https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ілім - амалдардың ең абзалы

06 Sep 2021 0 comment Оқылды: 344 рет

Білім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Себебі, Алла Тағала әуелгі аятын уахи еткенде «Ғәләқ» сүресінің бес аятын түсірді. Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жәбрәйіл: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті» ( Ғәләқ сүресі 1- 5 аяттар) – деп келеді. Демек, ең алғашқы аяттар оқудың маңыздылығын меңзеп тұр. Бұл - Алла Тағаланың біздерге бұйырған әмірі. Осы алғашқы аяттардың өзінде адамзат үшін барлық білім саласын үйрену қамтылып тұр. Тек діни ілім алу парыз да, дүниеуи ілім маңызды емес деген қате түсінік. Қазіргі таңда мұсылман емес мемлекеттер неге қарқынды дамуда?! Өйткені олар білім мен ғылымға аса зор мән беруде. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең болама?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) - деп білімнің артықшылығын және паш етті. Құран кәрімнің алты жүзден астам жерінде білім жайлы айтылған. Және бір нәрсені білмесеңдер ілім иелерінен сұраңдар деп бұйырады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәріпінде: «Ілім алу әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз», — деген. Мұсылман адам жан-жақты болуы тиіс. Өйткені, осынау технология дамыған заманда біз алпауыт ірі мемлекеттермен тең дәрежеде болуымыз қажет, мейлі, ол дін саласында болсын, мейлі дүние саласында болсын. Ал, ондай жетістікке жету үшін өскелең ұрпаққа дұрыс ілім беруге міндеттіміз. Ең бірінші кезекте, мектеп қабырғасындағы балаларға зәру болған діннің тіректерін бойларына сіңіруіміз қажет. Сонда ғана кейін ол балалар діни ілімді де, дүниеуи ілімді де қатар алып жүретін болады. Ілім жолы — жәннат жолы. Ілім алып өзгеге пайдамыз тиіп жатса және имандылқтың артуына себеп болып жатсақ, қаншалықты сауапқа кенелетінімізге мына хадис дәлел болады: «Сенің себебіңнен Алла Тағала бір адамға хидаят берсе, онда ол сен үшін бұл дүниеде болған барлық нәрседен хайырлы».

Қазіргі таңда біз діни білім мен дүниеуи білімді ұштастыруымыз керек. Себебі, біздің алдымызда өткен мұсылман ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын меңгерген еді. Атап айсақ, Әбу Насыр Әл- Фараби - философия ғылымымен қатар математика ғылымына зор үлесін қосқан, жетпістен астам тіл меңгерген, Отырар қаласынан шыққан ірі тұлға. Сондай-ақ, Ибн Сина медицина, физика салаларына үлкен үлес қосқан. Қазақтың ұлы ғалымдары Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, сол заманда өмір кешкен Ақтамберді жырау, Бұхар жырау, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин т.б. тұлғалар көркем әдебиет ғылымын шариғаттан негіз ала отырып, жандандырған.

Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Жеткілікті дәрежеде діни біліміміз болмаса, ғибадатымызға нұқсан болып, тіпті кейбір теріс пиғылды тұлғалардың пайдасы үшін саяси құрбандыққа айналып кетуіміз де ғажап емес. Мұндай келеңсіз жағдайлар тарихта өткен және де соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялануы біздерді қынжылтады.

Иә, Ислам бізге ілім алуды, яғни, дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық! Алла Тағала Құранда бірнеше аятта адамдардың ілімсіздігі мен сауатсыздығынан күнәға түскендігін және олардың бұл білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтындығын білдіреді. Егер сауатсыздық пен білімсіздік кешірімді жағдай болса, Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаға серік қосушыларды «үзірлі пенделер» ретінде баяндар еді. Алла Құранда мүшриктерді баяндағанда оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екендігін, алайда, бұл кемшіліктері олардың тозаққа түсуіне кедергі бола алмайтындығын білдіреді. Сол себепті, күпір мен ширктің бастауы – ілімсіздік. Ілім мен хикмет – мүминнің жоғалған малы, мүмин оны қайдан тапса, бірден бойына сіңіріп алуы тиіс. Дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім. Ілім - амалдардың ең абзалы!

Әрбір саналы адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт-бағдар беретін бірнеше негізгі сұрақтар болады. Діни білім осындай сұрақтарға жауап береді. Дүниеуи және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүрген адамның жеке отбасына ғана емес еліне де берері көп болады. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайтын болады. Бұл оның дүниеде де, ақыретте де жақсылықта болып, екі дүниенің бақытына кенелуіне жол ашады. Барлық ғылымның бастауы қасиетті Құран Кәрімде жатыр. Тарихта бұған дәлел болатын көптеген жағдайлардың бірінге ғана тоқталсақ, Француз ғалымы, теңіздер мен су асты әлемінің сырларын зеріттеуші Жак Ив-Кусто «Екі теңіздің қосылмайтынын зерттеп таптым, жаңалық аштым» дегенде, мұсылман ғалымдары оған Құраннан төмендегідей дәлел келтіреді: «Ағылған екі теңіз қосылады. Екеуінің арасында бөгет бар. Бір-біріне араласпайды. Ендеше, Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?» ( Рахман сүресі 19-21). Құраннан келтірілген осы дәлелге таңқалған Француз ғалымы дереу иман келтіріп, ислам дінін қабылдаған еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрбір білім саласына аянбай өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған сырларын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын, дүниеуи салада болсын қажырлы еңбек етіп, егеменді еліміздің мәртебесін рухани құндылықтар арқылы паш ете алсақ нұр үстіне нұр болары анық!

 

Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің 

Бас имамы Жансерік Өмірсерікұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз