أكْمَلُ المؤْمِنِينَ إيمانًا أحْسَنهُمْ خُلُقاً
- Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі - мінез-құлқы ең жақсы болғаны. (хадис)
Адам баласын дүниеде және ақыретте құрметті ететін бірден бір қасиет – оның мінезі. Көркем мінез - адам бойындағы ұлы қасиет.
Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы атқару, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптарымен әдептерін сақтай отырып атқару, - деген.
Жаратушы адам баласының өмір сүруін жеңілдету мақсатында адамдар үлгі алатын елшілер жіберіп отырған. Адам баласына тән ортақ құндылықтарды бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға - ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болды. Бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّما بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلاقِ
«Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Алла елшісінің саналы ғұмыры негізінен көркем мінезді дәріптеуге арналды. «Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран кәрімдегі: «(Ей, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер», деген Ағраф сүресінің 199 аятты оқып:
- Көркем мінез - туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, - деп қорытқан. Иә, адам бойындағы көркем мінез-құлықтың көрінісі оның бауырларымен, айналадағы адамдармен болған қарым-қатынасынан байқалады. «Ізеттінің інісі көп» демекші, қоғамға мейірімді, жұмсақ болған адам ғана айналасына шынайы достарды топтастыра алады. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оған мұрын шүйіре қарап, өзінен кем көрмейді», - деген.
Және бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал - Алладан қорқу мен көркем мінез» екенін айтқан.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) батырлығы, өжеттілігімен қатар оның өзінің қарамағындағы адамдарға ерекше мейірімділік, жұмсақтық таныта білген тұлға. Анастан (Алла ол кісіге разы болсын) жеткен хадисте: Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он жыл қызмет атқардым. Ешуақытта маған «уф» деп айтқан емес, бір ісіме неге бұлай жасадың деп айтқан емес.
Басқа бір хадисте: Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешуақытта не әйелге, не қызметшіге қол көтерген емес, деген.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған. «Неге оларға лағынет айтпайсын дегенде:
إِنِّي لَمْ أبْعَثْ لَعَّانًا، وَإنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً"
«Шынында мен лағынет айту үшін жіберілмедім, асылында мен мейірім ретінде ғана жіберілдім» деді.
Имам Хасанның айтуынша, «көркем мінез дегеніміз – кеңпейілдік, жомарттық пен сабырлылық». Ал Имам Ахмад: «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің» деп айтқан екен. Қалай болғанда да, пендеге берілгендердің ішіндегі ең абзалы – көркем мінезділік, адамдардың ішіндегі абзалы да – көркем мінез иесі екені анық. Қиямет күні таразыға қойылған нәрсенің ішінде көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды. Тіпті, көркем мінез иесі күндіз ораза ұстап және түні бойы намаз оқығанның дәрежесіне жетеді.
Алла разылығын іздеген әрбір мұсылман міндетті түрде өзін көркем мінез-құлықпен безендіруі тиіс. Кейбір кісілер бұл мүмкін емес деп айтуы да мүмкін. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген дана Абайдың сөзінен және аят-хадистерден ғибрат алған, қиямет күні сауаптан үміт еткен кісі үшін мүмкін екенін білуіміз керек.
Халифа Мәмун мен бір уағызшының арасындағы мына оқиға жұмсақтықтың уәжіп екендігін көрсетеді.
Бірде бір кісі Мәмунге ауыр-ауыр сөздермен уағыз айтады. Сонда Мәмун:
– Әй, адам, біраз жұмсақ бол! Алла Тағала сенен де жақсы кісіні (Мұса пайғамбар) менен де жаман біреуге (Перғауын) жіберген кезде жұмсақтық көрсетуге әмір етіп: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер! Мүмкін үгіт алар немесе қорқар» деген (Таһа, 44), – дейді.
Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Жұмсақтық қай істе көрініс тапса, оған сән береді. Ал қандай да бір іс жұмсақтықтан жұрдай болса, ол істің сиқы кетеді», – деген. Ешкімді сөзімен және қылығымен ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу де - көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. Жақсымен жақсы қарым-қатынас жасау кім-кімнің болса да қолынан келеді. Алайда, жақсылықтан үрке қашатын жандармен де жақсы қатынас жасай білу - екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазақтың керісіп қалған қауыммен қыз алып, қыз берісіп, мың жылдық құда атануы да ел ынтымағына сызат түсірмеуге тырысуының амалы екен. Қасиетті Құранның Хижр сүресінде: «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол!» (88-аят) – деген аят бар. Ендеше, біздің де бір-біріне түйіле емес, иіле қарайтын қазақ болуға асығуымыз ләзім.
Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي
«Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!»- деп дұға ететін. Алла баршымызды көркем мініезді пенделерінен болуды нәсіп еткей!
Ақсу аудандық орталық мешіті