Құдайдан қорқатын адамды «тақуа» деп атаймыз. Тақуалық– Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді.
Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаладан ең көп қорқатыныңыз менмін» деген. Алладан қорқу бір зұлымнан қорқу сияқты емес. Бұл қорқыныш құрмет пен сүйіспеншілікке толы қорқыныш. Ғашық адамдардың өз сүйіктілеріне арнап жазған өлеңдеріне осындай қорқынышта екендігін көрсететін жолдар көптеп кездеседі. Бұл – сүйгенін ренжіту қорқынышы.
Құран Кәрімнің «Фатыр» сүресінің 28-аятында «Ілімі көптің Алладан қорқулары да көп», «Рахман» сүресінің 46-аятында: «Раббының ұлылығынан қорқатын адамға екі жұмақ бұйырады» делінген. «Әнфал» сүресінің екінші және «Хаж» сүресінің отыз бесінші аяттарында: «Мүминдер Алланың есімі айтылған кезде жүректеріне қорқыныш сезімі келетін адамдар» деп көрсетілген. «Нұр» сүресінің 52-аятында: «Алла Тағала мен оның Расулына мойынсұнғандар және Алладан қорқатындар қияметте азаптан құтылады» делінген. Бұл аяттар адамдарды Алладан қорқуға шақырады. «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Алланың алдында ең қадірлі адамдар – Одан қорқатындар» деп бұйырылған. Алланың құдіретінен қорқу, Оны сүю секілді маңызды және құнды амал. Алла Тағаланы тек жақсы көріп, Одан қорықпау, Оны тек жақсылық иесі деп санау, ол күнәларды жазаламайды деп білу — қате пікір. Алла Тағаланың көркем сипаттарымен қоса «әл-Қаһһар» сипаты да бар.
Алла тағала Қиямет күнi белгiлi уақытта адамдарды жинап, бәріне естiртiп: Уа, адамдар! Мен сендердi жаратқан күннен бастап осы кезге дейiн өз ерiктерiңе қойдым. Ендi амалдарыңа есеп бересiңдер. Мен өзiммен қатынас жасаудың жолын белгiледiм. Сендер де өзара мансап, атаққа қарай қатынаста болу жолдарын белгiледiңдер. Алайда, сендер Менiмен қатынаста болудан гөрi, тек өзара қатынаста болуды артық көрдiңдер. Мен: Тәңiрлерiңнiң жанында ең жоғары дәрежеге тақуаларың ие болады, – дедiм. Алайда, сендер бар болғаны: Пәленше ұлы пәленше пәленшеден дәулеттi, – деген сөздi есту мақсатында Маған қарсы келдiңдер. Бүгiн Мен сендермен қатынасымды үзiп, Менiмен қатынаста болғандардың мәртебесiн көтеремiн. Тақуалар қайда?», – дейдi. Осыдан кейiн тақуалар үшiн ту көтерiлiп, олар туға ерiп жәннатқа сұрақсыз кiредi, деген.
Тақуалық – иманнан кейін тұратын мүмінге ғана тән дара қасиет. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жоқ, кім де кім уәдесін орындап, тақуалық танытса, расында Алла тақуаларды жақсы көреді», – деді.
Басқа аятта: «Ей иман келтіргендер, Алладан лайықты түрде қорқыңдар әрі тек мұсылман күйлеріңде ғана жан тәслім етіңдер» – деп өзінің құлдарын тақуалыққа бұйырады. Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) айтады: Бір күні Алланың елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың жәннатқа кірулеріне көбіне не нәрсенің себепші болады? – деген сұрақ қойылғанда Ол: «Алладан қорқу және көркем мінез», – деп жауап берді.
Адам баласы әр iсiне мұқият болып, Қиямет күнi Алла Тағаламен жүздескенге әзiрленуi - тақуалықтан. Тақуалық адамның ішкі сенімі мен соған лайық амалының, сөзі мен ісінің, ғибраты мен әрекеттің арасындағы үйлесімділікпен жүзеге асады. Сондықтан адамның сырт келбеті, шешен сөзі ол адамның тарапынан соған лайық іс атқармайынша тақуалықтың көрсеткіші бола алмайды. Шын мәніндегі адамгершілікпен сипатталатын тақуалыққа жетудің қиындығы да осында. Ішкі сенімнен қуат алған Тақуалық адам бойындағы тұрақтылық, табандылық, сабырлылық сияқты асыл қасиеттерінің нығаюына игі ықпал етеді. Алла тағала айтады: «Игiлiк – намазда жүздерiңдi шығыс, не батысқа қаратуда емес. Бірақ, игiлiк Алла тағалаға, Ақырет күнiне, перiштелерге, Кiтапқа, пайғамбарларға иман келтiруде, өзi жақсы көрген малын туыс-жақындар мен жетiмдерге, кедейлер мен жолаушыларға, жәрдем сұраушыларға және құлдықтан азат ету жолына жұмсауда, намаз оқу мен зекет беруде, уәденi орындауда, қиыншылық пен қасiретке және Алла тағала жолындағы күресте сабырлық етуде. Осы iзгi сипаттарды иеленгендер имандарында кiршiксiз адал болғандар және шын тақуалар» деген.
Убәй (р.а.) Омар ибн Әл-Хаттабтан (р.а.) тақуалық жайында сұрағанда, ол: «Сен тiкенегi бар жолмен жүрдiң бе?», – дедi.
– Иә, жүрдiм.
– Сонда қалай жүрдiң?
– Балағымды қайырып, аяғымды ақырындап басатынмын.
– Мiне, тақуалық дегенiмiз осы, деп түсіндірген.
Маймун ибн Миһран (р.а.) тақуа адамды былайша сипаттайды: «Жолдасының азығы мен киiмi қандай жолмен келiп жатқанына сын көзбен қарағанындай, өзiнiң де iшiп-жегенiне сын көзбен қарамайынша ешбiр пенде тақуа бола алмайды» деген екен.
Ислам жолымен айтсақ, нағыз тақуа мұсылман, ал ғылым тілімен айтсақ ойшыл ғалым, кемеңгер парасат иесі.
Қорыта айтқанда, тақуа пенде мол сауапқа кенеледі, ол екі дүниеде де игілікке бөленеді, тақуа адамның дұғасы әрдайым қабыл болады, тақуалық – күнәлардың кешірілуіне себепші болады. Тақуа құл Хақ Тағаланың разылығы мен сүйіспеншілігіне лайық болады, жәннатты үйі ретінде иеленеді, тақуалық жүректі пәктеп, соның нәтижесінде бүкіл дене жаман қасиеттерден тазарады, Алланың қамқорлығына қол жеткізеді, тақуалық пендені лағнеті шайтаннан қорғайды, тақуа құл Хақ Тағаланың сүйікті құлына айналады. Осы айтылғандар қасиетті Құранда баяндалған. Хақ тағала баршамызға тақуа және Өз разылығына лайық болуымызды нәсіп етсін! Әмин!
Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы Еділбек Ерімбет