Рахымды мейірімді бір Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтаулар мен мадақтар әлемдердің раббысы бір Алла Тағалаға болсын, салауаттар мен сәлемдемелер пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (صلى الله عليه وسلم)-ға болсын.
دعاء (дұға) сөзінің тілдік мағынасы – шақыру, өтіну. Ал, діни тұрғыдан алғандаلله دعاء (Алла Тағалаға дұға ету) – “Алла Тағаладан қажетін сұрау, жақсылықты болдыру, не жамандықты қайтару мақсатында Алла Тағаладан медет тілеу” деген мағынаны білдіреді.
Алла Тағалаға дұға етудің мәнісі – пенденің Раббысына деген мұқтаждығын білдіру, қажеті өтелу мақсатында жаратушысына мінәжат етуі. Дұға ету, яғни Алла Тағаладан қажетін тілеу – мұсылман тіршілігіндегі елеулі орын алатын ғибадаттың түрі. Бұған қатысты Алла Тағала “Бақара” сүресінің 186-аятында: “(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын!” деп бұйырған.
Дұға етудің әдептері:
Дәретті болу;
Дұғаны Алла Тағалаға мақтау, Пайғамбарымызға (صلى الله عليه وسلم) салауат айтумен бастау;
Тілекті үш қайтара айту;
Қыбылаға бет қарату;
Екі қолды иық тұсына көтеріп алақанын жаю;
Орташа дауыспен дұға ету;
Дұғаны Пайғамбарымызға салауат айтумен аяқтау;
Дұғада Алла Тағаланың есімдері мен сипаттарын тілге алу;
Алдымен өзі үшін тілек ету;
Шын көңілмен тілеу;
Дұғада әдептілік шегінен шықпау;
Аят және хадисте көрсетілгендей дұға ету;
Алла Тағаладан қажетін жалықпай тілеу;
Тек басына күн туғанда ғана емес, жай уақыттада Алла Тағаланы есінен шығармай дұға етіп жүру;
Тек жақсылық тілеу.
Дұғаның қабыл болу шарттары:
Дұғада ықыласты болу;
Ішіп-жегені, киген киімі халалдан болу;
Дұғам қабыл болмады деп асықпау;
Дұғада ширк амалы болмау.
Қорытындылай келе, Иә, Раббым біздерді Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбетін түрлі күнәләрдан сақтап, дұғамызды қабыл етіп, тура жолға бастай гөр! Екі дүние жақсылығын нәсіп ет! Әмин.
Ақылбеков Марлен
Талдықорған қаласы, «Жетісу» мешітінің ұстазы