Жақсы сөз жанның жылуы. Халқымыз «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға күш беріп, жігерлендіріп күнәдан тыйып парасаттылыққа бастап отырған. Қазақтын біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлы атамыз
Иллаһи құдая,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтың отынан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта,
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қара жүрек батылдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта.
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта,
Татымсыз қызыңнан сақта,
Ұятсыз ұлыңнан сақта,
Қайырымсыз жекжаттан сақта,
Жалқау бала, тек жат тексізден сақта,
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбырсыз шаңнан сақта!
Жастарында әдеп жоқ,
Өлгеніне батуа жоқ,
Құр айғай, шат-шәлекей даңнан сақта!
Деп жырласа асыл дінімізде пайғамбарымыздан (ﷺ) қалған өсиет хадистер бар: Әбу һурайрадан (р.а.) келген риуаятта пайғамбарымыз (ﷺ) «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, өз көршісіне құрмет көрсетсін, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін», – деген (әл-Бұхари, Мүслим)
Мағынасы: жақсы сөз айту немесе үнсіз тұру яғни, қасыңыздағы адамға жақсы сөз айтпасаңыз, онда үнсіз тұрғаныңыз мақұл. Бұл жағдай адамның иманы кемел екенін көрсетеді. Хадис біздерді нағыз игілікке, тақуалық істердің ең пайдалысына үндейді, иман кемелдігінің және исламның толыққандығының белгілерінің бірі мұсылманның, оған ақыретте пайда келтіретін, қоғамға бақыт, жақсы нәрселер туралы айту екенін түсіндіріп, адамды ренжітетін және оған зиян тигізетін сөздерден аулақ болуға шақырады. Пайғамбар (ﷺ) мұнда Алла тағаланың жазасынан құтқаратын және Оның мейіріміне лайық ететін кәміл иман туралы айтады. Анастың (р.а) сөзінен алынған риуаятта пайғамбарымыз:
«Пенденің иманы оның жүрегінде туралық болмайынша тура болмайды, және тілі туралықта болмайынша, жүрегі де тура болмайды», – деп айтқан. Сондай-ақ, көп сөзден аулақ болуға шақырған хадистің мағынасы – көп сөзділік опат болуға себеп болмақ, ал тілді тыю – амандық кепілі. Ислам адамның өзіне қатысты болмаған іске араласпағанды мақұл көреді. Пайғамбар (ﷺ): «Исламды жақсы ұстанудың белгісі – (адамның) өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тартуы», – деп айтқан. Себебі, мұсылман бір нәрсе туралы айтудан бұрын ойлануы керек. Егер ол сөз еткелі тұрған нәрсесі игілікті, шындыққа сәйкес келетін және сауап-сыйлыққа лайық екенін анық білсе, сөйлесін, ал егер оның сөзі зұлымдыққа апаратын болса немесе өтірік-өсектің тарауына себеп болса, онда сөзден тыйылуға міндетті. Ол адам бұл үшін сауап алады, әрі сөзіне жауапты болмайды. Өйткені Алла Тағала:
«Бір сөз айтса болды, касында дайын бақылаушы тұрады», – деген «Қаф: 18). Аятта айтылған «бақылаушы» сөзі адамның жақсы және жаман амалдарын жазып отыратын екі періштені меңзеп тұр.
Мұсылман тек жақсы сөздерді ғана сөйлеуі керек және қандай жағдайда болса да харам сөздерді айтудан тыйылуы тиіс. Аллаһ тағала мұсылмандарды сипаттап: «Олар бос сөздерден аулак, болады», – деген . Мұндағы «бос сөздер» деген сөз басқа адамдардың намысына тиетін өтірік-өсек, ғайбат сияқты соған ұқсас сөздердердің барлығын қамтиды. Осыған байланысты: «Кімде кім мұсылман бауырының ар-намысын (жақсы сөзбен, жақсы амалмен) қорғайтын болса, Алла Тағала оның жүзін тозақтың отынан қорғайды» деген хадистің мағынасына мән беретін болсақ, мұсылман бауыр үшін айтылған жақсы сөз, жақсы іс әлбетте өзіне жақсылықпен кері қайтатындығын аңғартады. Жақсы сөз сөйлеуге байланысты бірер сөз: - Алла Тағаланың адамдарға жіберген елшілері мен пайғамбарлары ізгілікке, тура жолға жақсы сөздер айтып шақырған. - Жақсы сөз адамдар арасын жақындата түседі, жүректе бауырмашылдық оятып, татулыққа, бірлікке бастайды. - Жақсы сөз айтушы мен тындаушыға жан рахатын сыйлайды. - Жақсы сөз шынайы болады, жалған емес. - Жақсы сөз сөйлеушінің тілі бал, иісі әтір болады. - «Жақсы сөз – садақа». - Өзгеге жақсылық жасағын келіп, бірақ не нәрсемен беретіңізді білмесеңіз, онда жақсы сөз айтыңыз, күлімсіреп қараңыз және көркем мінезбен мәміле жасаңыз. - Жақсы сөз айту – бағасы қымбат емес, ең жақсы сыйлық. - Жақсы сөз – жылағанды жұбатады, шаршағанды басады, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. - Жақсы сөз – отбасыны тұрақты етеді. - «Көркем сөз, тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді» Ақылды адам сөз сөйлегенде, бірінші жүрегінен өткізіп, кейін тілімен айтады. Алғадай ізгілердің ұстанымдары да осы болатын: «Егер айтатын сөзім жақсылыққа бастаса, онда айтамын. Жамандыққа апаратын болса, онда үндемеймін». Жақсылықты қаласақ, өзімізден бастайық. Жақсы сөз – жарым ырыс екендігін ұмытпайық. Алла баршамызды жақсылыққа жақын, жамандықтан аулақ еткей!
Талдықорған қаласы
Нұр мешітінің найб имамы Архынов Айдос