https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ИХСАН: БІЛУ МЕН ТҮСІНУ

16 Aug 2021 0 comment Оқылды: 438 рет

Құдіреті күшті Алла Тағала адам мен жын затын өзіне құлшылық қылу үшін жаратқанын қасиетті Құрандағы "Зәрият" сүресінің 56-аятында:" Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым"деп айтты. Ал енді құлшылықты Алла көріп тұрғандай орындау- құлдың ихсан дәрежесіне жетуі болмақ. Қарапайым, шаң тозаңындай жақсылық істеу, жақсы ойда болу, жақсы амал жасау сияқты елеусіз нәрселерден бастау алатын ғұмырлық өлшемдер адам баласын түптің түбінде ихсанға жеткізеді. "Сен Алланы көрмесең де, Алла сені көріп тұрғандай құлшылық қыл" деген ұстаным- ихсанның өзегі. Ихсан- рухани толысу, кемелдену. Адам өмірі ерікті және еріксіз құлшылықтан тұрады. Ерікті құлшылыққа исламдағы 5 парыз кірсе, еріксіз құлшылыққа ішіп- жеу, ұйықтау, жұмыс істеу, т.с.с. әрекеттер жатады. Осы екі құлшылықта да пенде Алла көріп тұр деген сипатта болса, онда ол құтылды. "Жоқ кімде кім мухсин болған күйі жүзін Алла үшін туралайтын болса, міне ол үшін Раббысының құзырында сый- сияпат бар. Олар қайғырып сары уайымға салынбайды" деген аятта ихсан мәселесі баяндалған. Ихсан- қандай жағдайда да Алла көріп тұрғандай ғибадат жасау. Біз көрмесек те Алла бізді көріп тұр. Біз үнемі Алла Тағаланың бақылауындамыз. Адамның бақылаушысы- әлемдердің Раббысы. Керісінше ешбір пенде бұл дүниеде ешқашан Алла Тағаланы көре алмайды. Ең бастысы- Алла оны көреді. Сенің шын мәніндегі ғибадатың да Алла көріп тұр деп шын ықыласпен жасаған ғибадатың.

Жәбірейіл періште (а.с.) Алла Елшісіне (Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) адам бейнесінде келіп маңызды 3 сұрақ қойды. Үшінші сұрағында: "Ихсан деген не?"- деді. Сонда Әз- Нәби (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):" Құдайды көріп тұрғандай, оған құлшылық қылуың. Сен Алланы көрмесең де ол сені бәрібір көріп тұр" деп жауап берді. Біз бұдан адам жалғыз болсын, көппен болсын, я қиналып тұрсын, я қуанып тұрсын, қандай жағдайда болсын Алла көріп тұр деген сенімді нық ұстаса, ол ешқашан ұтылмайды. Алла көріп тұр деген адам әсте әбестік қылмайды. Құлшылықтың қай түрінде де ыждағатты, ынсапты болады. Жаратқанның жаратқандарына тілімен де, қолымен де жамандық қылмайды. Жаман ойға ермейді. Ихсан сөзінің тілдік мағынасы " жақсылық", " игілік" ұғымын берсе, шариғаттағы терминдік мағынасы қолға алған істі көркем түрде жасау. Көркем мінез, көркем мәміле бұл да ихсан. Аллаға бойсұнудан басталатын иман келтіру, Алланың бұйырғандарын орындау, Алланың тыйғандарынан тыйылу, тек ізгі іске ұмтылу, рухани жетілу біз қысқаша сөз қылған ихсан ілімінің құндылықтарының бір парасы еді. Жалпы ихсан ілімі- ауқымды ілім. Ол құрсақтан қорымға дейінгі адам өмірін қамтитынын ескерген жөн. Инсанның ихсаны- Иесін тануы. Жаратқан Иесінің бұйрығын Иесі көріп тұрғандай орындауы. Үлгілі болу, рухани іздену, Аллаға деген махаббатқа ұмтылу. Жаратқанға жақын болу қолдан келмес іс емес, ихсан- түс емес.

"Жетісу" мешітінің Бас имамы,
Болат САҒЫНҒАЛИҰЛЫ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз