https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мұсылманға әр кезде жәрдемші болу

09 Jun 2021 0 comment Оқылды: 345 рет

 

Ислам дінінде: «Мұсылман мұсылманның туысқаны, бауыры» – деген ұлы түсінік бар. Жалпы ғалымдар туысқандықты үш түрге бөлген. Бірінші – әке жақтан келетін, рулас, тайпалас, ағайын, аталас туғандар. Екінші – ана жақтан келетін нағашы туысқандар. Үшінші – имандас туысқан. Яғни, бір Аллаға иман келтіріп, бір Пайғамбардың үмбеті болған, бір Құранның үкімімен жүрген, бір сапта намаз оқитын мұсылмандарды имандас туысқандар немесе бауырлар деп атайды. Міне сол имандас бауырлардың сипаты жайлы Алла Тағала қасиетті Құранның «Хашр» сүресінің 8, 9, 10 аяттарында былайша суреттеген

وَالَّذِينَ تَبَوَّؤُوا الدَّارَ وَالإِيمَانَ مِن قَبْلِهِمْ يُحِبُّونَ مَنْ هَاجَرَ إِلَيْهِمْ وَلا يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِّمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

وَالَّذِينَ جَاؤُوا مِن بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالإِيمَانِ وَلا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلًّا لِّلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ

8: «(Сондай-ақ бұл олжа Алла жолында) атамекенінен қуылып, бар дүниелерінен айырылған кедей мұһажирлерге тән. Олар Алланың шарапаты мен разылығын ғана қалайды және Алланың дініне әрі елшісіне жан-тәндерімен қолдау көрсетеді. (Иманда және дін жолындағы қызметте) шынайы болған шыншылдар, міне, солар.

9: Олардан бұрын Мәдинені мекен етіп, иман құшағына оранғандарға келсек, олар өздеріне Алла жолында қоныс аударып келген мұһажирлерді шын жүректен жақсы көреді және оларға берілген олжанынемесе басқа да дүниені іштей қызғанбайды һәм қажетсінбейді. Тіпті, өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді. (Әрине, аңсарлардың да олжадан алатын өз үлесі бар). Кімде-кім нәпсісінің сараңдығы мен ашкөздігінен сақтана алса, мәңгілік азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткен бақытты жандар, міне, солар.

10: Сол мұһажирлер мен аңсарлардан кейін келген (һәм олардың ізін қуған) мүміндер болса Аллаға: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр! Жүрегімізде иман келтірген жандарға деген жеккөрушілік, өшпенділік сынды жаман сезімнің оянуына жол бере көрме! Уа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірбансың, (әсіресе, мүмін құлдарыңа) сондай жанашыр һәм ерекше мейірімдісің» – деп дұға етеді».

Бұл аяттарда Алла Тағала мұсылман жамағатының мұһажирлер мен аңсарлар деп аталған екі қауымы жайлы сүйіспеншілігін баяндаған. Мұһажирлер Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.ғ.с.) бірге атамекенін, туған-туыстарын, мал- дүниесін тастап, тек Алланың разылығы үшін Мәдине қаласына қоныс аударған қасиетті жандар еді. Ал, аңсарлар болса Пайғамбарымыздың келуін шын жүректен жақсы көріп, Пайғамбарымызбен бірге келген мұсылмандарды шынайы ықылас-пейілі мен жанашыр ниетімен қарсы алып, мал-дүниесі мен жылы қабақтарын ұсынған мұсылман жамағаты еді. Жаратқан Раббымыз олардың арасындағы сүйіспеншілікті айта отырып, аңсарлардың жомарттығы мақтауға лайық екендігін ұғындырған. Тіпті, беретін дүниесі жоқ бола тұра рухани жәрдем ұсынғандарын да баян қылған. Міне, мұсылман мен мұсылманның имандас бауыр екенінің көркем үлгісін, өнегесін осы кісілер қалдырған еді. Соған орай Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) оларды бір-біріне бауыр қылып қосқан-ды.

