https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Пайғамбар сүннетін жандандыру

14 Sep 2021 0 comment Оқылды: 322 рет

Бұл дүниеде көркем өнеге тұрақтанып, адам баласының ғибратты ғұмыр кешуі үшін Жаратушы Алла Тағала пайғамбарларын Жер бетіне кезекпен жіберіп отырған. Адамзат өркениетіне орасан зор үлес қосқан пайғамбарлар әр заманның данышпан да ұлағатты ұстазы қызметін атқарды. Біздің үмметтің де бақытты өмір сүруі үшін Жаратқан Иеміз адамзаттың асыл тәжі, әз пайғамбар Мұхаммед Мұстафа «саллалаһу әлейһи уә сәлләмды» жіберген. Пайғамбарымыздың ұлағатты жолы сүннет деп аталады. Сүннетті ұстану әрбір мұсылманның Аллаға деген сенімі мен махаббатын көрсетеді.

Жаратқан Раббымыз қасиетті Құранда:

قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللَّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ ۗ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«(Мұхаммед «саллалаһу әлейһи уә сәлләм») оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» деп айт» – деп бұйырады. (31)

Міне, осы аяттардан Пайғамбарымыздың «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» сүннетінің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Сол арқылы Алланың сүйіспеншілігіне бөлену мен күнәлардың кешірілуі тек пайғамбарымыздың жолмен жүріп, сүннетін бекем ұстанумен болатынын көреміз.

Сахабалардың барлығы пайғамбарымыздың сүннетін бекем ұстанған. Соған байланысты олардың дәрежелері биікке көтеріліп, артынан өшпес із қалды. Мұндай өнегелі жол – пайғамбарымыздың сүннеті болатын.

Алла елшісі «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» өзінің мүбарак хадисінде:

إنما بعثت لأتمم مكارم الأخلاق

«Мен сендерге көркем ахлақты жетілдіру үшін жіберілдім» – деген. Көркем ахлақ дегеніміз Алла елшісінің «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» сүннеті.

Бірде кейінгілер Әли ибн абу Талифтан: «Сендер пайғамбарды қалай жақсы көруші едіңіздер?!» – деп сұрайды. Ол: «Алланың атымен ант етемін, Алла елшісі, «саллалаһу әлейһи уә сәлләм», бізге малымыздан, балаларымыздан, ата-аналарымыздан, тіпті шөлдегенде салқын судан да керемет еді» – деген жауап береді.

Ғалымдар пайғамбарымыздың «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» сүннетін былай теңеген:

السنَّةُ سفينة النجاة

«السنَّةُ سفينةُ نوحٍ مَن ركبها نجا ومن تخلَّف عنها غرق». ذم الكلام للهروي 4/124

«Сүннет құтылу кемесі (сүннет – Нұх пайғамбардың кемесі іспеттес). Оған мінген адам аман қалады. Ал кім оның орнын басқаға ауыстырса онда түншығып, жоқ болады» – деген. (Имам Малик).

Олай болса батыс пен шығыстың анталаған, қаптаған қулық-сұмдығы жайлаған жаһандану заманында сүннеті ұстану әрбір мұсылманға ауадай қажет десек артық айтпаған болармыз. Себебі Пайғамбарымыз Мұхаммед «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» келген қараңғылық дәуірінде арабтардың түнек басқан қараңғы қоғамын Алла елшісі «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» Раббысы үйреткен сүннетпен күндей жарқыратқаны баршамызға мәлім. Оның мыңдаған мысалын келтіруге болады.

Күндердің бірінде Абу Хурайра (одан Алла разы болсын): «Уа Алланың елшісі «саллалаһу әлейһи уә сәлләм», қияметтің күнінде сенің шапағатыңмен ең бақытты болатын адам кім?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі «саллалаһу әлейһи уә сәлләм»: «Кім «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» – деп жүрегімен және жан-тәнімен айтса менің шапағатыма ілесіп, адамдардың ең бақыттысы болары сөзсіз» – деген жауап береді. Бұл жердегі жүрекпен айту сенім болса, жан-тәнімен айту пайғамбарымыздың «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» сүннетін бекем ұстану.

Міне, пайғамбарымыздың шапағатына бөленгісі келген әрбір үмметі оны жанындай жақсы көріп, Алла разылығы үшін істеген әрбір сүннетін бекем ұстағанда ғана бақытқа бөленері хақ.

Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзап» сүресінің 21 аятында:

لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

«Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» – деп ескертеді. Бұдан: «Ақыретте Жаратқан Алланың мейіріміне бөленсем» деген арманы бар әрбір мұсылманға мейірімді Раббымыз: «Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнеге бар» – деу арқылы пайғамбардың сүннетін ұстануға шақырғанын байқауға болады.

Жаратқан Иеміз пайғамбарымыздың «саллалаһу әлейһи уә сәлләм» сүннетін берік ұстанған, Аллаға сүйікті құлдардың қатарынан еткей! Әмин.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз