шыққан сәбиін қоқысқа тастап кеткен ана мен жетімдердің тағдыры. Бір кезде жетімін жылатпаған, ері ел үмітін ақтаған, басшысына бағынған ел едік. Қазір қандай күйдеміз? Қызымызды қырық үйден тыйып, тағдыр жазған жетімді әмеңгерлік салтымен туғандарының арасында жетілдірген текті жұрттың ұрпағы едік қой!
Қадірлі, ағайын, ел іргесі бүтін болсын десек, дәстүрдің озығын алып, тозығынан тартына білейік! Алладан шын ниетпен тілеген қайырлы дұғалар ғана бағаңды арттырып, жаныңды жұтатып, көңіліңді құлазытқан кем дүниеңді толтырады. Алланың көктен түсірген жібінен бірге ұстап, шын бақытқа бірге жетейік ардақты жұртым!
ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
Бас имамы Жансерік Өмірсерікұлы