https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

КІШІ ШИРК

07 Sep 2021 0 comment Оқылды: 685 рет

 «Серік қосу», яғни араб тіліндегі әш-ширк сөзі «бөлік», «бірнеше құдайлардың барлығы туралы жалған дүниетаным» деген мағыналарды білдіреді Серік қосу сөзінің шариғаттағы мағынасы жоғарыда аталған тілдік мағынасымен тамырлас. Яғни, ол пенденің Алла Тағалаға Оның жаратқан нәрселерінің арасынан бір теңдес жасап алуы немесе Оның билігіне ортақ қосуы немесе Одан өзге пұт тасқа, не адамға, не күнге, не айға, не жұлдызға, және сол сияқты басқа да нәрселерге табынып, сыйынуы.

Алла Тағала былай дейді: « Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған Аллаға деп айт» (Исра, 111);

Құран Кәрімдегі Лұқманның баласына айтқан сөзі: «Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә», – деді» (Лұқман, 13).

Ширктің үш түрі бар (Аллаға серік қосу):

1. Анық ширк – күпірлік (күпір).

2. Жасырын ширк – күнә жасау.

3. Одан да жасырын ширк - рия (көзбояушылық).

Имран ибн Хусайн адамзаттың ардақтысының хадистерінің бірін баяндап былай дейді: «Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқыныштысы – сендер кіші ширк жасап қоя ма деп алаңдауым». Сонда адамдар оның не екенін сұрағанда: «Бір істі көзге көріну үшін жасау», — деп жауап берген. Пайғамбарымыз: «Кішкентай ширктен сақтаныңдар!» – деп ескерте келе, «кіші ширктің» не екенін сұраған сахабаларына, пайғамбарымыз: «Ол – рия», – деп жауап береді.

Алла Елшісі (с.а.у.) «Рия барлық істерді бүлдіріп, толықтай төңкеріп тастайды»,- деген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағыда былай айтқан: «Рия жетпіс бөліктен тұрады. Соның ең төменгісі - ширк. Ширктің ең кішісінен де қорқыңдар!» Одан: «Уа, Алла Елшісі! Кіші ширк дегеніміз не?» -деп сұрайды. Сонда ол: «Егер кімде-кім құлшылығын адамдар көрсін деп жасайтын болса, онда бұл рия. Ал егер ол құлшылығын адамдарға жағу үшін тастап кетер болса, онда бұл ширк», - деп жауап берген.

Ендеше, рия салдарынан кез-келген амалдар, кез-келген құлшылық жарамсыз болып қалады.

Серік қосу Ислам дінінің басты қағидасы –таухидке қарама-қарсы ұғым. Яғни, таухид дегеніміз Алланы бір деп танып, Оны жаратушылық әрі ұлықтық сипаттарында жеке-дара деп біліп, Оған құлшылық қылу болса, серік қосу осыларға керағар әрекет жасау.

Алланың бірлігі – таухид бұлжымас ақиқат, ал серік қосу түкке тұрғысыз алдамшы, жалған нәрсе. Барлық пайғамбарлардың, әулие-әнбиелердің сенімі бірқұдайлық сенім болатын. Алла Тағала былай дейді:«(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрын қандай да бір пайғамбар жіберсек те Біз оған: «Алладан басқа құдай жоқ және Маған ғана табыныңдар» деп уахи еттік». (Әли Имран, 19);

Тағы бір аятта: «Алладан басқа құдай жоқ екендігін біл» (Мұхаммед, 19).

Таухидке қайшы келетін ширкті өте лас іске теңеуге болады. Сондықтан ширк араласқан кез-келген ғибадат лас болып саналады. Осылайша бар құндылығынан арылады.

«Егер олар ортақ қосса еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді» (Әнғам, 88).

Осы тұста ғибадаттар қаншалықты көп, жақсы орындалса да, азғантай ширк араласқан жағдайда ғибадаттың бүкіл құндылығы жойылады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде былай дейді:

-  Мен сіздер үшін ең қорқатын нәрсем – кіші ширк.

Кіші ширк деп үлкен ширкке апаратын істерді немесе Құран мен Сүннетте «ширк» деп аталған, бірақ дәрежесі үлкен ширкке жетпейтін нәрселерді атайды.

Ширктің кіші түріне: көзбояушылық, Алла Тағаладан басқалардың атымен ант ішу, шипа табу немесе көз тимеу үмітімен жіп, моншақ т.б. амалдарыда жатады.

«Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына: «Үмметім үшін ең қауіпті болған нәрсе – кіші ширк»,- деді. Сонда сахабалар: «Уа Расулулла (с.ғ.с.) Кіші ширк дегеніміз не?»- деп сұрады.

– Көзбояушылық, - деп жауап берді.Хадисті Имам Ахмад риуаят етті. 

«Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларына: «Үмметім үшін Масих Дажжәлдан да қауіпті болған нәрсені сендерге айтайын ба?»–деді.

– Ия.

– Ол құпия ширк. Бір адам намаз оқып тұрып, басқаға намазын көркем етіп көрсетуге тырысуы». Хадисті Әбу Масъудтан Имам Ахмад риуаят етті.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалардың үлкен ширк істемейтіндігін жақсы білетін. Кіші ширк деп нақтылап айтқанынан сахабалардың үлкен ширкке жуымағанын білуге болады.

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) адамдар кіші ширк не деп сұрағандарында, ол: «кіші ширк бұл – риякерлік (көзбояшылық)», яғни екіжүзділік,-деп жауап берген.

Алла Тағала өзіне серік қосқанды ешқашан кешірмейді, басқа күнә жасаған пендесін кешіруі мүмкін.

Кім Аллаға серік қосса , ол Раббысына жала жауып, қарсы шыққаны.

«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зарият, 56). Осы аят – Алла Тағаланың адам мен жындарды жаратудағы негізгі мақсатына айқын дәлел болады. Сонымен адамзат пен жындардың жаратылуындағы негізгі мақсат -  ұлы  Аллаға құлшылық етуі. Егер адам Алланың алдына қаншама күнәмен барса да, ширк істемеген болса, Алла оны кешіруі мүмкін. Бірақ ширктен сақталмаған адамға кешірім болмауына төмендегі Құран аяты айқын дәлел болмақ.

«Расында саған да сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте амалың жойылып кетеді де анық зиянға ұшыраушылардан боласың»,-деп уахи етілді» (Зүмәр, 65).

Ендеше бір Құдайға ғана құлшылық қылып, сенімде – серік қосудан, ал амалда –дінде болмаған амалдардан сақ болуымыз қажет.

 

Көксу аудандық Балпық би мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз