Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз – қараңғы түн сияқты. Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Білім жүректерді тірілтеді, көздерді ашады, ақылды оятады, жанды рахаттандырады. Білім жалғыздықта серік, адасқанда жол көрсетуші. Қасиетті Құранның адамзат баласына түсуінің басты мақсаттарының бірі де – тура діндегі жандарды білім суынан сусындауға шақыру. Құран кәрімде Алла есімі 2800 жерде және Раббы сөзі 950 рет ең көп кездеседі, олардан кейін үшінші Ілім сөзі, ол Құранда 750 рет айтылған. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен. («Алақ» сүресі,1-5 аяттар) Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығы секілді. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирхам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді», – деп айтқан. Құлшылықты адам өзі үшін атқаратын болса, білім ізденуші білімді өзгелерге үйрету үшін алады. Өйткені білім талап етуші үйренген білімі арқылы қоғамның рухани дамуына, ізгілікке қарай өзгеруіне өз септігін тигізетін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім іздену үшін жолға шығатын болса, ол кері қайтқанға дейін Алла жолында болып табылады», – деп айтқан. Сондықтан ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы да білім алу және іздену. Білім жолына шыққан шәкіртке жәрдемдесу, оның жолының ақысы мен оқуының ақысын төлеу, киімі, жейтін тамағы, жатақхана мәселесіне жәрдемдесу, қажетті кітаптарын сатып алу сынды т.б. істер арқылы көмек беру сауабы үзілмейтін садақаға жатады. Яғни білім алып жатқан адамға жәрдемдескен кісі білім үйренуші адамның сауабына тең келетін сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір жақсылыққа нұсқайтын болса, тура сол жақсылықты жасаушы адамның сауабындай сауапқа кенеледі», – деп айтқан.
Жақсылардан қалған мынадай сөз бар: «Білім алушы бол, не білім беруші бол, ең болмағанда оларға жәрдемдесуші бол». Білім жолындағыларға жәрдемдесу адамның ризығының молаюына себепші болады.
Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласын сауатты ететін Алла Тағаланың берген үлкен сыйы.
Білімнің қадірін түсінген ата-бабамыз: «Өнер – ағып жатқан бұлақ,
Ілім – жанып тұрған шырақ», деп білімді бейне қараңғы түнектен алып шығатын жарыққа балаған.
Оның ең басты шарты шынайы ықлас пен ізгі ниетте болу. Өйткені ілім – бітпес қазына.
Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар шыққан, сол Құран мен сүннеттен нәр алып шариғи тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин.
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады » деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады.
Ілім үйренерде мына нәрселерге мән беру керек:
- Көңілін бүкіл жаман халдерден тазалау. Бұл жердегі тазалық тек сыртқы тазалық емес, сонымен қатар ішкі тазалық.
-Бүкіл күш-жігерін ілімге байлау керек! Басқа зианды нәрселерден байланысты үзу! Ойдың, зейіннің бытыраңқы болуы, жинақы болмауы суы бөлінген арыққа ұқсайды. Оңды-солды аққаны үшін бақшаны суара алмайды.
- Іліммен тәкаппарланбау керек! Кейде кебір адамдар ілім үйренуде такаппарлануы мүмкін. Хадистерде екі адам ілім үйренбейді бірі такапар екіншісі жөнсіз ұялшақ делінген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ілім – қазына, ал сұрақ қою – кілті. Сұраңдар – үйреніңдер! Бір сұрақтың арқасында төрт адам сауап алады. Сұрақ қойған, жауап берген, тыңдаған және бұларды жақсы көрген адам» деген.
Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай.
Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы Еділбек Ерімбет