Жаратушымыз адамзатты жаратылысынан үстем етті. Оған өзгелерден ерекше ой-сана берген. Міне, осы ақыл-ой, зейін-зердені дамытып, өз дәрежесінде қолдану қажеттігін Құран кәрімде де айтылған. Қасиетті кітап адамдардың танымы мен түйсігін шектемейді, керісінше, әлемнің әртүрлі құбылыстары мен жер бетін, жануарлар, өсімдіктер, аспан әлемін зерттеп, зерделеуге жол нұсқайды. Осылайша, адам баласына Жаратушының берген ақыл-парасатын пайдаланып, нашар әдеттерден тыйылып, кіршіксіз, адал болуға, таза шындықты үгіттеуді дәріптейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Бесіктен қабірге дейін ілім ізде» деген. Ал, дана халқымыз «Тал бесіктен жер бесіккке дейін ілім ізде» деп өсиеттейді. Бұл ұқсастықтың өзінен ата-бабаларымыздың ұрпағын білім алуға насихаттап отырғанын аңғаруға болады. Сонымен бірге «Білім – өнер қазығы, өнер – өмір азығы» деу арқылы өнер, білім, ілім Алланың берген сыйы деп санаған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ғылым дамыған кезде Ислам да дамиды» делінсе, енді бірінде «Алла тағалаға құлшылық ету үшін ең базалы – дін ілімі. Ал шайтан үшін дін ілімін берген бір ғалым білімсіз мың данадан қауіпті. Әр нәрсенің тірегі бар, ал діннің тірегі - дін ғылымы» дейді. Мұның өзі Ислам дінінің білімді, ой-өрісті жоғары, ілім иелерін бағалайтындығының анық көрінісі. Өйткені, Алла тағаланың адамзатқа берген сыйы – ғұмырын өркениет, медениетті дамытатын, кемелдендіретін ғылымның рөлін үмбеттеріне айқындап көрсету деп ойлаймын. Құран кәрімде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де ғылымның оны нақты көрсетіліп, ал адамның оны игеруі қоршаған орта мен өз жаратылысын дамытуға жасайтын үлесі болмақ.
Сондықтан әрбір пенде тірлігін бос ойын, арзан күлкі, жағымсыз әдеттерге емес, пәни дүниеде де, бақи дүниеде де елге пайдасы тиетін ілім, білім үйренуге жұмсауы қажет. Себебі, білімсіз мұсылман діні – Исламның мән-мағынасын түсіне алмайды. Ондай жанның адасуы да оңай. Бейне қараңғыда жалғыз аяқ соқпақпен келе жатқандай күй кешетіні анық. Ендеше, дініміз бен елдігіміз үшін берері мол ілім-білім алуына ұмтылайық. Иллаһи, иманымыз берік, дініміз тұғырлы, жастарымыз жалынды өсуіне Алла нәсіп етсін.
Әбудардан Таласбай
Алматы облыстық «Жетісу» газеті, 10 , 2010 жыл.