Адамдықтың шыңы, кісіліктің ең үлкен өнегесі, ғибраты – өзгелерге зұлымдық қылмау, берілген аманатқа қиянат жасамау. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 107 аятында:
وَلَا تُجَادِلْ عَنِ الَّذِينَ يَخْتَانُونَ أَنفُسَهُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ خَوَّانًا أَثِيمًا
«Өз-өзіне опасыздық жасап, (хақ жолдан адасып) жүргендерге бола таласып-тартыспа, олардың сөзін сөйлеме. Шүбәсіз, Алла опасыздық һәм күнә жасауда тым шектен шыққандарды жақсы көрмейді» – деп жамандықтың түбі оңбайтынын ұғындырады. Яғни, Раббымыз қиянатшыл, зұлымдық істеушімен дауласып, қадіріңді кетірме дейді. Жаратқан Тағала қарау пиғылды, жаманшылықты сүймейді деу арқылы ондай жамандық атаулыға Алланың мейірімін түспейтінін айтып тұр.
ابن عمر -رضي الله عنهما- أن رسول الله صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قال: المسلم أخو المسلم، لا يظلمه، ولا يسلمه، من كان في حاجة أخيه، كان الله في حاجته، ومن فرج عن مسلم كربة، فرج الله عنه بها كربة من كرب يوم القيامة، ومن ستر مسلما ستره الله يوم القيامة
Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мұсылман мұсылман бауырына зұлымдық қылмасын, қорламасын. Кімде кім бір мұсылман бауырының қажетін өтесе Алла оның қажетін өтейді. Кімде кім бір мұсылман бауырының қиыншылығын жеңілдетсе Алла оның қиыншылығын жеңілдетеді. Кімде кім бір мұсылман бауырының айыбын жапса Алла оның қияметте айыбын жабады» – деген айтылады. (Бұхари, Мүслим).
Алла елшісі осы хадисімен біреу әлдекімнің мал дүниесіне, абыройына нұқсан келтіретін болса оның қайтарымы сөзсіз Алланың алдында болатынын ескертеді. «Ниса» сүресінің 29 аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَن تَكُونَ تِجَارَةً عَن تَرَاضٍ مِّنكُمْ ۚ وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا
«Уа, имна келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризалықшылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек. Солндай-ақ, бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейірімді» – делінеді.
Бұл аят мұсылман адам басқалардың мал-мүлкін адал сауда жолымен немесе разылығымен ғана ала алатыны анық айтылған. Одан бөлек, зұлымдық, қиянат, озбырлық арқылы өзгенің мал-мүлкін иелену дұрыс еместігінен хабар береді.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَنْ كَانَتْ لَهُ مَظْلَمَةٌ لِأَخِيهِ مِنْ عِرْضِهِ أَوْ شَيْءٍ فَلْيَتَحَلَّلْهُ مِنْهُ الْيَوْمَ قَبْلَ أَنْ لَا يَكُونَ دِينَارٌ وَلَا دِرْهَمٌ إِنْ كَانَ لَهُ عَمَلٌ صَالِحٌ أُخِذَ مِنْهُ بِقَدْرِ مَظْلَمَتِهِ وَإِنْ لَمْ تَكُنْ لَهُ حَسَنَاتٌ أُخِذَ مِنْ سَيِّئَاتِ صَاحِبِهِ فَحُمِلَ عَلَيْهِ
Абу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кім бір мұсылманның мал-дүниесіне, абыройына зұлымдық қылса динар-дерхам болмайтын қиямет күнінен бұрын разы қылсын. Егер разы ете алмаса зұлымдық істеген адамына өзінің істеген дүниедегі жақсылықтарының сауабын береді, жақсылығы болмаған жағдайда әлгі адамның күнәсі мойнына жүктеледі» – деп біреудің дүниесі біреуге опа бермейтінін ұқтырады. (Бұхари).
Олай болса мұсылман адам бұл дүниеде ешкімге қиянат қылмауға тырысуы керек.
Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 75 аятында:
وَمِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ مَنْ إِن تَأْمَنْهُ بِقِنطَارٍ يُؤَدِّهِ إِلَيْكَ وَمِنْهُم مَّنْ إِن تَأْمَنْهُ بِدِينَارٍ لَّا يُؤَدِّهِ إِلَيْكَ إِلَّا مَا دُمْتَ عَلَيْهِ قَائِمًا ۗ ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُوا لَيْسَ عَلَيْنَا فِي الْأُمِّيِّينَ سَبِيلٌ وَيَقُولُونَ عَلَى اللَّهِ الْكَذِبَ وَهُمْ يَعْلَمُونَ
«Кітап иелерінің арасында мол қазына-мүлікті аманат етіп тапсырсаң, оны өзіңе толық қайтарып беретіндер бар. Сондай-ақ, бір динардың өзін аманат етіп тапсырсаң, қыр соңынан қалмай қадалып, қайта-қайта сұрамайынша оны өзіңе қайтармайтындар да бар. Мұның себебі – олардың «Надандарға (яғни, кітап иелерінен өзгелерге) не істесек те күнә арқаламаймыз» деп айтуы. Олар біліп тұрып, Аллаға өтірік таңады (яғни, Алла Тағала бізбен ниеттес болмағандарға қиянаттың қай түрін болмасын істеуге рұқсат етті деп өтірік айтады) – деп өзге дін өкілдерінің кейбір жөнсіз қылықтарын сынға алады.
Бұл аятта Раббымыз қиянат қылу, адамдардың ақысына кіру мұсылманға жат екендігін, ондай әрекет мүшіріктер мен яһудилердің ісі екенін айтып отыр.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : ( آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلَاثٌ : إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ )
Абу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мұнафиқтың белгісі – үшеу. Егер сөз сөйлесе өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат қылады» – дейді (Бұхари). Бұл жердегі қиянатты алар болсақ, бір мұсылманның мұсылман бауырының малына, жанына, абыройына, дүниесіне қиянат жасамауы керектігі айтылған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 10 аятында:
وَآتُوا الْيَتَامَىٰ أَمْوَالَهُمْ ۖ وَلَا تَتَبَدَّلُوا الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ ۖ وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَهُمْ إِلَىٰ أَمْوَالِكُمْ ۚ إِنَّهُ كَانَ حُوبًا كَبِيرًا
«Жетімдердің мал-мүлкін жеп, оларға қиянат жасайтындар, расында, қарындарын тек отқа толтыруда. Олар көп ұзамай-ақ (дүниенің отына мүлде ұқсамайтын һәм қуатын бір Алладан басқа ешкім білмейтін) жалын атқан отқа түсіп, әбден шыжғырылатын болады» – деп жетім-жесірдің мал-дүниесін жеудің зардабы ауыр болатынын ұғындырады. Тіпті, қорғансыз жетімнің малын жеп, оған қиянат қылу үлкен зұлымдық, оның жазасы тозаққа жану екені анық көрініп тұр.
عَنْ شَدَّادِ بْنِ أَوْسٍ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : " الْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ ، وَالْعَاجِزُ مَنْ أَتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا وَتَمَنَّى عَلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلّ
Шәдәд Ибн Аус (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Ақылды адам жан дүниесін тазартқан, өлімнен кейінгі жағдайына амал еткен адам. Әлсіз адам нәпсісінің қалауына ере жүріп, Алладан жақсылықты үміт еткен адам» – дегенін жеткізген (Термези). Хадисте алар тағылым – нәпсісіне еріп, өзгелерге қиянат қылған адамның Алладан жақсылықты үміт етуі ақымақтық екен. Осыны Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тікелей айтып отыр.
Мұсылман баласына Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әнфал» сүресі, 27 аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَخُونُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға және пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманатарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар» – деп Алла көрсеткен, пайғамбары жүрген жолдан ауытқымау керектігін санамызға сіңіреді.
عبد الله بن عمرو، أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: أَرْبَعٌ إِذَا كُنَّ فِيكَ فَلاَ عَلَيْكَ مَا فَاتَكَ مِنَ الدُّنْيَا : حِفْظُ أَمَانَةٍ، وَصِدْقُ حَدِيثٍ، وَحُسْنُ خَلِيقَةٍ، وَعِفَّةٌ فِي طُعْمَةٍ
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Бір адамда төрт қасиет болса, басқа ештеңесі болмаса да уайымдамасын. Бірінші – аманатты сақтаушы, екінші – шындықты сөйлеуші, үшінші – мінезі көркем, төртінші – адал кәсібі болған адам» (Имам Ахмад) – деп адамдықтың асқар шыңы асыл қасиеттерде жатқандығын білдіреді.
Міне, жоғарыда мысалға келтірілген барлық аяттар мен хадистер мұсылманды қандай жағдайда да өзгелерге қиянат жасамауға шақырады.
Ескелді ауданның бас имамы Мухамед Ордыбай.