Әнәс (р.а) келген бір хабарда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдинеге келгенде Абдуррахман Ибн Ауф деген Меккелік сахабаны Сағит Ибн Рабиғ деген Мәдинелік сахабаға бауыр қылғаны айтылады. Мәдинелік сахаба бай ауқатты кісі еді. Сол Абдуррахман Ибн Ауфқа:

– Мал-дүниемнің жартысын және жұбайларымның біреуін саған Алла разылығы үшін берейін, – дейді. Абдуррахман Ибн Ауф:

– Алла сенің малыңа және отбасыңа береке берсін! Маған базардың жолын көрсет! – деп сауда-саттық жасаудың жолын сұрайды. Міне, бұл мұсылман бауырлардың бір біріне деген жанашырлығы, сүйіспеншілігі, қамқорлығы еді.

عن أنس بن مالك رضي الله عنه، عن النبي صلى الله عليه وسلم قال: «لا يؤمن أحدكمحتى يحب لأخيه ما يحب لنفسه.» رواه البخاري

Әннәс Ибн Малик (р.а) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Сендердің біреулерің өзіне нені жақсы көрсе оны мұсылман бауырына тілемейінше толық иман келтірген бола алмайды» – дегенін жеткізген (Бұхари). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы хадисімен мұсылманның бауыры адамның жан дүниесінен де артық екенін көрсеткен.

Алла Тағала «Әли Ғимран» сүресінің 103 аятында иман арқылы екі адамды бауыр қылғанын былайша баян етеді:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُواْ وَاذْكُرُواْ نِعْمَةَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنتُمْ عَلَىَ شَفَا حُفْرَةٍ مِّنَ النَّارِ فَأَنقَذَكُم مِّنْهَا كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

«Барлығың да Алланың желісіне (яғни, хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ, Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде біріңе-бірің дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ, кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын осылайша ашық баяндайды».

Бұл аятта Алла Тағала иман арқылы екі адамды бауыр қылғанын, жүректерді жақындатқанын, бір-біріне жанашыр еткенін, сол арқылы нығметке бөлегенін баяндауда. Әдетте, бас пайдасы үшін ғана бір-бірін жақсы көрген адамдардан жанашырлық шықпайтыны ақиқат.

عن أبي هريرة رضي الله عنه قال : قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : ( من نفس عن مؤمن كربة من كرب الدنيا ، نفس الله عنه كربة من كرب يوم القيامة ، ومن يسّر على معسر ، يسّر الله عليه في الدنيا والآخرة ، ومن ستر مؤمنا ستره الله في الدنيا والآخرة ، والله في عون العبد ما كان العبد في عون أخيه ، ومن سلك طريقا يلتمس فيه علما ، سهل الله له به طريقا إلى الجنة ، رواه ابو داوود

Абу Хурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Кім бір мүминнің басындағы дүниенің қиындығын жеңілдетсе Алла оған қияметтің қиындығын жеңілдетеді. Кім қиындықта қалған бір адамға жеңілдік жасап берсе Алла Тағала оған дүние, ақіретте жеңілдік тудырып береді. Кім бір мұсылманның айыбын жапса Алла оның дүние, ақіретте айыбын жабады. Пенде мұсылман бауырына жәрдем берсе Алла Тағала оған жәрдем береді. Кім білім іздеу жолына түссе Алла Тағала оған жәннәттің жолын жеңілдетеді» – дегені айтылған (Әбу Дәуіт).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл хадисімен мұсылман бауырға қатысты үш нәрсені айтқан. Бірінші – қиындықта қалған адамға көмектескен адамға беретін Алланың сыйы дүние, ақіретте болатынынан хабар берсе, екінші – адамның айыбын жабу арқылы дүние, ақіретте өз айыбы жабылатынын айтып тұр. Үшінші – мұсылман бауырының жәрдеміне жараған жанға Алланың жәрдемі, қолдауы, көмегі болатынынан хабар берген. Міне, осылайша «мұсылман – мұсылманға бауыр» деген сөзді тілде ғана емес амал арқылы да көрсету біздердің міндетіміз екендігі белгілі болады.

Ескелді ауданның бас имамы Мухамед Ордыбай

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз