Рахымды мейірімді бір Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтаулар мен мадақтар әлемдердің раббысы бір Алла Тағалаға болсын, салауаттар мен сәлемдемелер пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (صلى الله عليه وسلم)-ға болсын.
Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің Исра сүресінің 23-24 аятында ата-ананы құрметтеуді бұйырып: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулерің мен әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, бір себептермен оларға “түһ” деме! Ол екеуіне зекімей, сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішіпейілдікпен мейіріммен құшағын жайып, былай деп дұға жаса: “Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр!”,-де», - деген. Бұл айтылғаннан мақсат – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармау. Ислам ата-ана мәртебесін басқа ешбір дінде болмаған дәрежеге көтеріп, оларға тиісті адамгершілік, әдеп-инабаттылықты Алла Тағаланың жалғыздығына иман келтіру ісінен кейін екінші орынға қойған: “Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспаңдар және ата-анаға жақсылық істеңдер!” (Ниса сүресі, 36 аят).
Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына «Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба?» - дейді. Сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін айтыңыз»,- деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақтан нақақ адам өлтіру, өтірік айту», - деп Аллаға серік қосудан кейінгі үлкен күнә - Ата-анаға қарсы шығу екенін айтқан.
Ислам – адам баласына тура жол мен ақиқатты үйреткен хақ дін. Шариғаттағы кез келген тыйымдар мен үкімдерге қарасақ, тек пенденің жақсылыққа жету жолындағы игілігін көздейді. Сол игілікті істердің ең ұлығы – Ата-анаға құрмет көрсету. Міне жоғарыда айтылғандай Алла Тағала Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Әсіресе бойларынан қуат кетіп, қартайған шақтарында, яғни перзентіне қалай мейірімділік жасаса, енді әке-шешесіне солай мейірімділік танытуды міндеттеді. Мұқтаждықтары көбейген кәрілік шақтарында ата-анаға «туһ» деп айтуға тыйым салады. Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болғанда, Алла Тағала міндетті түрде оданда тыйған болар еді. Ата-анаға қарсы келген перзент қандай амал істесе де, жәннатқа кірмейді. Сол үшін ата-анаға қарайласу, олармен жақсы мәміледе болу Исламдағы ұлы амал болып саналады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анаға құрмет көрсетуді, олардың қызметінде болуды, олардың алғысын алу жайында былай деп өсиет еткен: «Үш дұға ешқандай күмәнсіз міндетті түрде қабыл болады: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы».
Қорытындылай келе, әрбір адам баласы өзінің ата-анасына жақсы қарап, оларды өз қамқорлығына алып, оларға мейірімділік көрсетуге міндетті: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр!». Әмин.
Ақылбеков Марлен
Талдықорған қаласы, «Жетісу» мешітінің ұстазы