https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ихсан туралы

25 Aug 2021 0 comment Оқылды: 653 рет

«Ихсан» – бағзы заманнан мұ­сыл­мандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын ілім.«Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта ­шынайы болуға тәрбиелейді. ­Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.

Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұх­баттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау» деп жауап береді. Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» дейді.

Біз осы хадистен «ихсан» ілімінің негізгі мәні Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету екенін түсінеміз. Біз Алланы көрмесек те Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық ­жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейді.Адам қандайда бір іс жасар алдында сол ісі жайында егжей-тегжейіне дейін зерттеп зерделеп барып ақ ниетімен істейтін болса, бұндай адамға «Мухсин» дейміз. Ал бұл адамның ісіне «Ихсан» дейміз. Хз. Әли: «Адамдар өз жұмысын ихсан етіп жасауына қарай дәрежеленеді» деген кезде осыны меңзеген.

Құран Кәрімнің «Сәжде» сүресінің жетінші аятында «Алла жаратқан барлық нәрсені ең көркемімен жаратты» дегенде «ихсан» сөзін қолданған. Мәдениеттілік жайында жазылған әдебиеттерде ихсанды көбінесе «Парыз болған амалдармен қоса алғанда міндет болмаған басқа да игі амалдарды шынайы ықыласпен және сүйіспеншілікпен жасау» деген мағынада қолданады.

Рағиб әл-Исфаханидің және басқа ислам ғалымдарының айтқан пікірі бойынша, ихсан әділеттіліктен де жоғары; Әділдік – алған қарызын қайтару немесе алу. Ал, ихсан болса өз міндеті болғаннан артығын беру, алу керек болғаннан азын алу. Осы себептен де әділдікті сақтау міндет (уәжіп), ихсанда болу барлық адамға міндет емес (мәндуп немесе мустахаб).

Құран Кәрімде «ихсан» сөзі жетпістен астам аятта Аллаға да, адамдарға да қатысты түбір сөз, етістік және зат есім түрінде айтылған. Бұл аяттардың кейбірінде «Біреуге жақсылық жасау» немесе «Жасаған ісін ең көркем етіп жасау» деп қолданса, басым көп жерінде ешқандай сипаттамасыз абсолютті мағынада қолданылады.

Дәл осындай қолданыстар Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде де көп кездеседі. Құранда және хадистерде «ихсан» сөзін Аллаға тән қолданғанда «Алла жаратқан барлық нәрсені ең көркемімен жаратты», «Алла сіздерге бейне берді және бейнеңізді ең әдемі етіп жаратты» деген мағынадағы аяттар сияқты, Алланың кемістіксіз жарататынына немесе «Алла саған ихсан еткеніндей сен де ихсан жаса», «Алла оған рызық ихсан етті» мысалдарынан көрініп тұрғандай, бұл Оның пенделеріне деген мейірімділігі мен жомарттығын білдіреді.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Аллам! Жаратылысымды көркем еткеніңдей, әдептілігімді де көркем ете гөр» деген дұғасында қолданған «ихсан» сөзінің мағынасының айырмашылығы жоқ екенін байқадық. Өйткені Алланың іс-әрекеттерінің әсемдігі мен кемелдігі рақымдылығынан.

«Алланың пендесіне деген жомарттығы, тиесілісінен артығымен берілуі, ісінің сәтті болуы» деген мағынадағы ихсан, сөздік кітаптарында көбінесе «Рақым-Әсем» сөзімен бейнеленген және Алланың кімдерге, қай уақытта рахым ететіні, бұл мәселеде адамдар арасында айырмашылық жасамайтыны жайында Муғтазила мен Әһли Сүннет арасында пікір айырмашылығы болған.

Бұл пікір айырымында Муғтазила әділдік қағидасын бірінші орынға қояды. Ал Әһли Сүннет болса, Алланың әділдігі бірінші, алайда одан алдын рахымдылығы келетіні жайында пікір қалыптастырған. Бұл мәселеде Әһли Сүннеттің көзқарасын қабылдаған сопылық ілімінде де, Алла мен пенде арасындағы қарым-қатынастың өлшемін әдептілік тұрғысынан талқылайды.

Сопылық ілімін ұстанушылар барлық сұлулықты, берекені, тіпті бүкіл ғаламшардағы болмысты Алланың пендеге берген сыйы деп санап, Алланың өзінің білдіргеніндей етіп танып және оған қызмет ету керектігіне, кез келген жағдайда шынайы дұға жасап, мейірімділігі мен рақымына бөленуді, жаратылыстың иесі екенін біле отырып, оны тек (жалғыз) деп біліп, бүкіл жан-дүниесімен оны сүйіп, басқа нәрселерді де Алла үшін сүю керек деген пікір қалыптастырған.

Ихсан ұғымы адамға қатысты айтылған аяттар мен хадистерде екі жағдайда қолданылады.

А( Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Жәбірейіл хадистерінің бірінде: «Ихсан Алланы көріп тұрғанындай ғибадат ету. Өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені көреді»] деп айтылған хадисті сопылық ілімінің ғалымдары ихсанның ең маңызды танымы ретінде қабыл еткен және көптеген әдебиеттер жазып барлық ісін ихсанмен байланыстырған.

Фирузабади иманның мәні, рухани кемелділік және ғибадаттың ең жоғарғы мәртебесі болған ихсанды тақуалықпен негіздеген. Шын мәнінде, бұл екі ұғымның мағыналары аят және хадистерде бір-біріне байланыстыра айтылады. Нақты айтар болсақ, «Мәйда» сүресінің 93-аятында ихсанның негізін тақуалық алаңында қарастырған және тақуалықтың ең жоғарғы дәрежесі болғаны байқалады.

Сарқан қалалық мешітінің имамы

Ахан Ерболсын

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз